Жазушы Ғабиден Мұстафин барлық шығармасын қарындашпен жазып шыққан. Алдын ала қарындаштарын ұштап қоятын болған. Онере де Бальзак күніне 50 шыныаяқ кофе ішкен екен. Достоевский «Ойыншы» (Игрок) шығармасын карта ойынында қарызынан құтылу үшін жазып шыққан. Ұлылардың өмірі қашан да қызық һәм қым-қиғаш оқиғаларға толы болған. Бұл материалда сол қызықты сәттерден бірнеше мысал беріп отырмыз.
Мекенжайы көрсетілмеген хаттар
Жазушы Виктор Гюго ғұмырының соңғы жылдарында Париждегі өз атымен аталған көшеде тұрған. Ол хатқа мекенжайын жазатын кезде «Құрметпен, Виктор Гюго мырза, оның Париждегі авенюсі» деп жазатын болған екен
Жазушы 1862 жылы санаторийде дем алып жатқан кезінде жақында жарыққа шыққан «Қорланғандар» (Les Misérables, 1862) романына деген оқырман көзқарасын білу мақсатында, шығарманы басып шығарған баспаханаға «?» белгісіндегі хатты жібереді. Ізінше баспадан «!» белгісі бар жауап келеді. Бұл тарихтағы ең қысқа хат жазысу еді.
Өз повесі туралы шығарма
Жазушы Валентин Катаевтің немересі құрбысымен болған қызық оқиғаны айтып берген.
Бір күні немересінің құрбысына әдебиеттен сабақ беретін мұғалім Валентин Катаевтің «Полк ұлы» (Сын полка) повесіндегі Ваня атты кейіпкерге жазушы қандай міндет жүктеген?» деген тақырыпта шығарма жазып келуді тапсырады.
Ол Катевтердің үйіне қонаққа келіп, осы туралы жазушының өзінен сұрап алып, шығарма жазады. Оны оқыған әдебиет оқытушысы «Жазушы мүлде басқа мақсатты көздеген» деп шығармаға 3 деген баға қояды.
Пайдасыз кеңес
Джоан Роулинг «Гарри Поттер және философиялық тас» (Harry Potter and the Philosopher’s Stone) кітабын 1995 жылы жазып бітіреді. Арада бір жыл өткеннен кейін Лондондағы «Bloomsbury» атты шағын баспаға тапсырады. Кітап баспадан шығатын болса да, бас редактор оның табысқа жетуіне күмәнмен қарап, авторға болашақта басқа іспен айналысуға кеңес берген.