Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің көшпелі отырысы өтті
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департаменті «AMANAT» партиясының облыстық және қалалық филиалдарымен бірлесе ұйымдастыруымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің көшпелі отырысы өтті.Жиынға кеңес төрағасы Динара Утебаева, «AMANAT» партиясы Қостанай облыстық филиалы төрағасы Алмат Досмұхамедов, қала әкімінің орынбасары Сәкен Қоқышев, мемлекеттік мекеме басшылары мен жергілікті тұрғындар қатысты.
Рудный қаласы әкімінің орынбасары Сәкен Қоқышев өз сөзінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, жергілікті атқарушы орган қызметіндегі тәртіп пен заңдылықты қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Жиында қаланың өзекті мәселелері – «Восточная» көшесіндегі №6 және №10 учаскелеріндегі екі бес қабатты үйлердің ұзақ уақыт бойы салынып жатқандығы және жол жөндеу жұмыстарының сапасыздығы көтерілді. Мемлекеттік сатып алу мәселелері де назардан тыс қалмады. Аталған мәселелер бойынша уәкілетті органдардың өкілдері ескертулер айтып, кеңес мүшелері тиісті ұсыныстар берді. Қостанай облысы бойынша ҚАПК превенция басқармасының басшысы Айгүл Мырзахметова өз баяндамасында жедел шешімдерді талап ететін бірқатар проблемаларды атап өтті, атап айтқанда, ұзақ құрылыс, жол сапасының төмендігі, жылу желілерін пайдалану және т. б. мәселелер бойынша.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар айында еліміздің құрылыс кодексін қайта қарап, саладағы сыбайлас жемқорлыққа цифрлық теңге арқылы тосқауыл қоюды ұсынған болатын. Мемлекет басшысы қазіргі кезде құрылыс саласының тиімсіз басқарылуы өте өзекті мәселе болып тұрғанын атап өтті. Президенттің айтуынша, жобалардың құнын сметалық есептер арқылы анықтау әдістемесі әлемдік стандарттарға сай емес. Инвесторлар уақытын, қаражатын және жұмысқа деген құлшынысын жоғалтып, ақыры құрылысқа рұқсат беретін құжаттар көп талап етілмейтін елдерге кетіп қалады. Президент Үкіметке халықаралық тәжірибені негізге ала отырып, инвесторлар үшін жобалық-сметалық құжаттарды бекіту тәртібін барынша жеңілдетуді тапсырды.Осы мақсаттағы кеңестің қадағалау жұмыстары да белсенді болмақ. Кеңес төрағасы Динара Өтебаева алқалы жиынның мақсаты – жемқорлық сынды келеңсіздікті жоюға үлес қосу және қазіргі актуалды ТКШ саласындағы мердігерлермен жұмыстардың нәтижесін анықтау екенін назарға алды. Қоғамдағы өзекті мәселелерді анықтап, шешуде азаматтық белсенділермен жұмыс жүргізіп, саяси салмағы бар «AMANAT» партиясының қызметіне, ол қабылдаған шешімдерге тиянақтылықпен қарауға шақырды.
— Жасалған сыбайлас жемқорлық санатына жататын қылмыстардың ең көбі – парақорлық және оған делдалдық ету. Әртүрлі ұйымдармен мемлекеттік тапсырыс бойынша келісімшартқа отырған уақытта толығымен құжаттамалардың негізін тексеру қажет. Мысалы, өткен жылы құрылыс компаниясының сот алдында заң бұзушылықтары расталғандығы жайында тізімде атауы тұрған. Бірақ, толығымен орталықты тексермей келісім жасалынып, қаражат алдын-ала төленген. Соныңда ол ұйым мүшелері жауапкершілікке тартылды. Бірақ, басты назар құрылыс жұмысының тоқтап қалуы және мемлекет қаражатының босқа кетуі. Сондықтан, қаладаға жұмыстар бойынша мердігерлермен жұмыста аса сақ болу қажет. Соңғы үш жылда Рудный қаласының әкімдігінде, оларға ведомстволық бағынысты ұйымдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінде сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасалмаған.Осы бағыттағы жұмыстарды ары қарайда жасау қажет. Ал мердігерлер жұмыстарды мемлекеттік ұйымнан бөлек, халық ретінде, қоғамдық белсенді топ ретінде қадағалау тиімдірек деп санаймын,- деді өз сөзнде кеңес төрағасы.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы кеңес мүшелері, агенттік өкілдері қала әкімі Виктор Ионенкомен бірге Рудный қаласындағы салынып жатқан халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған 3 қабатты тұрғын үй және жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан нысандарды аралап, жылу желілерін қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты. Делегация «Сабыр» ТК көшесіндегі «Qazaqstan Construction Holding» ұйымы салып жатқан нысанына барды, онда жақын арада мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға кезекте тұрған халықтың әлеуметтік осал топтарының арасынан 21 пәтердің кілтін азаматтар алады.
«Қоғамдық бақылау мемлекеттік органдардың қызметін бақылау үшін азаматтық қоғамның маңызды құралы болып табылады, сондай — ақ мемлекеттік басқару жүйесіндегі заңдылық, әділдік және ашықтық қағидаттарын қамтамасыз етеді», — деп атап өтті қала әкімі Виктор Николаевич.
Гүлім Мұрат