Мемлекеттік кірістер басқармасындағы бірқатар өзгертулер

Рудный қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасында 2023 жылы салық заңнамасы нормаларының өзгерістерін түсіндіру, салық міндеттемелерін орындау және салық заңнамасын бұзушылықтардың алдын алу бойынша салық төлеушілердің сауаттылығын арттыру мақсатында халықпен кездесу өтті.

Жиын барысында мамандар жалпыға бірдей декларациялауға кезең-кезеңмен көшу тәртібін, декларацияны ұсыну тәсілдері мен мерзімдерін, Е-Salyk Azamat, Е-Salyk Business және SalykBot мобильді қосымшалары туралы түсіндірді, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері және басқа да өзекті тақырыптар қамтылды.

Басқарманың функцияларына өкілеттіктері шегінде мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігін, кәсіпкерлік қызмет субъектілерінің, қоғамның және мемлекеттің заңды құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз ету, сонымен қатар салықтардың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің толық және уақтылы түсуін қамтамасыз ету жұмыстары кіреді.

«Мемлекеттік кірістер комитеті ағымдағы жылдың 17 шілдесінде, жалпыға бірдей декларациялау бойынша салық есебін қағаз түрінде қабылдау мерзімін тоқтатты, электрондық түрде 15 қыркүйекте аяқталады. Қазақстанда 1 қаңтардан бастап жалпыға бірдей декларациялаудың екінші кезеңі басталды. Бұл кезеңде активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны (250.00-нысан) алғаш рет мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері мен олардың жұбайлары ұсынады», — деп атап өтті Рудный қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Жанылсын Утепова. 

Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны электрондық түрде «Салық төлеушінің кабинеті (cabinet.salyk.kz)», «Электрондық үкімет» порталы (egov.kz)», сондай-ақ «eSalyq Азамат» мобильдік қосымшасы (ЭЦҚ кілтінсіз) арқылы ұсынуға болады.

Бөлшек сауда салығы бойынша өндірістік емес төлемдер бөлімінің басшысы Ербол Жақсыбаевтың айтуы бойынша, биыл наурыз айынан бастап «Банкроттық туралы заң» өз күшіне енді. Банктер мен микрокредиттік ұйымдар алдында берешегі бар азаматтар, банкроттыққа өтініш беру мүмкіндігіне ие болды. Заңды іске асырудың мақсаты — қаржы жүйесінің тұрақ­тандыру, азаматтардың борыштық жүктемесін төмендету мен әлеуметтік шиеленісті болдырмау . Банкроттық туралы заң рәсімнің үш түрін көздейді, олар – соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Бұл рәсімдерді тек қарыз алушы ғана бастай алады, кредитордың борышкер банкроттығын беруге құқығы жоқ. Жеке тұлғалардың банкроттық рәсімдері туралы толығырақ толық түсіндірді.

«Мемлекеттік кірістер басқармасы тек соттан тыс банкроттық істерді қарастырады. Оң шешім жауабын алу үшін келесі талаптарға сай болу керек: жеке тұлғаның банк, микроқаржы ұйымы және коллекторлық агенттік алдындағы қарызы 5,5 млн. теңгеден аспау тиіс. Осыған қоса: атында мүлкі болмауы , өтініш берген күнге дейін 12 ай қарызын төлей алмағандығы жайлы банктен анықтама алуы тиіс.Қазіргі уақытта 139 адам бізге жүгінді. Оның 40 өтініші мақұлданды, қалғаны талаптарға сай емес»,- дейді Құқықтық жұмыс және өндіріп алу бөлімінің басшысы Қанат Шайкемелов.

Банкрот болып тынылған азаматтар 5 жыл ішінде несие ала алмайды, 7 жылдан кейін ғана қайта банкроттыққа жүгіне алады және қаржылық жағдайы банкроттықтан кейін үш жыл бойы тексеріледі.

Жалпыға бірдей декларациялау тәртібі, оның кезеңдері туралы салық төлеушілермен жұмыс бөлімінің басшысы Бахытгүл Кокиева қатысушыларға түсіндіріп, брошюралар таратты.

«Декларацияны ұсыну бойынша міндеттеме кәсіпкер немесе заңды тұлға қызмет жүргізбеген жағдайда да туындайтынын ескеру қажет ететін 3 кезең туралы толығырақ тоқталғым келді. Егер сіз заңды басшысы (құрылтайшысы) болсаңыз, кәсіпкерлік қызметті жүргізбесеңіз және жалғастыруды жоспарламасаңыз, жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңіне тартуды болдырмау үшін жеке кәсіпкерді оңайлатылған тәртіппен жабу үшін кәсіпорынның тіркелген жері бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасына жүгінуді ұсынамыз. Салық кодексінің 59-бабы 1-тармағының талаптарына сәйкес болған кезде заңды тұлға оңайлатылған тәртіппен, қалған жағдайларда салықтық тексеру жүргізілгеннен кейін таратылады. Әрекетсіз деп танылған салық төлеушілер туралы, оның ішінде олардың басшылары туралы ақпарат Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің интернет-ресурсында kgd.gov.kz «Электрондық сервистер» — «Бизнеске көмек» — «Сенімсіз салық төлеушілердің тізімі» — «Әрекетсіз деп танылған салық төлеушілердің тізімі» парақшасы бойынша орналастырылады»,-дейді салық төлеушілермен жұмыс бөлімінің басшысы Бақытгүл Кокиева. Сонымен қатар, осы бағытта жүргізіліп жатқан түсіндіру, насихаттау жұмыстары салық төлеушілердің салық мәдениетін, сауаттылығын көтеріп, салық төлеу жөніндегі жауапкершілік сезімін оятып, заң бұзушылыққа бармай өз еркімен салық міндеттіліктерін орындауға жетелейтіндігін ескерді.

Іс-шара соңында қатысушылар пікір алмасып, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды.

Гүлім Мұрат

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *