Рудный қаласының тұрғыны Жанар Хасенова 6 жыл бойы наубайхана кәсібін дөңгелетіп отыр. Таза еңбектің арқасында табысқа кенеліп, өзгелерді де жұмыспен қамтып келеді. Ол сапалы, әрі тәтті нан, тоқаштарын Рудный дүкендеріне таратып, қала тұрғындарын өнімдерімен қамтамасыз етуде. Ол көп жылдар бойы отбасы мен кәсіпті қолға алып жүрген көпбалалы ана.
Жас кезінде Қостанай қаласында 2004 жылдан бастап, бір наубайханада жұмыс жасаған. Әрқашан жаңа бәліштерді, тәттілерді пісіруді үйренуге асығатын. Біраз тәжірибе жинап, өз кәсібінін ашуға армандай бастады.
«Отбасыммен ақылдаса отырып Рудный кәсіпті ашу үшін қолайлы қала деп шештік. Ол кездері бәсекелестік баяу болды. Ойланбастан өз қаражатымызға 2017 жылы шағын наубайхана аштық. Алғашқы жылдары қиын болды. Себебі, жұмысшылар тапшылығы орын алды, жұбайыммен бірлесе жұмыс жасадық. Кедергілерге қарамастан тоқтатпадық»,- дейді кәсіпкер.
Бірінші кезде Рудный бойынша 6 дүкенмен келісімшарт жүргізілсе, қазіргі уақытта 30-ға жуық қала және ауыл-аймақтардағы дүкендермен жұмыс жасайды. 2 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп келеді. Кәсіпкердің айтуынша, ыстық бәлішпен, нанда ешқандай химиялық қоспалар мен дәмдеуіштер жоқ.
«Біздің наубайхана барлық керекті құралдармен, пеш, қамырды илейтін жабдықтармен жабдықталған. Бірақ жұмыстын уақытын, әрі адам күшін үнемдейтін қамыр жайғыш құралы жетпеді. Осыған орай, мемлекеттік тиімді бағдарламаларымен таныса бастадым»,- дейді кәсіпкер.
Ия, шыныменде қазір мемлекеттік қолдау шаралары қарқынды жұмыс жасайды. «Бизнес-бастау» 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін гранттар алуға болады. Мемлекеттік грант – нысаналы мақсаты жаңа бизнесті бастау және дамыту болып табылатын қайтарымсыз берілетін бастапқы капитал.
«Кәсібіміз үшін грант алуға ниеттендік. Ол үшін бірінші Рудный қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне барып ақпарат біле бастадым. Маған түсіндіріп, бизнес жоба жазуға нұсқаулық берді. Мен үшін қолайлы, әрі тиімді болды. Өйткені, мен көпбалалы ана болып арнайы санатқа кіремін және жас шектеуі жоқ. Мен басында қолдауды отбасыдан, содан кейін мемлекеттен сезіндім», – дейді Жанар Хасенова.
Кәсіпкердің айтуынша, бірінші кезекте ол кәсіпкерлерге арналған сабақтарды оқып, сертификат алды. Содан business.enbek.kz порталында тіркеуден өтіп, комиссия алдында жобаны қорғау күні белгіленді.
«Қорғау кезінде әрине қобалжу болады. Көбінесе комиссия кәсіптің жаңашылдығына, тиімділігіне қарайды. Оған қоса, кәсіптің барлық егжей-тегжейлерін білуге, кез-келген сұраққа жауап бере алу керек. Осылайша, комиссия мүшелері мені таңдап 1 млн 380 мың теңгені құрайтын грант сомасын ұтып алдым. Ол ақша айтып өткендей, қамыр жайғыш құралына жұмсалды. Бұл біз үшін, халық үшін үлкен қолдау деп білемін. Алғысым шексіз. Жақында қала әкімдігімен ұйымдастырылған жәрмеңкелер мен іс-шараларға қатысып жатырмыз. Болашақта мүмкіндік болса, кәсіпті үлкейтуге жеңілдетілген несие алуға жоспарда бар»,- дейді наубайхана иесі.
Кәсіп ашып, нәсіп табуға ниеттеніп жүрген тұрғындар business.enbek.kz порталына кіріп немесе Пионер көшесі 21 мекен жайында орналасқан Рудный қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне барып ақпарат біле алады. Алдағы уақытта мемлекеттік қайтарымсыз грантының жаңа легі басталмақ.
Сания Сақтаған