Рудныйда жастарға арналған 2,5 пайыздық жеңілдетілген шағын несиеге өтініштер қабылдау жалғасуда

«Жастар — ертеңгі болашақтың іргетасы» демекші, белсенді күштердің бірі жастар екені анық. Осы тұста еліміз келешек ұрпақты қолдай отырып, көптеген мүмкіндіктерді ұсынбақшы. Оның бірі жаңадан кәсіп бастағысы келетін, немесе бар кәсібін кеңейтуге ниетті жастарға арналған 2,5 пайызбен несие беріле бастады. Рудный  жұмыспен қамту орталығы толығырақ шарттары мен ережелерін түсіндіріп берді.

Несие бағдарламасы 21 жастан 35 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған. Үміткердің жасы құжат тапсыру сәтінде ескеріледі. Ал жеке кәсібінің тіркелгеніне әлі 5 жыл толмауы керек. Жастар идеяға толы, сол себепті кез-келген кәсіпті «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ қолдауға асық. Берілетін максималды сома 5 миллион теңге. Сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2,5%-дан аспайды. Кредиттеу мерзімі мал шаруашылығына – 7 жыл, өзге кез-келген мақсат үшін – 5 жыл. Соңғы әрі маңызды шарттардың бірі, ол кепілмен қамтамасыз етуі. Кепілмен қамтамасыз ету түрінде жылжымалы және жылжымайтын мүлік қабылданады. Кепілге жылжымайтын мүліктен басқа меншіктегі жер немесе арнаулы техника қабылданады.

Сондай-ақ, бұл несиенің ерекшелігі жастар 1 жыл ішінде кәсіптерін дөңгелету мақсатында 1 жылға дейін «несие демалысын» алады. Бұл еш уайымсыз толықтай жұмысты қолға алуға мүмкіндік береді. Сала бойынша шектеу қойылмаған, яғни басым бағыттар бекітілмеген. Конкурстық комиссияның шешімімен үздік деп танылған жас кәсіпкерлердің бизнес-жобалары микрокредит ала алады.

Микрокредит алуға ниетті адам құжат қабылдау науқаны жүріп жатқан сәтте  «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның жергілікті филиалына жүгінуі керек. Үміткер оған қажет құжаттарды ұсынады. Аграрлық несие корпорациясы құжаттарды өтініш тіркелген күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде тексереді. Бизнес жобаны бағалаудан кейін 3 жұмыс күні ішінде нәтижесін конкурс комиссиясына ұсыну үшін халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органға жібереді. Комиссия мүшелері бұл кәсіптің тиімділігін, қажеттілігін, инновациясын бағалай отырып шешім қабылдайды. Үздік бизнес жоба иелері халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органмен және Аграрлық несие корпорациясымен микрокредит беру туралы шартқа және кепіл шартына қол қояды. Кепіл шартын уәкілетті орган тіркегеннен кейін 5 жұмыс күні ішінде үміткердің шотына микрокредит сомасын аударылады.

КӘСІБІН АШУҒА НИЕТТІ ТҰЛҒАЛАР ТАПСЫРУЫ ҚАЖЕТ ҚҰЖАТТАР ТІЗІМІ:

  • Микрокредит алуға сауалнама-өтініш;
  • Жеке басты куәландыратын құжат;
  • Кредиттік тарих субъектісінің ол туралы ақпаратты кредиттік бюроға беруге, сондай-ақ кредиттік есепті алушыға кредиттік есепті беруге келісімі;
  • Бизнес-жоспар;
  • Қарыз алушының микрокредит алу, мүлікті кепілге беру жөніндегі мәмілені мақұлдау туралы шешімі;
  • Агенттің ішкі құжаттарына сәйкес ресімделген мүлікті кепілге беру жөніндегі кепіл берушілердің келісімі;
  • Қызмет көрсететін банктен шоттың бар екені туралы анықтама;
  • Несиелік берешектің, оның ішінде қаржы ұйымдарынан мерзімі өткен берешектің болуы туралы анықтама;
  • Қарыз алушының жалақысын, өзге де кірістерін растайтын құжат;
  • Мүлікті бағалау туралы есеп;
  • Кепіл беруші және кепілмен қамтамасыз ету жөніндегі құжаттар.

Бизнес жобаның дұрыс, толық қамтылған етіп жазылуы маңызды. Оның барлық артықшылықтары мен болуы мүмкін кемшіліктерін көрсете білген жөн. Ең бастысы комиссия мүшелеріне сіздің бизнес жоба ең ұтымды екеніне сендіру. Бизнес жобаларды іріктеу критерийлері: өзектілік, экономикалық негіздемелік, қоғамдық маңыздылық, бұрын атқарылған жұмыстардың және іс-қимыл жоспарының болуы, бизнес-жобаның өміршеңдігі.

Республика бойынша 2023-2025 жылдары 90,5 млрд теңге сомасына 18,2 мың микрокредит беру жоспарланған.

Оның ішінде:

2024 жылы – 30,3 млрд теңге сомасына 6,1 мың микрокредит;

2025 жылы – 31,3 млрд теңге сомасына 6,3 мың микрокредит.

Қазақстан президентінің сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарында 2029 жылға дейін жастарға микрокредит беріледі деп көрсетілген.  Бүгінде, жұмыспен қамту орталығының өкілдері өтініштерді қабылдап, құжаттарды рәсімдеуге көмек көрсетуде. Толығырақ ақпарат алу үшін Пионер  көшесі, 21 мекенжайы бойынша №14 кабинет немесе 2 41 36 нөмірі арқылы хабарласуға болады.

Жадыра ЕРТАЕВА

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *