Экологиялық акция, жасанды интеллект, спорттық бәсеке және «Жастар Fest» – мерекелік апталықтан не түйдік?

Рудныйда Халықаралық жастар күні биыл бұрын-соңды болмаған ауқымда, ерекше леппен атап өтілді. Жылдағы дәстүрлі мерекелік форматтан бөлек, бұл жолғы шаралар бес күнге созылып, жастардың қоғамдық белсенділігін арттыруға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және заманауи дағдыларды меңгеруге бағытталды.
Қаланың түкпір-түкпірінде ұйымдастырылған ауқымды бастамалар мыңнан астам жастың басын қосып, өңірдегі жастар саясатына жаңа серпін берді.
Мерекелік апталықтың шымылдығы Хакім Абайдың туған күніне арналған салтанатты шаралармен ашылды. Жастар ресурстық орталығында «Абай. Уақыт. Мәңгілік» атты интерактивті танымдық ойын өтті. Ойын барысында қала белсенділері ұлы ақынның қара сөздері мен поэзиясын қазіргі заман талабымен ұштастыра отырып, интеллектуалды сайысқа түсті.
Дәл осы күні қала сыртындағы «Параллель» турбазасында «Таза Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында экологиялық лагерь жұмысын бастады. 40-тан астам жас эколог пен белсенді жиналған басқосуда өсімдіктерді көбейту мен жасыл желекке күтім жасау бойынша практикалық шеберлік сабақтары өтті. Шараның спикері Геннадий Ипатов жастарға өсімдіктерді қаламшалау әдісін көрсетіп, табиғатты қорғаудың қарапайым әрі тиімді тәсілдерімен бөлісті.
Сандық білім мен рухани тағылым
Жастар ресурстық орталығында «Болашаққа қадам» атты өңірлік жастар форумы өтті. Жиынға қаладағы алты колледждің студенттері, еріктілер, пікірсайыс қозғалысының өкілдері мен Жастар еңбек жасақтарының құрамындағы 50-ге жуық белсенді қатысты. Форум аясында қаланың қоғамдық өміріне белсене араласып, әлеуметтік бастамаларға үлес қосқан жастарды салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті. Орталық басшылығы жыл басынан бері сенбіліктерде, пікірсайыс турнирлерінде және қайырымдылық акцияларында озық шыққандарды алғыс хаттармен марапаттады.

Форумның білім беру бөлігінде жасанды интеллект жөніндегі маман Никита Вахрушев жастарға заманауи жасанды интеллект құралдарын пайдалану, сайттарды әзірлеу және цифрлық кеңістікте заңды түрде табыс табу жолдарын түсіндірді. Ал психолог Наталья Юсупова қатысушылармен жеке тұлғалық қасиеттерді дамыту және көшбасшылық, командада жұмыс істеу бағытында тренинг өткізді.
«Биыл Халықаралық жастар күнін бес күн бойы атап өтудеміз. Бұл – облыстық Жастар ресурстық орталығы бекіткен арнайы тұжырымдама негізінде жүзеге асып жатқан бағдарлама. Форумға колледждердің ең белсенді студенттері, еріктілер мен Жастар еңбек жасақтарының жастары жиналды. Жыл басынан бері қалалық сенбіліктерге, пікірсайыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрінген жастарды марапаттадық.
Орталығымыз тек мерекелік шаралармен шектелмейді. Жастардың күшімен қаладағы жалғызбасты үш зейнеткерге – екі әже мен бір атаға қамқорлық жасап келеміз. Қыста олардың аулаларын қардан тазалап, тұрақты көмек көрсетеміз. Сонымен бірге «Рудненский добряк» еріктілер штабы арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарына барып, шеберлік сабақтарын ұйымдастырады. Апта сайын тегін кино көрсетілімдерін өткіземіз. Бұл шаралардың барлығы жастардың бойында жанашырлық пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастырады», – деп ақпарат берді Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Ақбілек Шохова.
«Тазалық тазалаған жерде емес, таза ұстаған жерде болады»
Тобыл өзенінің бойындағы МЖК жағажайында «Таза жағалау» атты экологиялық плоггинг акциясы өтті. Плоггинг – жүгіру немесе серуендеу кезінде қоқыс жинауды әдетке айналдырған заманауи экологиялық спорт түрі. Шараға 40-қа жуық ерікті, Жастар еңбек жасақтарының мүшелері мен қала тұрғындары қатысты.

Жарыс форматында өткен акцияда қатысушыларға бір сағат уақыт берілді. Осы уақыт ішінде ең көп пластик, әйнек және жез қалдықтарын жинаған топқа арнайы жүлде тағайындалды. Бастаманың ерекшелігі – жиналған қайта өңделетін қалдықтар экологиялық пункттерге тапсырылып, түскен қаражат қаладағы жануарларға арналған паналау орнына аударылды.
«Плоггинг – жастар арасында бәсекелестік рухты оятатын экологиялық акция. мұндай шараны үшінші рет ұйымдастырып отырмыз. Жиналған қоқысты қайта өңдеу орындарына өткізіп, түскен қаржыны жануарларға арналған паналау орнына аударамыз. Өткен жылдармен салыстырғанда қаламызда, әсіресе жағажай аймақтарында қоқыс деңгейі айтарлықтай азайған. Бұл – «Таза Қазақстан» бағдарламасы мен үздіксіз жүргізіліп жатқан экологиялық ағарту жұмыстарының нәтижесі. «Тазалық тазалаған жерде емес, таза ұстаған жерде болады» деген сөз бар. Барша қала тұрғынын тазалық сақтауға шақырамын», – деп ойымен бөлісті Жастар ресурстық орталығының әдіскері Анастасия Якимовская.
Плоггингке алғаш рет қатысып, белсенділік танытқан Рудный педагогикалық колледжінің студенттері де әсерлерімен бөлісті.
«Бұған дейін мектепте де, колледжде де сенбіліктерге тұрақты қатысатынмын. Плоггингке алғаш рет шығып тұрмын. Мен үшін басты мақсат – жүлде алу емес, табиғатқа, туған қалама пайда тигізу. Табиғатқа жасаған жақсылығың ертең өзіңе игілік болып қайтады. Бұрынғы жылдары қоқыс өте көп болатын, қазір тұрғындардың экологиялық мәдениеті өсіп келе жатқаны байқалады. Бәріміз жұмыла әрекет етсек, қаламыз бұдан да көркейе түседі», – дейді Виктория Серенкова, Рудный педагогикалық колледжінің 2-курс студенті.
Доп додасы
Қаланың спорт алаңдарында жастар арасындағы турнирлер өтті. «Sokol» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде шағын футболдан ашық біріншілік ұйымдастырылды. Турнирге қатысуға өтінім бергендердің қарасы көп болғандықтан, ұйымдастырушылар қатысушылар санына шектеу қоюға мәжбүр болған.

Жарысқа мектеп оқушыларынан бастап 35 жасқа дейінгі жұмысшы жастардан құралған 16 команда қатысып, екі топқа – А және Б тобына бөлініп бақ сынасты. Турнир қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен үздік ойыншылар кубоктармен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
«Бұл құраммен ойнап жүргенімізге үш жылдай болды. Колледжаралық қалалық турнирде жеңіске жетіп, облыстық жарыстарға да қатысқанбыз. Жарыстың ұйымдастырылуы өте жоғары деңгейде. Қалада спортпен шұғылданатын жастардың көп болғаны қуантады», – деп әсерімен бөлісті турнир қатысушысы Арман Кендібаев.
Сонымен қатар бұл күні Рудный қалалық мәдениет және демалыс саябағының арнайы алаңында жағажай волейболынан жарыс өтті. Турнирге Рудный қаласының мектептері мен спорт мектептерінің құрамаларынан бөлек, Қостанай қаласынан арнайы келген «Ханзада» командасын қосқанда жеті ұжым қатысты. Жағажай волейболының халықаралық ережесіне сай, 21 ұпайдан екі партия форматында өткен тартысты бәсекеде жастар жоғары шеберлік танытты.
100 мүсін, 1000 қуаныш
Мерекелік апталықтың түйіні Рудный қалалық мәдениет және демалыс саябағында өткен «Жастар Fest» фестивалімен тарқатылды. Рудный қаласының Жастар ресурстық орталығы мен «Рудненский добряк» еріктілер штабы бірлесіп ұйымдастырған бұл шарада қала тұрғындары мен жастар үшін бірнеше ашық алаң жұмыс істеді.
Фестиваль аясында гипстен жасалған 100-ден астам мүсіншені – ұлттық нақыштағы элементтерді, жануарлар мен қобдишаларды бояу, антистресс-ойыншықтарын қолдан жасау, тарихпен ұштасқан «Lego World» конструкторлық шеберлік сабағы, балалар мен жастарға арналған тегін бет әрлеу алаңдары ұйымдастырылды. Барлық материалдар мен құралдарды ұйымдастырушылар тегін ұсынды. Шара соңы жастарға арналған кешкі дискотекамен ұласты.

Вероника Мин, «Рудненский добряк» қалалық еріктілер штабының жетекшісі:
«Бұл фестивальге дайындық өте ауқымды болды. Мысалы, 100-ден астам гипстен жасалған мүсіншені өзім қолмен құйып шықтым. Жастардың, балалардың қуанышын көру – біз үшін үлкен мәртебе. Жастар саясатында ең бастысы – олардың жүрегіне жол табу. Жастарымызға айтарым: армандаңыздар, жарқыраңыздар, өмірге қуана біліңіздер! Біз ең керемет елде, ашық аспан астында өмір сүріп жатырмыз!».
Фестивальдің өтуіне атсалысқан еріктілер де шараның маңыздылығына тоқталып, жастарды пайдалы іске белсенді араласуға шақырды.
«Балаларға антистресс-ойыншық жасауды үйреттім. Шардың ішіне ұн салып, сыртын сәндеу арқылы балалар өз қолдарымен сыйлық жасап алды. Әлемді, қоғамды өзгерткің келсе, өзгерісті өзіңнен бастау керек. Менің осы әрекетім басқа жастарға үлгі болса деймін. Көшеде текке жүргенше, осындай пайдалы іспен айналысқан әлдеқайда қайырлы. Рудный жастарын мерекемен құттықтаймын!», – деп еріктілердің бірі Мадияр Айтуғанұлы жылы лебізін жолдады.
Рудный жастарының әлеуеті жоғары, қоғамдық істерге белсенді әрі бірлігі берік. Бес күнге созылған мазмұнды шаралар кеншілер шаһарына жаңа серпін беріп, жастардың бойындағы отансүйгіштік пен жауапкершілік сезімін арттыра түсті.
Жанарай НҰРМАХАНБЕТ,
суретті түсірген Даниил САЕНКО