Осы уақытқа дейін көпқабатты үйлердің проблемаларын шешіп, мұқтаждарын өтеуде пәтер иелерінің кооперативтері өзін өзі ақтамағандығына байланысты мүлік иелерінің бірлестігі құрылды. МИБ-тің атқаратын міндеті қандай? Оның артықшылықтары неде? Осы және тағы басқа маңызды сұрақтардың жауабын білу мақсатында тұрғын үй инспекциясы бөлімінің әдіскері Айжан Қошмахановамен сұхбаттастық.
— 2019 жылғы 26 желтоқсанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Кейбір заңнамалық актілерге тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Барлығы 500-ге жуық түзетулер енгізілген. Олар елдің сегіз кодексі мен 21 заңына әсер етті. Оның ішінде пәтер иелері үшін ең бастысы – тұрғын үй қатынастары туралы заң. Осы жөнінде толығырақ айтсаңыз…
— МИБ – дегеніміз заңды тұлға, коммерциялық емес ұйым болып табылады. Яғни, бір үй өзін-өзі басқару ұйымын құрады. Ал, жәй серіктестік дегеніміз — заңды тұлға емес, қазіргі жаңа өзгертулерге байланысты 30 пәтерге дейінгі үйлерді қамтитын болады. МИБ – 30 пәтерден жоғары көппәтерлі тұрғын үйлерге арналған. Тұрғындардың тарапынан қаржы жағына байланысты көптеген арыздар келіп түскендіктен заңға жаңа өзгертулер енгізілді.
— Мүлік иелерінің бірлестігін мемлекеттік тіркеу рәсімі туралы толығырақ айтып беріңізші, қандай тәртіп бойынша қандай құжаттар ұсынылуы керек?
— Айта кету керек, жиналыстың болатыны жөнінде 10 жұмыс күні бұрын алдын ала ескертіліп, хабарландыру іліну керек. Яғни, әр тұрғын жиналыс туралы хабардар болғаны дұрыс. Жиналыста көтерілетін сұрақтардың ең маңыздыларына тоқталсам: МИБ-тіркеу, оған атау беру (атау бергенде өте мұқият болу қажет. Құжаттарды ХҚКО-на тапсырар сәтте Қазақстандағы базада қайталанбағаны жөн) МИБ төрағасын (Төраға сол үйдің тұрғыны болуы шарт), үй кеңесін таңдау және ең басты басқарушы орган – ревизиялық комиссияны сайлау. ХҚКО-на келгенде 1 АЕК бойынша жарна төленеді. Ол барлық үйден жиналады. Ал, жәй серіктестікте дәл солай жиналыс өткенімен төраға болмайды, оның орнына сенім білдірілген тұлға болады.
— Рудныйдың барлық үйлері кондоминиум объектісін басқарудың жаңа түріне ауыса ма?
— Қазақстан бойынша бұл өзгерістер 2022 жыл күшіне енуі керек еді. Бірақ пандемияға байланысты 2023 жылдың 1-шілдесіне ауыстырылды. Яғни, осы сәтке дейін біздің тұрғындар 30 пәтерден жоғары болса, онда МИБ құруға, 30 пәтерден аз болса, жеке серіктестік құруға шешім қабылдауы тиіс. МИБ, жеке серіктестік сервистік компаниялармен келісім-шартқа отырып, үйді күтіп ұстауға болады. Рудный қаласында 8 пәтерлі және 16 пәтерлі үйлер бар. Олар үшін жаңа өзгерістер енгізілуде. Мемлекет басшысы қол қойды, заң күшіне енуі үшін 60 жұмыс күні қажет. Аз пәтерлі үйлер бірігіп бір сервистік ұйыммен келісім-шартқа отырса болады.
— Халыққа МИБ туралы қандай түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырсыздар? Тұрғындардың бұл жаңашылдыққа көзқарасы қалай?
— Біз 2021 жылдан бастап кооперативтердің, тұрғындардың шақыруымен жиналыстар өткізіп жатырмыз. Біздің инстаграм желісіндегі парақшаларымызда түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Егер, тұрғындар заң күшіне енген сәтте таңдау жасамаса, яғни бір келісімге келмесе, тұрғын үй инспекциясы бөлімі 6 ай немесе 1 жылға дейінгі уақыт аралығында сервистік ұйымды таңдап береді. Әр адам өз үйін күтіп ұстауы – парыз екенін есте сақтаңыз!
— Сұхбат бергеніңізге рақмет! Жұмысыңызға сәттілік тілейміз!
Арай Марат