Қазақ тіліндегі интелектуалды ойындардың қарқыны қандай?

Қаламызда осы жылдан бастап «Bastime Quiz» интелектуалды ойыны өткізілуде. Бұл бәсекені қостанайлық Марғұлан Бәкір бастаған топ ұйым­дастырды. Жұртшылықты бір сәтте еліктіре кеткен «Quiz» ойын­дарының түпкі мақсаты ойлау қабілетін және жастар арасындағы байланысты дамыту.

Квиз — бұл интеллектуалды ойын-сауық ойынының бір түрі, ойыншылар бір немесе бірнеше нақты тақырыптарға қатысты сұрақтарға жауап беретін викторина. Ойын ретінде шамамен 1975 жылдар­да танымал бола бастады. Ағылшын тіліндегі «quiz» сөзі «викторина», «сауалнама» деп аударылады. Бәрінің мақсаты бір – жастардың ой-өрісін, білімін жетілдіру, бос уақытын тиімді өткізуге жәрдемдесу. Қатысушылар топ болып бірігіп, сұрақтарға тапқырлықпен тез, әрі шап­шаң аз уақыттың ішінде жауап беруден бөлек, логикамен де сыналады. Жарыстың орташа ұзақтығы – 2-2,5 сағат. Еуро­пада зияткерлік ойын өткен ғасырда қана­тын кеңге жайса, біздің елімізде соңғы жылдары танымалдық жинауда.

Ал «Bastime Quiz» Астана қаласынан франшизамен әкелінген дүние. Барлық қаларларда ойын бір күнде бірдей уақытта басталады.  Дода 1 жыл уақыт аралығында дәстүрлі түрде Қостанай қаласында өтсе, ендігі кезекте ұйымдастырушылар Рудныйлықтардың ойлау қабілетін тексеруге асық.

«Бұл бір күндік немесе бір айлық ойын емес, жалпы жыл бойы өткізуге болатын ойын. Мақсатымыз — қазақ тілді ортаның басын бір жерге шоғырландыру, жастардың таным-көкжиектерін кеңейту, жаңа достар табу мүмкіншілігін арттыру. Ең бастысы — қазақ тілін дамытатын үлкен жұмыс. Қостанай қаласында 2023 жылдың басынан 15 ойын сәтті өтті. Солардың бірінде Рудныйлық командалар шақырту түсті. Маусымды бастап екі ойын өтті. Жыл бойы топтар ұпай жинап отырады және ең соңында бас жүлдеге лайық топты таңдаймыз», – деп «BasTime» интелектуалды ойынының ұйымдастырушысы өз ойымен бөлісті.

Quiz ойындары соңғы жылдары мейманхана қабырғасында өтіп, жастар арасында жақсы сұранысқа ие. Ал қазақ тілінде енді ғана іске қосылуда. Мұндай жобалардың маңыздылығы жоғары. Өйткені, интелектуалды ойындар — ойы ұшқырлардың бас қосатын бірден-бір ортасы. Әзірше кенді өлкеде бас қосу айына 2 рет өткізіледі деп жоспарлануда. Алғашқы ойынға 4 топ жиналды, олардың пікірін де сұрастырдық.

Бүгінгі ойынға достарымызбен бірге келдік. Бос уақытты қызық әрі тиімді өткізудің таптырмас мүмкіндігі. Сұрақтар көп ойландырады, қиын десек те болады. Бірақ, жауабын естіген кезде, логикалық шешімі бар екенін түсінеміз. Қазір бала күтіміменүйде  отырған анамын және осылай миды ширату маған үлкен септігін тигізеді. Командамыздың  атауы «Балбырауын». Бұл Құрманғазы өз күйінде атап өткен әсем гүлге арналып қойылды. Ойын барысы қызып жатыр және алдағы уақытта қалмай қатысамыз деген үміттемін,- дейді қатысушылар.

Топтық ойында қатысушылар 4-10 адамнан команда болып тіркеліп алдын-ала жазылады. Қатысушы тарапынан 2000-3000 теңге көлемінде жарна төленеді.  Жарыс 6 турдан тұрады. «Quiz» ойындарының ерекшелігі әр турдың сауалдары бір-бірінен өзгеше болып келеді. Бұл ойында сұрақтар ортақ тақырыбы бар, логикалық тест форматында, суретпен жасырылған нұсқасында ұсынылды. Ойын белгілі бір ақпараттарды қорытуға, адамдарға өзіңді дәлелдеуге, мықты екеніңді мойындататын орта десек те болады. Алдағы уақытта бұл жаңа мәдениет қаламыздағы жастарға қызықты болады деп сенеміз.

Жадыра ЕРТАЕВА

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *