Рудныйдың жаңа бас имамы тағайындалды

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бұйрығымен Сабыржан Зейнелғабиденұлы Есмурзин Рудный қалалық «Нұр» мешітінің бас имам қызметіне тағайындалды.

Бұған дейін оны ұзақ жылдар бойы басқарған Бектұрсын Торғайбайұлы Қостанай қалалық «Марал ишан» мешітіне бас имам болып ауысқан еді. Жаңа лауазым иесі  — Нұр-Мүбарак университ­етінің түлегі. Осыған дейін Лисаков мешітінде бас имам болып қыз­мет жасаған.

Мұсылмандар үшін қасиетті деп саналатын жұма күні мешіт іші уағызбен сусындап, намаз оқуға асыққан жамағатқа лық толды. Бұл күні әдеттегі уағыз-насихаттан бөлек қалың жұртшылықты жаңа бас имаммен таныстыру шарасы өткізілді. Облыстық мешіттің найб имамы Бақытжан Икрамұлы жиналған жамағатқа жаңа имамды таныстырып,  асыл дінімізді насихаттауда аянбай қызмет етуін тапсырды. Енді өңіріміздегі «Нұр» мешітінің бас имам қызметіне Сабыржан Зейнелғабиденұлы тағайындалды. Осы уақытқа дейін рухани орданы Бектұрсын Торғайбайұлы 3 жылдай уақыт басқарған еді.  Жақында ол Қостанай қаласындағы 130 жылдық тарихы бар «Марал ишан» мешітіне бас имам болып ауысты.

Іс-шарада Рудный қаласының әкімінің орынбасары Азамат Ысқақов пен Горняк кенті, Перцовка ауылының әкімі Зейнелғабиден Амангелдіұлы дін жолында қаламыз үшін жасаған қажырлы еңбегі үшін Бектұрсын қажыға алғыстарын білдіріп, иығына шапан жапты.

Сабыржан Есмурзин Нұр-Мүбарак университетінің түлегі. Ол Қостанай облысы, Әулиекөл ауданы, Миалы ауылында дүниеге келген. Діни қызметте жүргеніне 16 жылға жуық уақыт болыпты. Алғашқы еңбек жолын Қостанайдағы Марал Ишан мешітінде азаншысы болып бастаған. Арада 4 жыл өткен соң, 2011 жылы Жітіқара қаласындағы «Ержан Тәтішев» мешітінде бас имам қызметіне тағайындалады. Содан кейіін Лисаков қаласында «Әбдіхаим Саламатұлы» мешітінде қазіргі уақытқа дейін жетекшілік етіп келген. Енді Сабыржан имам Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бұйрығымен, шаһарымыздағы «Нұр» мешітін басқаратын болады.

Бұған дейін де Сабыржан имам Рудный жұртшылығымен етене таныс болған. Облыстық уағыз насихат тобының мүшесі болғандықтан, имандық қызметтен бөлек жасөспірімдерге бағыт-бағдар беру және түрлі жат ағымдардың алдын-алу үшін жастарды оңалту жұмысымен айналысады. Кенді қаламызда бірқатар білім ошақтарын дәл осы мақсатпен  аралаған жайы  бар.

«Ендігі міндет өңірдің діни ахуалын жақсарту үшін, аянбай қызмет ету», – дейді «Нұр» мешітінің бас имамы Сабыржан Зейнелғабиденұлы. Елге адал қызмет ету, халыққа ислам дінің кеңірек насихаттау және мешіт жұмысын одан әрі жаңдандыру — жаңа имамның алдағы уақыттағы басты мақсаты.

Арай МАРАТ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *