Алаштың белгісіз бір тұлғасы

Бостандық үшін күресіп, манифест жазып, халықты оятып, азат күнді жақындатқан ағалардың қатары кейінгі жылдары күннен-күнге ұлғайып, «Алаш қозғалысының мүшелері» деген тізіміміз толығып келеді.

Оның себебі сол – «Халық жауы» деген жаламен атылып кеткен демократ көзқарастағы оқығандардың есім-сойын атауға тыйым салған идеологиялық қысым болғаны. Совет үкіметі де, социализм идеологиясы да келмеске кеткен. Ендігі міндет – идеологияның кесірінен ұлт тарихынан сызылып қалған есімдерді жаңғырту. Сондай мұратпен Сабыр Айтқожаұлының (Айтқожин) да аты-жөнін еске алудың реті келген сыңайлы…

Сабыр Айтқожаұлы – Көкшетау аймағының қазағы. Сүйегі – Арғынның Атығайы. 1895 жылдың 29 наурызында туған Сабыр – қазақтың алғашқы журналистерінің бірі.

Сабыр Айтқожаұлы – алаш ардақтыларының тәрбие-тәлімін, өнегесін алған, Қызыл билік орнаған жылдары Сұлтанбек Қожанұлы, Смағұл Сәдуақасұлы, Нығмет Нұрмақұлы, Сәкен Сейфуллиндер сынды замандастарымен қатар коммунистік жолда жүріп, елін бақытты қыламыз деген оймен ғұмыр кешкен, кісі баласына жамандық жасамаған, тіпті тар қамауда отырған сәтінде де бірде-бір әріптесіне я мұраттасына кесірін тигізбей, қайсарлық танытқан ер.

Оның тергеушіге берген сұхбатында: «… Кінәм болса – айтарым едім, Советтер одағына жамандық ойламадым, ашаршылықтан аман қалған еліме қауіп төндіруге бармас едім…» дегенін оқығанымда, оның қандай азамат екенін ойладым. Бірақ Сталин жендеттері кімнің шындығына иланып, кімге сенген еді?!

1938 жылдың 19 наурызында Шымкент түрмесінде Сабыр Айтқожаұлы деген қазақтың бір баласы атылып кеткен болатын… Қырық төрт жасқа толуына небәрі он күн қалғанда зорлық өліммен өледі…

Ол – Қызыл Үкіметке сеніп, сол жолда еңбек ете жүріп, қапияда торға түсіп, алданып өлген ер екен!

P.S.: Іздеушісі де, ұрпағы да қалмаған Сабыр Айтқожаұлының мерзімді басылымдағы сөзін, мұрасын жинастыруды қолға алдық. Әзірге тапқанымыз – екі әңгіме, оннан астам мақала, бір өлең.

Дереккөз: Е. Тоқтарбай, С. Айтқожаұлы мақаласынан үзінді

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *