Өмір мектебінен өткен Жангелді ақсақалдың кейінгі буынға айтар аманаты
Қазіргі қоғамда отбасылық құндылықтарды дәріптеу, шаңырақтың шайқалмауын насихаттау – күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселе. Осы орайда, ажырасудың алдын алып, берекелі де мерейлі отбасы болудың сырын көпті көрген қариялардан, өмірлік тәжірибесі мол ақсақалдардан сұрап білудің маңызы зор.
Бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері – қасиетті Торғай өңірінен шыққан ардагер-ұстаз, білім беру саласында 42 жыл табанды қызмет еткен қадірлі ақсақал Жангелді Жақыпов.
Жангелді ата 1950 жылы дүниеге келген. Өмірінің алғашқы жылдарында тағдыр тауқыметін көріп, 1960 жылға дейін интернатта тәрбиеленеді. Кейіннен әкесі бауырына басып: «Жанымда боласың, қолқанатымсың», – деп қасына алады.
8-сыныпты бітірген соң, Меңдіқара ауданындағы қазақ мектебінде білімін жалғастырып, орта мектепті тәмамдайды. Мектепті аяқтаған жылы қарашаның 11 Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады. Әскери қызметін 1971 жылы қарашада аяқтап, туған ауылына оралғанда, бірден жұмыс тауып кету оңайға соқпайды.
Жастық жалын мен ізденіс Жангелді ақсақалды Меңдіқара ауданына қарасты Талапкер ауылына жетелейді. Онда дене шынықтыру пәнінің мұғалімі тапшы екен. Дипломы болмаса да, спортқа, оның ішінде күреске бейімі бар жас жігіттің спорттық жарыстарда жеңімпаз болған жалғыз грамотасы оның болашақ тағдырын шешіп кетеді. Мектеп басшылығы жас маманның қабілетін танып, 1972 жылдың жазында оны мұғалімдік қызметке қабылдайды. Осылайша, Жангелді Жақыповтың 1995 жылға дейін жалғасқан Талапкердегі ұстаздық жолы басталады.

Кейіннен біліктілігі мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында 1995 жылы Константиновка ауылындағы мектепте директоры болып тағайындалады. Ал екі жылдан соң Қостанай ауданында тарих бағытындағы алғашқы қазақ мектебі ашылғанда, сонда ауысып, зейнетке шыққанға дейін 9 жыл бойы абыройлы қызмет атқарады. 2014 жылы зейнет демалысына шықса да, Жангелді ата бүгінде үйде қарап отырған жоқ – қаланың қоғамдық өміріне белсене араласып, жастар тәрбиесіне қатысты жиындардың ортасында жүреді.
Ұстаздық жолы басталған 1972 жылы Жангелді ата өмірлік серігін жолықтырып, шаңырақ көтереді. Сүйікті жарымен бірге алты перзент сүйіп, оларды қанаттандырды. Барлық перзенті де Меңдіқараның Талапкерінде дүниеге келген. Бүгінде тағдырдың жазуымен кенже қызы өмірден ерте өтсе де, артында қалған ұрпағы атаның көз қуанышына айналған. Қазір ардагер-ұстаз жалғыз ұлының қолында тұрады. Келіні мектепте мұғалім, ұлы зауытта еңбек етеді. Екі немересі атасының алдын кесіп өтпей, өнеге алып өсіп келеді. Сұхбат барысында Жангелді ақсақал қазіргі замандағы бала тәрбиесінің өзгіріп бара жатқанына қынжылыс білдірді:
«Ілгеріде біздің тәрбиеміз мүлдем бөлек еді. «Дастарқан басында бірінші әкең бастасын, үлкеннің алдын кесіп өтпе, ұят болады» деп өсірді. Қазіргі жастар ғаламтор мен ағымдардың жетегінде ме, айтқан ақылымызды кейде ұғына бермейді. Қазір кітап оқымайды, бәрінің зейіні – телефонда. Мен де заманнан қалмайын деп, телефоныма екі дәптер арнап, көкейге түйген, өмірден көрген-білгенімді жазып, жастарға жеткізуге тырысамын», – дейді ақсақал.
Шаңырақтың шайқалмауы кімге байланысты?
Мақаламыздың басты арқауы – жиілеп кеткен ажырасу мәселесі мен отбасы бақытының кілті. Осы орайда Жангелді ата өзінің көпжылдық өмірлік тәжірибесінен түйген басты қағидасын ортаға салды. Сұхбат барысында ол өз жарын ерекше ілтипатпен мақтап, отбасының ұйытқысы әйел адам екенін шегелеп айтты:
«Отбасының жақсы болып кетуі тікелей әйел адамға байланысты. Әйел – үйдің басы, шаңырақтың ұйытқысы. Егер әйел заты күйеуін сыйлап, балаларына: «Бұл – әкең ғой, әкеңді құрметтеңдер» деп үйретсе, ол шаңырақта өскен бала тәрбиелі, үлкенді сыйлайтын азамат болады. Өз кезегінде ер азамат та жарының еңбегін бағалап: «Аналарың демалсын, аналарыңа қолғабыс етіңдер» деп отырса, отбасында шынайы сыйластық орнайды. Бәрі әйелдің ақылы мен парасатына тікелей байланысты».
Кейіпкеріміз Жангелді Жақыповтың өмірінен түйеріміз: отбасының берік, шаңырақтың биік болуының басты сыры – өзара сыйластықта екен.
Жанарай НҰРМАХАНБЕТ,
суретті түсірген Даниил САЕНКО