Жайдарман лигасының жартылай финалында жеті команда бақ сынап, төртеуі финалға жолдама алды
Жастардың шығармашылығын шыңдап, сахна мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жұмыстардың бірі – жайдарман қозғалысы. Осы мақсатта Рудный қалалық ішкі саясат бөлімінің тапсырысымен «Рудный қаласы жастары арасында КВН қозғалысын дамыту» жобасы жүзеге асырылып келеді. Жақында RUD-LIFE жайдарман лигасының жартылай финалдық ойыны өтті.
Бұл жолғы әзіл додасына Рудный мен Қостанай қалаларынан жеті команда қатысты. Әр ұжым сахнаға өзіндік әзіл өрнегін алып шықты. Қатысушылар күнделікті өмірдегі қызықты жайттарды қағытпаға қосып, тың қойылымдарымен көрерменнің көңілін көтерді. Лиганың ұйымдастырушысы әрі редакторы Қасымхан Ермекбаевтың пікірінше, күзгі маусым көктемгі кезеңнен командалар құрамының жаңаруымен ерекшеленеді. Жартылай финалға шыққан ұжымдар бірнеше іріктеу кезеңінен сүрінбей өтіпті.

«Көктемгі маусымға қарағанда, бұл жолы қызығырақ болады. Жаңа құрамдар, жаңа ойыншылар бар. Үш күн бойы редакция жасап, дайындалдық. Командалар 1/8 және 1/4 кезеңдерінен өтіп, жеті ұжым жартылай финалға жолдама алды. Ойыншылардың бәрі дерлік өз қатарластарымен бақ сынасты», – дейді Қасымхан Ермекбаев.
Финалға «Creative kids» (№13 жалпы білім беретін мектеп), «Новелла» (Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті), «Кішкентай комиктер» (Міржақып Дулатұлы атындағы мектеп) және «Ойлап таппадық» (№13 жалпы білім беретін мектеп) командалары өтті. Бұл төрт команданың екеуі – бастауыш сынып оқушыларынан құралған. Жас ойыншылар сахнада жасқанбай, әзілдерін еркін жеткізіп, көрерменнің ықыласына бөленді. Кей тұста аға буынға да дес бермеді десек, артық айтқанымыз емес. Облыстық деңгейде өнер көрсетіп жүрген командалардың әзілдерін қайта бір саралап алған жөн болар.

Әділқазылар алқасының мүшесі Серікбай Дулат командалардың сахнадағы дайындығына тоқталып, кейбірінің әлі де іздене түсуі керектігін айтты. Сонымен қатар жас қатысушылардың өнеріне жоғары баға берді.
«Кімнің қандай деңгейде екені ойында көрінді. Нашар әзілдегендер де, жақсы өнер көрсеткендер де болды. Барлығы өз бағасын алды деп ойлаймын», – деді ол.
Жайдарман арқылы мәтін жазу, ойды ұштау, ортақ шешімге келу, көпшілік алдында сөйлеу секілді машықтар қалыптасады. Әсіресе, мектеп жасындағы ойыншылар үшін мұның мәні зор. Енді, жартылай финалдың өзінде көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлап, шеберлігін танытқан ойыншылардың шешуші кезеңде қандай өнер көрсететіні қызық.
Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ,
суретті түсірген Даниил САЕНКО