Жолдау және салық

Мемлекет басшысы 1 қыркүйектегі Жолдауында елдегі салық жүйесін реформалауды, жаңа салық кодексін дайындауды айрықша атап өтті

Экономиканың тұрақты өсуі салық саясатының түсінікті және болжауға болатындай етіп жүргізілуіне тікелей байланысты – деді Мемлекет басшысы Жолдауда.

Бұдан асырып не айтуға болады? Ел экономикасының негізгі драйверіне берілген шынайы баға әрі толық, әрі нақты анықтама осы.

Біздің қоғам әлдебір келеңсіздік болса, аяқталмаған құрылыс, жөнсіз жоба, бекер рәсуә болған қаржыны көрсе, «біздің салықтан түскен ақшамызды желге ұшырып…» деп әңгіме айтады. Расында солай шығар, бірақ өз салығынан қанша қаржы жұмсалып, қанша қаржы желге ұшып жатқанын тап басып айтып беретін қарапайым қазақ аз.

Ал бұған дейін жазған геология саласы секілді, елдегі екі есеп, бір қисапқа жүйір жандар болмаса, алдындағы бес ешкісінен қанша литр сүт шығатынын, оны қаншаға сатып, қаншасын салық ретінде төлейтінін біле бермейтін, білуді аса қажет деп санамайтын қарапайым жандар үшін салық саласы да «үй сыртындағы» әңгіме.

Цифрлы салық

… Жұмыс барысында бетпе-бет кездесу мүлдем болмайтындай етіп, салықтық бақылау қызметін толық цифрландыру керек – деді мемлекет басшысы Жолдауда.

Ендеше салық саласын цифрлауға назар аударып көрейікші.

Салық төлеу қызметінде «E-Salyq» деп аталатын мобильді қосымша бар. Сіздің салық төлеуіңіз үшін барлық мүмкіндік қарастырылған. Олай дейтініміз осы қосымшаның өзі екі түрлі бағытта жұмыс істейді.

Егер сіз жеке азамат болсаңыз, яғни ешқандай кәсіппен айналыспайтын, қарапайым еңбек адамы болсаңыз «E-Salyq Azamat» қосымшасы сізге арналған деп түсінсеңіз болды. Қазіргі таңда бұл қосымшаны тура сіз бен біз секілді 1,5 млн азамат пайдаланып жүр.

Дәл осы қосымша арқылы сіз мүлік, жер, көлік қатарлы өзіңізге тиесілі меншік заттарыңыздың салығын төлей аласыз. Қосымшадағы қызмет сапасын жақсартып, тұтынушыға, яғни салық төлеушіге тиімділігін арттыру үшін алдағы уақытта тағы бірнеше функция қосу жоспарланып отыр. Олар: чек бермегені немесе банк картасын қабылдаудан бас тартқаны үшін шағым жасау функциясы. Осы орайда «Азаматтық бақылау – Чекті талап ет» акциясын еске алсаңыз болады. Екіншісі – жеке шоттарды қарау, сонымен қатар жолаушылардың кедендік декларациясын ұсыну және т.б.

Егер сіз жеке кәсіппен айналысатын немесе шағын кәсіпкер болсаңыз, сіз үшін «E-Salyq Вusiness» мобильді қосымшасы дайын. Қазіргі таңда дәл сіз секілді 439 мың жеке кәсіпкер осы қосымшаны пайдаланып жүр.

Сіз кәсіпкер ретінде бұл қосымшада тіркелудің жеңілдетілген тәртібін таңдап, салық режимін таңдауға немесе өзгертуге қол жеткізе аласыз. Сонымен қатар БКМ қолданбай чек беруге, фискалдық деректер операторының қызметіне ақы төлеп, әр түрлі анықтамалар ала аласыз.

Ал бұл қосымшаның кәсіпкерлерге тиімдлігін арттыра түсу үшін жеңілдетілген декларацияны (910-нысан) алдын ала толтыру сервисін құру және такси мен жеткізу қызметтері бойынша интернет-платформалармен интеграциялау функцияларын қосу жоспарланып отыр.

Сіз салық төлеуші ретінде салығыңызды жәй тәсілмен өз бетінше Е-Salyq Azamat-та немесе интернет-платформа операторы арқылы автоматты түрде төлей аласыз.

Жаңа Салық кодексі

Осының бәрін жүзеге асыру үшін «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заң қабылдануға тиіс… Мемлекет пен жекеменшік серіктестігінің жаңа үлгісіне көшу керек. Қазір көптеген жоба кейбір кәсіпкерлер мен шенеуніктердің майшелпегіне айналды. Келісім-шарттар ашық және конкурстық негізде жасалуға тиіс. Осы мақсатта тиісті заң қабылдау қажет – деген болатын Мемлекет басшысы өз Жолдауында.

Президент тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында арнайы құрылған жұмыс тобы жаңа Салық кодексін әзірлеуге кірісіп кеткен. Ел ішіндегі салық мәселелерін, оны шешу жолдарын әзірлеу үшін Қаржы министрлігі бизнеспен және халықпен тығыз жұмыс істеуге дайын.

Фискалды реттеу ісін қайта жаңғырту үшін 2023 жылы жаңа Салық кодексі әзірленеді. Оның ең түйткілді тұсы саналатын салықтық әкімшілендіру мәселесі түгел қайта жазылуға тиіс – деді Тоқаев.

Қаржы министрлігінің мәліметіне қарағанда, министрлік ҰЭМ-ге тиісті ұсыныстарды жолдаған.

Олардың қатарында:

— экономиканың түрлі секторларында сараланған салық мөлшерлемесіне көшу;

— салық төлеуден жалтаруды барынша азайту үшін салық режимін жеңілдету;

— салық жүктемесін азайту мақсатында ұйымдардың әдейі бөлшектенуіне жол бермеу;

— теңдестік ставкілермен және қарапайым рәсімдермен бөлшек салықты қолдануды кеңейту;

— «сән-салтанат салығын» енгізу мүмкіндігін қарастыру бар.

2030 жылға дейін жаңа Салық кодексінің негізіне жататын жаңа салық саясаты жөніндегі тұжырымдаманың жобасы қалыптастырылатын болады.

Халық үшін өзі салық ретінде өзі төлеген әрбір тиынның қайда жұмсалғанын білу маңызды. 2023 жылы жаңа Салық кодексі дайындалатын болса, қарапайым азамат бұл мүмкіндікті пайдалана алады деген сенімдеміз. Яғни өз салығы өзіне жұмыс істеп жатқанын білген адам әркез белсенді болары сөзсіз.

Айзат ИБРАГИМ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *