«Қыран жігіт – Аққу қыз»

Рудныйлық бозбала «қыран жігіт», ал бойжеткен «аққу қыз» деген әдемі атаққа лайық па? Лайық! Бұған «Алые паруса» халық шығармашылығы үйінде өткен шарада көз жеткіздік.

Тамаша дәстүрге айналған «Қыран жігіт – Аққу қыз» өнерлі жұптар сайысы биыл да өз жалғасын тапты. Мақсат ата-бабамыздың аманаты, мәдениетіміздің мәйегі – тіліміз бен салт-дәстүрімізді насихаттау, «Рухани жаңғырудың» іске асуына тамшыдай болсын үлес қосу.

– Алғашқы іріктеу кезеңнен сүрінбей өткен үздік жұптарымыз әрі қарай екінші кезеңде бақ сынасып, әділқазы алқасының көмегімен жеңімпаздарды анықтадық. Қатысушылар «Сәлем – сөздің анасы», «Іштей үғып, түсін мені», «Көкірегі ояу, көзі ашық», «Талант – табиғаттан, талап – өзіңнен» атты тапсырмаларды бұлжытпай орындап, білімі мен өнерін паш етті. Жұптарымыз бірінен-бірі озып түсті десек, кем айтылмас, – дейді шығармашылық үйінің директоры
Әсел Тасмағанбет.

Сонымен «жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, бұл жолы Бас жүлде оқ бойы озып шыққан №19 мектептің өкілдері Мәлік Бекқали мен Жанна Қуанышбековаға бұйырды. «Дарынды жұп» номинациясы Бейімбет Майлинның «шәкірттері» Аманжол Айназаров пен Гулфиса Әбдібековаға бұйырса, Рудный политехникалық колледжінен келген Нұрқасым Әбдірахметов пен Мария Аманбаева «Жұлдызды жұп», Құрылыс және көлік колледжінің намысын қорғаған Талғат Қанабаев пен Балсая Қаленова «Сүйкімді жұп» атанды.

Барлық жүлдегерлер дипломдармен және арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Айзат ИБРАГИМ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *