Жарнама тілі түзелмей, мін түзелмейді

Тіл туралы заңнаманы бұзған кәсіпкерлер айыппұл арқалайды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында мемлекеттік тілдің мәртебесіне тоқталды. Президент қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала беретініне баса назар аударды.  Елімізді мекендеген өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеруі бүгінгі күннің өзекті мәселесі екендігі барлығымызға белгілі. Ал, бұл ретте қалалық тілдерді оқыту орталықтары бірқатар жұмыстарды атқаруда. Орталықтың жұмысына көшедегі түрлі-түсті жарнамалардың сауатты жазылуын тексеру де кіреді.

Жарнамалардың қателерінен көз сүрінеді. Қаламыздағы түрлі нысандағы жарнама, хабарландырудың сауатты жазылуы – аса маңызды мәселе. Кәсіпкерлер Қазақстан Республикасының 2021 жылғы 29 желтоқсандағы № 94 «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат және діни қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңынан мүлдем бейхабар. Оған сәйкес, көшедегі түрлі түсті хабарлама, жарнама, баға белгілері, мәзірлер, маңдайшалар және басқа да көрнекі ақпараттар мемлекеттік тілде болуы тиіс.

«Тілдерді оқыту орталығының мамандары Қазақстан Республикасының тіл туралы заңына сәйкес, барлық қаладағы дәріхана, базар және дүкендерге рейдтік іс-шара жүргізді. Рейдтің мақсаты – жарнамалардың мемлекеттік тілде болуын қадағалау және олардың дұрыс жазылуын тексеру. Біз бүгін қаладағы шаштараздың бірінде болдық. Онда өрескел қате жіберілген. Сөздердің аудармасы дұрыс емес. Шаштараздың иесіне ескерту жасадық. Егер 1 жыл ішінде жарнамадағы қателіктер түземесе, 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Барлық қала тұрғындарына, дүкен басшыларына, кәсіпкерлерге жарнамадағы қателіктерді түзеуге атсалысуларыңызды сұраймын», — деді тілдерді оқыту орталығының әдіскері Елдана Булегенова.

Орталық әдіскерімен бірге бірнеше нысанды араладық. Кейбір дүкендердің қазақ тіліндегі атауы болмай шықты. Дүкен иелеріне бір жолғы ескерту жасалды. Егер, 1 жыл ішінде маңдайша өзгермесе, Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілік арқалайтынын еске саламыз. Ал, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекеттер жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

Көзімізге түрлі-түсті жарнамалардың орфографиялық қана емес, лексикалық қателері де оттай басылды. Қала тұрғындары да көшедегі жарымжан жарнамаларды жиі байқайтын болып шықты. Олардың айтуынша, қаладағы көше атаулары да қазақшалануы керек.

«Рудный қаласының тұрғынымын. Қазақша атау көп жерде жоқ. Кейбір мекемелердің жұмысшылары да мемлекеттік тілді білмей жатады. Сондай-ақ көше атаулары да қазақша болса дейміз», — деді Ақтамұрат Жайсанов.

Көрнекі ақпараттармен танысу барысында бірнеше кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мемлекеттік тілдің бұрмалануына немқұрайлы қарамайтын тіл жанашырлары болса, кез келген жерде көрген қазақша қателіктерді мүмкіндігі болса суретке түсіріп немесе мекенжайын жазып алып, қалалық тілдерді дамыту басқармасына әкелсе болады. Барлық сұрақтар бойынша 4-87-13 телефонына хабарласыңыздар.

Арай Марат

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *