Бұл кездесуде айтылған бір әңгіме ұрпақ тәрбиесі мен адамдық қасиеттер жайлы терең ойға жетелейді
Рудный қаласының Жастар ресурстық орталығында «Адал азамат» идеясы аясында ұйымдастырылған кездесуге қалалық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Жаңбыршы Тілеуғабылов пен Сүндет Молдашев, Жақсылық Кәкенов, Жангелді Жақыпов қатысты. Олар жастармен адалдықтың мәні, отбасы тәрбиесі, білім мен еңбекке көзқарас және мамандыққа жауапкершілікпен қарау жөнінде пікір алмасты.

Ақсақалдардың әңгімесінде отбасының орнына айрықша назар аударылды. Жангелді Жақыпов өз тәрбиесі туралы әңгімелей отырып, ата-ананың қарапайым ескертулерінің өзі адамның өмірлік ұстанымына айналуы мүмкін екенін жеткізді.
Кездесуде жастардың болашақ кәсібіне қатысты мәселелер де қозғалды. Жақсылық Кәкенов оқу орнын аяқтағаннан кейін жұмысқа орналасу, таңдаған мамандығын терең меңгеру, үнемі іздену және кәсіби тұрғыдан өсу қажеттігін еске салды. Бүгінгі еңбек нарығында дипломның өзі жеткіліксіз. Мамандығына қатысты әдебиеттерді оқу, саланың жаңалықтарын бақылау, тәжірибелі мамандардың еңбегін зерделеу және білімді үнемі толықтырып отыру қажет. Әсіресе ақпарат көлемі ұлғайып, технология қарқынды дамыған кезеңде өздігінен білім алудың маңызы арта түсті. Ақсақалдар жастарды бос уақытын тиімді пайдалануға, кітап оқуға және оқыған дүниесін өзгелермен бөлісуге шақырды.
«Айтқан сөздеріміз бен ақ тілектеріміз ойларыңда қалса, соның өзі біз үшін үлкен қуаныш. Сол өсиеттерді өмірде басшылыққа алып, қоғамға пайдасы тиетін азамат болыңдар. Жақсылыққа жақсылықпен жауап беріп, жамандықтан аулақ, жақсылыққа жақын жүріңдер. Жақсылық қаншалықты бойларыңа дарыса, соншалықты азамат болып жетілесіңдер!», – деп Сүндет Молдашев кездесу соңында жастарға ақ тілегін жеткізді.
Мақала соңында Жаңбыршы Тілеуғабыловтың әсерлі әңгімесін, маңызды ойын оқырман назарына ұсынамыз.
Мұхтар Әуезов Әлкей Марғұланнан:
– Сен ғалым ретінде балалар мен жастар туралы жиі қалам тербейсің. Күндердің күнінде мен де, сен де өмірден өтеміз. Бізден кейін қандай жастар келеді? – деп сұрапты.
Сонда Әлкей Марғұлан:
– Апыр-ай, Мұқа! Жақында бір түс көріп едім. Оны ешкімге айтпаймын деп шешкенмін. Бірақ сен сұраған соң айтуға тура келеді, – депті.
– Қандай түс?
– Түсімде бір сиыр өліпті. Оның қасына екінші сиыр келіп, өкіріп тұр екен. Сонда «Менің ұрпағым да осындай болса екен. Қарашы, өзі сияқты мақұлықтың өлгеніне қайғырып, жер тепкілеп тұр», – деп ойладым.
Түсімді әрі қарай көре бердім. Қарасам, жүз шақты есек өліп жатыр екен. Ал олардың арасында бір есек жайбарақат жайылып жүр. «Менің ұрпағым мына есек сияқты болмаса екен», – деп ойладым.
Сол кезде қолына ақшапан киген ақсақал келіп, маған бір зат ұсынды.
– Мә, мынаны ұстасаң ұста, ұстамасаң өзің біл, – деді.
Қарасам, сиырдың бүйрегі екен. Оның төрт бөлек болатынын өзім де білемін, ветеринарлық дәрігермін ғой. Сонда «Ұрпағым оңтүстік, солтүстік, батыс, шығыс болып, жан-жаққа бөлініп кетпесе екен», – деп ойлап жатып, оянып кеттім, – депті.
– Енді түсіңді қалай жорыдың?
– Біліп тұрып бағаламайтын, жақын бола тұра қолдамайтын, шаруасын айтсаң шешпейтін, қуанышыңа ортақтаспайтын, кейін қалғандарды іздемейтін, өзгені менсінбейтін тәкаппар жастар келе жатыр деп жорыдым, – деген екен.
Бұл мінез тек жастарға ғана тән емес, отыз, қырық, елу жастағы аға-әпкелеріміздің арасында да бар. Мұның қалыптасуына өскен қоғам, орта әсер етеді. Ендеше, сендер қандай болуларың керек? Қазір сендер тәуелсіз елде өмір сүріп жатырсыңдар. Ешкім сендерге не айту, не айтпау керегін шектеп отырған жоқ. Сондықтан адамды менсінбеу мен тәкаппарлықтан аулақ болыңдар.
Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ,
суретті түсірген Сұлтан СЕРТАЕВ