Рудныйлықтардың 350 миллион теңгесі қайда кетті?

Рудный қалалық полиция басқармасы киберқылмысқа қарсы күрес бөлімінің басшысы: «Алаяқтардың арбауына түспеу үшін басты ережені жадыңызда ұстаңыз!»

Сандық технологиялар дамыған заманда ақпараттық қауіпсіздік мәселесі алдыңғы орынға шықты. Әлемдік желі арқылы жасалатын айла-шарғылар мен құйтырқы әрекеттердің құрығы Рудный қаласына да жетіп отыр. Азаматтардың сеніміне кіріп, жиған-тергенін қағып алатын киберқылмыскерлердің айласы күн санап құбылуда. Кеншілер шаһарындағы қазіргі ахуал қандай? Тұрғындар неліктен оңай олжаға алданады? Осы және өзге де сауалдар төңірегінде Рудный қалалық Полиция басқармасы Киберқылмысқа қарсы күрес бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Бексұлтановпен ақпараттық қауіпсіздік жайын қаузаған едік.

Ресми деректерге сүйенсек, ағымдағы жылдың 6 айында Рудный қаласы бойынша интернет желісі арқылы жасалған 106 қылмыстық іс тіркелді. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 107-ні құраған болатын. Қылмыс саны бір оқиғаға азайғанымен, материалдық шығын көлемі айтарлықтай өскен.

Биыл руднылықтардың алаяқтар есепшотына аударған қаржысы 350 миллион теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 14%-ға жоғары. Жыл басынан бергі бес айда шығын көлемі 336 миллион теңге болса, тек соңғы бір айдың ішінде ғана тұрғындар тағы 14 миллион теңгесінен айырылған. Бұл – қоғам үшін үлкен дабыл.

Киберқылмыстың табиғаты күрделі болғанымен, құқық қорғау саласындағы реформалар өз жемісін беруде. 2026 жылы Полиция департаментінде ауқымды өзгерістер орын алып, киберқылмысқа қарсы күресетін арнайы құрылымдар құрылды. Қазір Рудный қаласында тек осы бағытта жұмыс істейтін 5 тәжірибелі маманнан тұратын арнайы бөлімше қызмет етеді. Осы оң өзгерістердің нәтижесінде жалпы интернет алаяқтықтарының ашылу көрсеткіші өткен жылғы 1,6%-дан биыл 20%-ға дейін өсіп, ауыр санаттағы киберқылмыстардың ашылуы 40%-ды құрады (өткен жылы бұл көрсеткіш 0% болған еді).

Полиция қызметкерлері күн сайын қала тұрғындары арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Бұл бағытта МИБ (Мүлік иелерінің бірлестігі) ұйымдарымен тығыз байланыс орнатылған. Бүгінде Рудныйдағы 12 мыңнан астам тұрғынды қамтитын үй чаттарына (мессенджерлерге) сақтық шаралары туралы ескертулер жүйелі түрде жолданып тұрады. Сонымен қатар, жергілікті телеарналар, кинотеатрлар мен мерзімді баспасөз беттерінде де сақтандыру материалдары тұрақты жарияланады.

Тәжірибе көрсеткендей, көбіне тұрғындар алаяқтардың құрығына өздері іздеп жүріп түседі. Желідегі «үйден шықпай, оңай табыс табу», «тиімді инвестиция» немесе «арзан пәтер» туралы жарнамаларға сену – басты қателік.

Алғашқы кезеңде алаяқтар сенімге кіру үшін аз мөлшерде пайда қайтарғансып, адамдарды қызықтырады. Оңай олжаға кенелдім деп қуанған азаматтар кейіннен жақындарының атына ірі көлемде несие рәсімдеп, барлық қаражатын қылмыскерлердің шотына аударып жатады. «Ешқандай еңбексіз, мол табысқа кенелу мүмкін емес» деген қарапайым қағиданы ұмытпау қажет. Ең жиі кездесетін әдістің бірі – телефон алаяқтығы. Қылмыскерлер өздерін «банк қауіпсіздік қызметінің өкілі», «полиция» немесе «прокуратура қызметкерімін» деп таныстырып, ұялы телефонға келген құпия кодты айтуды талап етеді.

Маңызды ескерту: Әр банктің өз қауіпсіздік жүйесі бар. Тек қана бір құпия код арқылы ешкім сіздің атыңызға несие рәсімдей алмайды. Алайда, азаматтардың үрейге бой алдырып, өз қолдарымен жеке деректерін, логиндері мен парольдерін беріп қоюы және банк қосымшаларындағы нұсқаулықтарды орындауы қылмыстың жүзеге асуына жол ашады.

Нұрсұлтан Бексұлтанов, Рудный қаласы ПБ киберқылмысқа қарсы күрес бөлімінің басшысы:

«Құрметті Рудный қаласының тұрғындары! Интернет алаяқтарының арбауына түспеу үшін ең басты ережені жадыңызда ұстаңыз: егер сізге беймәлім тұлға телефон шалып, «атыңызға несие рәсімделіп жатыр» немесе «жедел хат келді» десе, ешкіммен сөйлесудің қажеті жоқ. Жай ғана телефон тұтқасын қойыңыз.

Күдік туындаған жағдайда бірден 102 шұғыл желісіне қоңырау шалыңыз. Біздің мамандар әр жағдайды тексеріп, сіздің қаржылық қауіпсіздігіңізді қорғауға әрқашан дайын. Өз мүлкіңіз бен жеке деректеріңізге жауапкершілікпен қараңыздар».

 

Жанарай НҰРМАХАНАБЕТ,

суретті түсірген Даниил САЕНКО