Рудный кәсіпкерлерімен кездесуде мемлекеттік бағдарламалардың шарттары, шағын мал шаруашылықтарының қаржыландыруға қол жеткізу мәселесі және салық тәртібін сақтау қажеттігі талқыланды
Рудный қаласында жергілікті бизнес өкілдерінің басын қосқан маңызды жиын өтті. Кездесуде мемлекеттік қаржылай қолдау бағдарламаларының тиімділігі мен салық заңнамасын қатаң сақтау мәселелері кеңінен талқыланды. Жиында сөз алған «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының өкілі Медет Ерболұлы бизнесті дамытуға арналған негізгі қаржылық құралдарға тоқталды.
Бүгінде қор арқылы жеңілдетілген несие беру, пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау және кепілдеме ұсыну бағыттары бойынша біршама жұмыстар жүргізіліп жатыр. Әсіресе, «Іскер аймақ» бағдарламасы бойынша мемлекеттік қолдау алатын қызмет түрлерінің тізімі кеңейді. Енді бұл жүйеге тұрғын және тұрғын емес ғимараттар құрылысы, жүк тасымалы, мектепке дейінгі және қосымша білім беру, сондай-ақ медициналық және стоматологиялық қызметтер енгізілген.
Бұл бағдарламалардың кәсіпкерлер үшін пайдасы орасан. Мемлекеттік субсидияның арқасында қарыз алушы үшін жылдық сыйақы мөлшерлемесі 12,6 пайызды құрайды, себебі банк белгілеген мөлшерлеменің 40 пайызына дейін мемлекет өз мойнына алады. Ал әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері үшін бұл жеңілдік 50 пайызға дейін жетеді. Бұл субсидия үш жылға дейінгі мерзімге беріледі. Сонымен қатар, кепілге қоятын мүлкі жеткіліксіз бизнес өкілдері үшін «Даму» қорының кепілдік беру тетігі де қарастырылған.

Ішкі сауданы жандандыру мәселесі де назардан тыс қалмады. Рудный сияқты моноқалаларда көтерме және бөлшек саудамен айналысатын, сондай-ақ сауда орындарын жалға беретін кәсіпкерлерге несие мөлшерлемесін субсидиялаудың кеңейтілген мүмкіндіктері ұсынылуда (бұл шарт тек автокөлік пен мотоцикл саудасына жүрмейді). Мұнда несиенің ең жоғары сомасы 1,5 миллиард теңгені құрайды. Алайда, мұндай қолдауға ие болу үшін отандық өндірушілерге жағдай жасау шарт: сауда сөрелерінің кемінде 50 пайызын қазақстандық тауарлар иеленуі тиіс.
Шағын, микро және орта бизнесті инвестициялық мақсаттарда қаржыландыру үшін «Өрлеу» бағдарламасы таныстырылды. 7 миллиард теңгеге дейінгі бұл қаражатты өңдеу өнеркәсібі, туризм, ақпараттық технологиялар мен креативті индустрияға бағыттауға болады. Ал өндірістік кәсіпорындар «Өрлеу лизинг» бағдарламасы арқылы қажетті жабдықтар мен техниканы жеңілдетілген шарттармен сатып ала алады. Медет Ерболұлы мемлекеттік қолдау алған жобалардың мақсатты жұмсалуы қатаң тексерілетінін ескертті. Талап бұзылған жағдайда бөлінген субсидия кері қайтарылады. Түсініспеушіліктерді болдырмау үшін «Даму» қоры кәсіпкерлерге тегін кеңес беріп, сүйемелдеу көрсетеді. Толық ақпаратты 1408 нөмірі арқылы алуға болады.
Десе де, кездесуде бизнесті қолдау жүйесіндегі кейбір шикіліктер де ортаға салынды. Атап айтқанда, шағын мал шаруашылығы қожалықтарының мемлекеттік бағдарламаларға қол жеткізуі қиын болып отыр. Қаладан ауылға көшіп, өз қаржысына шаруашылық базасын сатып алған, жұмыс орындарын ашқан жергілікті кәсіпкерлердің бірі қолданыстағы талаптардың тым жоғары екенін жеткізді. Мәселен, мал шаруашылығын 350 миллион теңгеге дейін қаржыландыруды және 85 пайыздық кепілдікті көздейтін «Жайлау» бағдарламасы тек Қостанай облысының оңтүстік аудандарында ғана жүзеге асырылады, ал Рудный бұл аумаққа кірмейді. Қор өкілі бағдарлама талаптары мемлекеттік деңгейде бекітілетінін айтқанымен, шағын қожалықтарды қолдау мәселесі әлі де ашық күйінде қалып отыр.
Кездесудің екінші бөлігі салықтық әкімшілендіру тақырыбына арналды. Бұл бағытта Рудный қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Жанболат Үрикбаев баяндама жасады. Оның мәліметінше, қалада 10 059 салық төлеуші тіркелген, оның ішінде 1694 заңды тұлға, 5276 жеке кәсіпкер және 3089 өзін-өзі жұмыспен қамтыған азамат бар.
Отырыста кассалық тәртіпті сақтау мәселесі сөз болды. Қалада бақылау-касса машиналарын қолданбай, чек бермейтін кәсіпкерлер әлі де кездеседі. Жылдың алғашқы жартысында түсімі мен чегі азайған 1311 салық төлеуші, сондай-ақ POS-терминалы болса да, бақылау-касса машинасын тіркемеген 300-ден астам кәсіпкер анықталған. Салық органдары банк мәліметтері мен есептілікті салыстыру арқылы заңбұзушылықтарды оңай тауып отыр. Сондай-ақ, қолма-қол ақшаға да, банк картасына да чек беру міндетті екені, бұл талап сақталмаса алдымен ескерту, содан соң айыппұл салынатыны ескертілді. Сауда үшін жеке Kaspi Gold шоттарын пайдаланған 23 кәсіпкерге де тиісті хабарламалар жолданған.
Бұдан бөлек, жалдамалы жұмысшыларды жасыру және жалақыны конвертпен төлеу мәселесі көтерілді. Екінші тоқсанда 200.00 нысанын тапсырған 3107 салық төлеушінің 1147-сі (36,9 пайызы) жалдамалы жұмысшыларын мүлдем көрсетпеген, ал 1042-сі (33,5 пайызы) ең төменгі жалақы төлейтінін жазған. Мұндай күмәнді деректер тиісті саладағы орташа жалақы көрсеткіштерімен салыстыру арқылы тексеріледі. Жиын соңында кәсіпкерлерге оңайлатылған декларацияның тиімділігі түсіндірілді: жылдық табысы 2,5 миллиард теңгеге дейінгі кәсіпкерлер бұл режимді пайдаланып, қосылған құн салығынан босатылады әрі салық жүктемесін едәуір азайта алады.
Арай АХМЕТ,
суретті түсірген Сұлтан СЕРТАЕВ