Балабақшада тәрбиеші тапшы

Ыбырай Алтынсарин атындағы Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжінде мектеп оқушылары үшін кәсіби сынақтар өткізілген. Арнайы білім алушыларға колледжде экскурсия жүргізіліп, аталмыш білім ордасының тарихы мен артықшылықтары туралы баяндалды. Тәжірибе жүзінде бітіруші түлектер сөйлеу және математикалық қабілеттерін дамыту бойынша шеберлік сыныптарын өткізді.

Ы.Алтынсарин атындағы әлеуметтік-гуманитарлық колледжде мектеп оқушылары үшін мектепке дейінгі тәрбие және оқыту мамандығы бойынша кәсіби сынақтар өтті. Бір кездері аталмыш білім ордасында оқыған, қазір мұнда оқытушы боп қызмет атқаратын Мақпал Дүйсенова бұл мамандықтың неліктен сұранысқа ие екенін атап өтті. Оқытушының айтуынша, қала балабақшаларында тәрбиешілер жетіспейді.

«Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту мамандығы өте қажет. Қазіргі уақытта тәрбиеші мамандығы сұранысқа ие. Біз колледжге оқуға түскен студенттерге жеке тұлға ретінде қараймыз. Олардың шығармашылығын, ойлау қабілетін дамыту мақсатында жұмыстар жүргіземіз. Табиғаттануды оқыту әдістемесі кезінде біз мектеп бағдарламасын қайталай отырып, эксперименттер жүргіземіз. Қарапайым математикалық ұғымдарды қалыптастыру, тіл дамыту, логопедия негіздері сабақтарында студенттерді жан-жақты дамытамыз. Білім алушылар математика негіздері сабақтарынан да білімдерін нығайтады. Сонымен қоса, әр түрлі тіл ақаулары бар балалармен жұмыс істеуді үйренеді. Біздің студенттер 4 жыл көлемінде мықты маман болып шығады», — деді «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығының арнайы пәндер оқытушысы Мақпал Дүйсенова.

4-курс студенті Эвелина Абакумова бұл мамандықты балалардың көздеріндегі отты байқап, олармен жұмыс істегенді ұнатқан соң таңдағанын айтады. Студенттер келген оқушыларға балалармен жұмыс істеудің қаншалықты қызық екенін, сабақта немен айналысатынын, қандай қабілеттерді дамыту керектігін, мектепке дейінгі тәрбиенің ерекшелігі мен іс- тәжірибесі жөнінде толығырақ мағлұмат берді.

«Біздің колледжде студенттік өмір белсенді өтеді. Әр ай сайын түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Сан алуан конференцияларға, байқауларға қатысамыз. Яғни, студенттік өміріміз қайнап жатыр. Ал, тәжірибе алуға балабақшаларға барамыз. Өз басым № 7 мемлекеттік балабақшаға барып тәжірибеден өттім. Болашақта осы мекемеде жұмысқа орналасу жоспарда бар. Маған тәжірибе өте қатты ұнады, өйткені теориядан тәжірибенің айырмашылықтары орасан зор», — дейді Эвелина Абакумова.

Шараға Рудный мектептерінің 9-сынып оқушылары қатысты. Белсенді, ізденімпаз, бастамашыл жастар жобаға қуана қатысып, кәсіби сынақ туралы жағымды пікірлерін білдірді.

«Бүгін өзіңді дамытуға, әрі шығармашылыққа арналған көптеген ойындар, сондай-ақ ұсақ моторикаға арналған жаттығулар өткізілді. Пайдалы ақпараттарға ие болдық. Негізінен, бұл мамандық мені қызықтырады», — деді 9-сынып оқушысы Стратонова Елизавета.

Айта кету қажет, жақсы және үздік оқитын студенттер төрт жыл қатарынан шәкіртақы алады. Колледждің ауласында жатақхана бар, бұл студенттерге өте ыңғайлы. Басқа облыстар мен қалалардан келген жастар жатақханаға орналасады. Сондай-ақ оқуды тәмамдаған соң аталмыш мамандық бойынша жұмыспен қамтылады.

Зерде Жеңіс

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *