Бірлескен шығармашылық орта

Жыл басынан қалалық Жастар ресурстық орталығы 6 мыңға жуық адамды қамтитын 200-ден астам іс-шара өткізді. Іс-шараларды өткізу үшін 7,5 млн теңге бөлінген.

Ресурстық орталықтар қызметінің негізгі мақсаты — жастар ұйымдарын қолдау және дамыту үшін қызметтер көрсету. Бүгінгі таңда орталықта жастардың өзін-өзі дамыту үшін барлық жағдайлар жасалған. Онда бастамашыл топтар, еріктілер және барлық ниет білдірушілер түрлі форматты кездесулер өткізетін коворкинг аймағы бар.

Бүгінде Рудный қаласының аумағында 14 жастан 35 жасқа дейінгі жастар саны 33 747 адамды құрайды, бұл қала тұрғындарының 17%-ы. Қала жастары арасында өткізілетін барлық іс-шаралар ҚР Мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға және жас ұрпақты қаланың қоғамдық-саяси өміріне кеңінен тартуға бағытталған. Бүгінде қала жастарының атаулы және мерейтойлық күндерді мерекелеуге, конкурстық бағдарламаларға, флэшмобтарға, семинарларға, тренингтерге, форумдарға, слеттер мен акцияларға белсенді қатысып жүргенін байқаймыз.

– Апта сайын орталық базасында «Сократ» пікірсайыс клубы жұмыс істейді, онда 47-ден астам адам айналысады. Өткен кезеңде олар мектеп, колледж оқушылары мен жас мамандарды шақыра отырып, 60-тан астам шағын ойын өткізді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыпта полиция қызметкерлерімен 2 қалалық пікірсайыс турнирін өткізді. Сондай-ақ, апта сайын «Жайдарман» мектебі жұмыс істейді. Қаламыздың «Рудный құрамасы» жоғары телевизиялық лигаға кіреді. Биыл 2 команда республикалық ойындарға қатысты. Бүгінгі таңда «Жайдарман»  мектебінде 80-нен астам адам бар, балалар сценарий жазады, әр көріністі пысықтай отырып, сахнада репетиция өткізеді. Орталықтың қабырғасында өтіп жатқан барлық іс-шаралар әрқашан қызық, көңілді өтеді, – дейді жастар ресурстық орталығының әдіскері Ақбілек Шохова.

Сонымен қатар, орталықта «Рудный добряк» еріктілер штабы үзіліссіз көмек көрсетуге дайын. Түрлі іс-шараларға, акцияларға, форумдарға қатысатын және ең қызықты және креативті идеялардың қозғаушы күші болып табылатын белсенді жастар, өмірлік қиын жағдайға тап болған тұрғындарға тынымсыз көмектесуде. Ұйым мүшелігінде: мектеп оқушылары, студенттер және жас мамандар қатарынан 60-қа жуық адам. Еріктілер ұйымының жетекшісі Вероника Миннің айтуынша, оларға 14 пен 35 жастағы жастар ғана емес, 12 жасар балалар мен егде жастағы қала тұрғындары көмектесуге келеді.

– Көмек физикалық тұрғыда болуы міндетті емес, әдетте олар қажет заттарды әкеледі, кейбір сұрақтарда кеңес береді. Біз қаламыздың «Мерей» орталығы, екі психо-неврологиялық интернат және қарттар үйімен бірлесе жұмыс істейміз. Кездесу барысында ойындар ұйымдастырамыз, би және сурет салу бойынша әртүрлі шеберлік сабақтарын өткіземіз. Онда тұратын адамдар олар қозғалысқа өте шектеулі және барлық уақыттарын сонда өткізеді, ал біз оларға жақсы көңіл-күй сыйлағымыз келеді, – деді ұйым жетекшісі.

Жастар ресурстық орталығы арнаулы әлеуметтік қызметтер орталықтарымен белсенді ынтымақтасады, аумақты тазартуға көмектеседі, дәстүрлі емес кескіндеме сабақтары, ойын және демалыс бағдарламасы сияқты бірлескен қалалық іс-шараларды өткізеді. Сонымен қатар, орталық қызметкерлері заңгерлік қызметтерді көрсетеді. Ол кабинет кез келген азаматқа тегін негізде құқықтық сауаттылықты жоғарлатады. Орталық басшылығының айтуынша, Рудныйлықтар көбінесе алимент тағайындау, кәсіп ашу, өз құқықтарынды қорғау секілді тақырыптарға сұрақтар қоюға келеді. Орталық 14-35 жас аралығындағы әрбір Рудныйлықтан қолдау тауып,үзді жобалар жүзеге асырылатын орын ретінде өз міндетін лайықты орындауды жалғастырады деп сенеміз.

Сания Сактаган

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *