«Әдебиет көшбасшысы» көрмесі оқырмандарға жол тартты
Рудный қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің Мемлекеттік тілдегі кітапханада жыл бойы оқырмандар назарына ұсынылатын «Әдебиет көшбасшысы» атты ауқымды кітап көрмесі ұйымдастырылды. Шараның басты мақсаты – қазақ әдебиетінің алтын қорынан орын алған таңдаулы туындылар мен тарихи-танымдық еңбектерді рудныйлық оқырман қауымға кеңінен насихаттау, өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастыру.
Көрменің ашылуы мен оның мазмұны туралы аталған кітапхананың кітапханашысы Жаңагүл Үргенішбаева егжей-тегжейлі айтып берді.
«Бұл көрмені ұйымдастырудағы негізгі мақсатымыз – ұлттық әдебиетіміздің озық үлгілерін, тарихымыз бен мәдениетімізді айшықтайтын құнды еңбектерді оқырмандарға таныстыру. Көрме тек бір реттік шара емес, ол жыл бойы жұмыс істейді. Әр жарты жыл сайын кітаптар жаңартылып, толықтырылып отырады. Себебі, жазушылардың мерейлі жастары мен атаулы күндерге байланысты туындыларды да кезекпен қойып отырамыз», – дейді ол.
Көрменің төрінен орын алған ең басты туындылардың бірі – биылғы 2026 жылғы «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында таңдап алынған көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қабдеш Жұмаділовтың «Тағдыр» романы. Кітапханашының сөзінше, бұл шығармада шекараның арғы бетіндегі, Қытайдағы қазақ халқының өткен замандағы қилы тағдыры, атамекенді аңсау мен отанға деген шексіз сүйіспеншілік шынайы суреттелген. Оқырманды рухани құндылықтармен байытатын бұл туындыдан бөлек, көрмеге жазушының Қабанбай батырдың ерлігі мен ел қамын жеген қасиетін баяндайтын әйгілі «Дарабоз» дилогиясы да қойылған.
Сонымен қатар, экспликациядан белгілі ғалым Тұрсын Жұртбайдың алаш арыстарының мұрасы мен азаматтық күрес жолын танытатын зерттеулері, көрнекті тарихшы-ғалым Манас Қозыбаевтың қазақ халқының тарихы мен тәуелсіздік жолындағы күресін ғылыми тұрғыдан негіздеген еңбектері орын алған. Ал көрнекті ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің поэзиясы мен публицистикалық шығармалары жастарды отаншылдыққа, елді қорғауға тәрбиелейтін құнды дүние ретінде ұсынылып отыр.
Жаңагүл Үргенішбаеваның сөзіне сүйенсек, көрмеге келушілердің жас ерекшелігі әртүрлі. Мұнда 70-тен асқан қариялар мен орта жастағы тұрғындардан бастап, қаланың мектеп оқушылары мен студент жастарына дейін келіп, рухани сусындай алады.
Шара соңында Жаңагүл Үргенішбаева кітап оқудың маңыздылығына тоқталып, халықты кітапханаға шақырды:
«Ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының «Артық ғылым кітапта, ерінбей оқып көруге» деген нақылы бар. Расында, кітап – тек рухани азық емес, ол – сарқылмас білімнің қайнар көзі. Сондықтан барша оқырмандарды кітап оқуға шақырамыз».
Көрме жыл аяғына дейін өз жұмысын жалғастырмақ.
Жанарай НҰРМАХАНБЕТ,
суретті түсірген Даниил САЕНКО