Барша қазақтың мақтанышына айналған Ахмет Байтұрсынұлының биыл туғанына 150 жыл. Алаш баласының сауатын ашып, елімізді өркениетті мемлекеттердің қатарына қосуды мақсат тұтқан, «Жұрт ұқпаса, ұқпасын жабықпаймын. Ел бүгіншіл, Менікі – ертең үшін» деген Ахмет Байтұрсынұлы болашақ үшін қызмет етті. Туған халқының рухани жаңғыруын тап ондай біліп, сол жолда қалтқысыз қызмет етіп, мәңгі ескірмейтін мол мұра қосқан қайраткер қазақ даласында кемде кем.
Ғасыр басында қазағын «Маса» боп шағып, «Қырық мысалдап» үлгі-өнеге көрсеткен ақын Ахмет, ондаған жылын оқу-ағарту саласына арнаған ұлы педагог, енді ғалымдық арнаға ауысуға мәжбүр болды. 1911 жылы өзінің «Оқу құралы» кітабын шығарды. Бұл – қазақтың тұңғыш «Әліппесі» болатын. Қазіргі қолданыстағы жаңа «Әліппе» ұлт ұстазы негізінде жасалған. «Тіл құрал», «Әліппе», «Оқу құралы» және басқада бірігей еңбектері Ахаңның бізге қалдырған қазыналы мұрасы. Ахмет Байтұрсынұлы қазақ музыкасымен ән-күй өнеріне де терең ой жіберген ғалым. А.Затаевичтің айтуынша, ол шебер домбырашы, әнші болған. Халық әндерін, күйлерін жинаған және олардың шығу тарихын білген, өзі де ән шығарған. Композиторлық дарынының айғағы «Аққұм», «Қарагөз» және басқа да әндер. Мен өз репертуарымда Ахаңның лирикалық әндерінің бірі, халық сүйсіне тыңдайтын «Қарғаш» туындысын айтып жүрмін.
Ахмет Байтұрсынұлы 1913 жылы «Қазақ» газетін шығару арқылы сол кездегі қазақ қоғамының деңгейін жаңа бір дәрежеге, жоғары сатыға көтерді. Заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезов айтқандай, «Қазақ» газетінің дүниеге келуі «Шырт ұйқыда жатқан қалың қазақты дүр сілкіндіріп оятты».
«Қазағым, елім!» деп еңіреп өткен Алаш қайраткерінің ұлтына жасаған ерен еңбегін бағалау, ұлықтау барша қазақ баласының, биліктегілердің парызы. Міне осы мақсатта былтыр желтоқсан айында ел жұртшылығы Қазақстан телеарнасынан «Ахмет.Ұлт ұстазы» телехикаясын тамашалады. Қазіргі уақытта Алматыда Ахаңның өмірі, қоғамдағы істері және, ең бастысы, оның күресі туралы «Соңғы үкім» атты кинофильм түсіріліп жатыр.
Биылғы жылы
халқымыздың ұлы перзенті, ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері, XX ғасырдағы қазақ зиялыларының көш басында тұрған қастерлі жерлесіміз Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде әлемнің бірнеше елінде, алдымен Қазақстанда кең ауқымда тойланбақ.
Бүгінде Ахмет Байтұрсынұлының есімі 32 нысанға берілген: Қостанай өңірлік университеті, 2 мектеп, 28 көше және Қарасу ауылы Ахмет Байтұрсынұлы ауылы болып қайта аталды. 2022 жылы Рудныйдағы №19 орта мектепке Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілетін болады.
Биыл облыс көлемінде «Ахаң жүрген жолмен» ғылыми экспедициясы, қайраткердің мұрасын зерттеуге арналған «Ахмет әлемі» интерактивті порталы, «Байтұрсынұлы оқулары — 2022», облыстық театр сахналарында тақырыптық қойылымдар ұйымдастырылмақ. Келесі оқу жылы кейбір мамандықтар бойынша Ахмет Байтұрсынұлы атындағы гранттар тағайындалады.
Кеншілер қаласында халқымыздың аяулы перзенті, жерлесіміз Ахмет Байтұрсынұлы мерейтойына арналған жоспарлы іс- шаралар жүргізілуде. Жыл басынан бері қала мектептерінде «Ұлт ұстазы» эссе байқаулары, бейнешолулар, «Ахмет Байтұрсынұлы ақын, ғалым, публицист» тақырыбында сынып сағаттары, «Қалам үлгісі» авторлық шығармашылық байқаулары, кітапханаларда «Ахмет Байтұрсынұлының мұрасы» атты тақырыптық бұрыштар, көрмелер, экскурсиялар өтуде.
Қалалық әкімдікте, тілдерді оқыту орталығында, кітапханаларда, музей мен мұражайда, индустриалды институтта, колледждерде, мәдениет үйі мен шығармашылық орталықтарында Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының есімі мен мұрасын қастерлеуге арналған ғылыми – практикалық конференциялар, оқулар, ашық сабақтар, тақырыптық конкурстар, дөңгелек үстелдер, ардагерлермен кездесулер, кітап көрмелері, экскурсиялар, концерттік бағдарламалар мен фестивальдар, спорттық, әскери-патриоттық жиындар мен жарыстар өткізу жоспарланған.
Ахмет Байтұрсынұлы ұлтымыздың ұлы тұлғаларының бірі, халқымыздың бейбіт те берекелі өмір сүруі үшін аянбай еңбек еткен, сол жолда басын бәйгеге тігіп, «тар жол тайғақ кешуден» өткен тұғырлы қайраткер. Ахаңның ұлттық жаңғыру қозғалысы – ұлт болашағының айқын бағдары. Біздің мақсат – азаматтықты ардақтап, Отанымызды одан әрі нығайтып, келер буынға табыстау. Өскелең ұрпақ бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіру. Сапалы білім мен саналы
тәрбие-ұлтымыздың ұлы, ұрпағымыздың ұлағатты болуының кепілі. Ахаң айтқандай «…Басқадан кем болмас үшін, біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Осы керектің жолында жұмыс істеу керек». Ендеше іске сәт, Ұлы дала ұрпақтары!
Жақсылық КӘКЕНҰЛЫ,
Мемлекеттік
қызмет ардагері