Алыс-жақын қауышатын көрісу күні

Бүгін береке-бірлік пен ырыс-ынтымақ мерекесі – көрісу күні. Қаламыздағы тілдерді оқыту орталығы амал мерекесін тойлауды бастады. Осылайша, қыстан аман-есен шыққанын білдіретін мереке аясында түрлі іс-шараларды ұйымдастырды. Жиналған жұртқа ұмыт болған  ұлттық салт-дәстүрлер дәріптеліп, наурыз мерекесі туралы түсінік берілді.

Елімізде бүгін «Көрісу» дәстүрі басталды. Мерекені тойлауда Рудный халқы да шет қалған жоқ. Шаһарамыздағы тілдерді оқыту орталығы арнайы курс тыңдаушыларының басын біріктіріп, «Наурыз-көктем, жыр-думан» атты іс-шара ұйымдастырған еді. Мерекелік жиынға қатысушылар қазақтың салт дәстүрлерінен түрлі тапсырмалар орындады, жасырылған мақал-мәтілдердің жалғасын тапты.

«Іс-шараның мақсаты – «Наурыз» мейрамына қатысты ақпаратпен бөлісу, мерекенің құндылығын, тәрбиелік мәнін түсіндіру. Бүгінгі мерекелік жиын бірнеше кезеңнен тұрды. Орталығымыз көрісу күніне қатысты іс-шараны бастады және осындай мерекелік жиын 22 наурызға дейін өз жалғасын табады. Бүгінгі қонақтарымызға іс-шара соңында ақ дастарқан жайылып, қазақтың қонақжайлылығын көрсету, дастарқаннан дәм тату жоспарға енгізілген. Іс-шара көңілді, әрі позитивті өтті»,-дейді тілдерді оқыту орталығы басшысының орынбасары Жанат Досубаева.

Амал мерекесінде іс-шараға қатысушылар төс қағыстырып, қол алысты. Сондай-ақ, «Сақина тастау» ұлттық ойыны ойнатылып, ұлыстың ұлы күні жасалатын наурызкөже асы ішілді.  Содан кейін жиналған жұрт «Наурыз» әнін нақышына келтіріп шырқады, әрі қазақ халқының ұлттық биі «Қамажайды» биледі. Іс-шарада қазақтың ұлттық тағамдары жайлы да мол мағлұмат берілген. Орталық басшысы Гүлнар Маратқызының өзі шай дастарқанына қойылатын ұлттық тағам — жентті дайындау әдісін  көрсетіп, құпиясымен бөлісті. Мерекелік шараға қатысушылардың ішінде мемлекеттік тілді меңгеріп жүргеніне 2 жылға жуық уақыт болған Ольга Суздалева да бар.

«Барша көпұлтты халқымызды, барша қазақстандықтарды осы тамаша мерекемен құттықтағым келеді. Барлығыңызға зор денсаулық, мол бақыт тілеймін. Наурыз құтты болсын», — деді Суздалева Ольга.

Іс-шара соңында сабақтарға, әрі бүгінгі мерекелік думанға белсене қатысқан бірқатар тыңдаушылар алғыс хаттармен марапатталып, қазақтың ұлттық тағамдары қойылған ақ дастарқаннан ауыз тиді. Шаттық пен қуанышқа, ақ бата мен молшылыққа толы бұл мерекеде мәре-сәре болған жұрт осы қарқынмен Жыл бастауы – Наурыз мейрамын қарсы алады.

Арай Марат

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *