Академияда оқу тереңірек білімді талап етеді

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы құқық қорғау қызметіне алғаш рет кіретін адамдар үшін алғашқы кәсіптік даярлыққа іріктеу туралы хабарлайды. Іріктеуге қатысу үшін қандай құжаттарды дайындау қажет? Үміткерлерге қойылатын негізгі талап қандай? Рудный қалалық прокуратурасының прокуроры Қарымсақ Қасымов еліміздің бас қадағалау органына қабылдау жайлы мәлімдеді.

Құқық қорғау қызметіне алғаш рет кіретін адамдар үшін алғашқы кәсіптік даярлыққа іріктеу биыл да жалғасын табуда. Құжаттарды қабылдау 2023 жылғы 23 қаңтардан 23 ақпанға дейін жүргізілмек. Бір кездері өзі оқыған құқық қорғау академиясы жөнінде Рудный қалалық прокуратурасының прокуроры Қарымсақ Қасымов та айтып берді. Оның айтуынша, оқу орнының негізгі мақсаты — қоғамға лайық білікті де, білімді маман шығару.

«Академияда оқу тереңірек білімді талап етеді, бізге құқық қорғау органдарында, тікелей прокуратурада, Бас прокуратурада, облыстардың прокуратураларында жұмыс істеген офицерлер сабақ берді. Тәжірибелерімен бөлісіп, білімдерін ортаға салды», — деп есіне алды прокурор.

Даярлыққа іріктеу аудан/қала прокуратурасының прокуроры (C-RGP-5 санаты) лауазымдарына жүргізіледі, олардың функционалдық міндеттеріне заңда белгіленген шекте және нысандарда Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықтың сақталуын жоғары қадағалауды жүзеге асыру, сотта мемлекет мүдделерін білдіру және мемлекет атынан қылмыстық қудалауды жүзеге асыру кіреді. Ең төменгі жалақы – 164052 теңгені құрайды. Академиядағы емтихан кандидаттың емтихан билетінің қойылған үш сұрағына және Комиссия мүшелерінің қосымша сұрақтарына ауызша жауап беру нысанында өткізіледі.

«2020 жылдың желтоқсан айында біз Қосшы қаласына келіп, қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу құқығы және әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнама пәндерінен емтихан тапсырдық. Емтихан билеттерде бар 3 сұрақтан тұрады, сонымен қатар емтихан алушылар қосымша сұрақтар қоя алады», — дейді прокурор Қарымсақ Қасымов.

Іріктеуден сәтті өткен үміткерлер Академияда алғашқы кәсіптік даярлықтан өтеді. Алғашқы кәсіптік даярлық мерзімі: 1 жыл (Академияда 6 ай оқу + 6 ай тағылымдама). Даярлықтан өту кезеңінде кандидаттар 40532 теңге мөлшерінде стипендиямен қамтамасыз етіледі. Егер даярлықты табысты аяқтаса, кандидаттар құқық қорғау қызметіне қабылданады, бұл ретте лауазымға тағайындау бір мезгілде сыныптық шен беріле отырып, сынақ мерзімінсіз жүргізілетін болады. Кандидаттар құқық қорғау қызметіне тұру кезінде құқық қорғау қызметінде болуына байланысты шектеулерді және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдауға дайын болуға тиіс. Үміткерлерге міндетті түрде Қазақстан Республикасының азаматты болуы шарт, жасы 18 жастан 35 жас аралығында болуы қажет. Сонымен қатар, жоғары заңгерлік білімі болу керек.

Іріктеу тәртібі және алғашқы кәсіптік даярлықтан өту шарттары «Прокуратура органдарына, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке және экономикалық тергеу қызметіне кіретін адамдар үшін алғашқы кәсіптік даярлыққа іріктеудің және оны өткізу шарттарының, сондай-ақ оларды алғашқы кәсіптік даярлықтан шығару негіздерінің қағидаларын бекіту туралы» Бас Прокурордың 2020 жылғы 26 маусымдағы №80, Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2020 жылғы 14 шілдедегі №675 және Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Төрағасының 2020 жылғы 29 маусымдағы №199 бірлескен бұйрығымен реттеледі

Іріктеу жайлы толығырақ ҚР бас прокуратураның ресми сайтынан және Рудный қалалық прокуратураның әлеуметтік желілердегі парақшасынан біле аласыздар.

Академияның анықтама телефоны: 8(7165)16-81-39

Зерде Жеңіс

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *