Әкім халқына жақын бола ма?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің биылғы Жолдауында сайлау жүйесін жетілдіруге ерекше көңіл бөліп, бұл қадам азаматтардың мемлекетті басқару ісіндегі рөлін нығайтатындығына сенім білдірді.

Осы орайда халқына жақын саналатын әкімдердің сайлауы қалай өтіп жатыр, біз оған дайынбыз ба, соған тоқталып өтсек.

Елімізде алғашқы әкім сайлауы 1999 жылы өткен екен. Тәжірибе жүзінде қолға алған іс-шараның нәтижесі нақтылана түсіп, 2017 жылы 1 413 адам ауылдық, кенттік округ әкімі атанған.

Осы орайда сол өткен сайлау жүйесі жайлы айта кеткен орынды. Өйткені бұл кезде әкімдердің кандитатурасын аудандық әкімдіктер ұсынып, оларды таңдау еркі мәслихат депутаттарына берілген болатын. Тоқетерін айтқанда, өткен сайлау кезінде ауыл тұрғындары өз қалауын білдіріп, азаматтық таңдау құқын білдіре алмады.

Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Енді ауыл әкімін таңдауда әр тұрғын тікелей дауыс беру құқын қолдана алады. Сондай-ақ ауыл әкімі лауазымына азаматтардың өзін өзі ұсынуына жол ашылды. Мұнан бөлек, заңға енгізілген өзгеріске сәйкес енді сайлау бюллетеньдеріне «бәріне қарсымын» деген жеке бағана енгізілді.

Жаңа механизм арқылы былтырғы шілде айынан бері 1120 елді мекеннің әкімі сайланды. Осылайша елдегі ауыл әкімдерінің корпусы 55 пайызға жаңарған. Оның басым бөлігі бұрын мемлекеттік қызметте істеп көрмеген. Яғни, дәрігерлер, мұғалімдер, бизнесмендер, жергілікті кәсіпорын мен шаруа қожалық басшылары халық сеніміне ие болып, әкім ретінде сайланып отыр.

Ал жыл аяғына дейін 214 ауылдың басшысы тікелей сайлау арқылы қызметіне кірісуі керек. 2023 және 2024 жылдарға 1037 ауылдық округте әкім сайлауы жоспарланған.

Осы жерде ауылды басқаруға лайықты тұлғаға қандай талап қойылуы тиіс деген заңды сауал туындайды. Әрине, көрсетілген талап ережесіне сәйкес ауыл әкімдігінен үміткер адамның жасы жиырма беске толуы шарт. Сондай-ақ азаматтар өзінің бұрын сотталмағанын және жүйке ауруы мен наркологиялық ауру бойынша есепте тұрмайтыны жөнінде анықтама өткізуі керек. Алайда бұл жердегі басты талап үміткердің ауыл тұрғындары алдындағы беделі мен абыройы болса керек. Әйтпесе, халық өзі сенбейтін әкімді таңдап, жұмыс істеуге мүмкіндік бере қоймасы анық.

– Әрине, ауыл әкімдерін сайлауда кемшіліктер болуы ғажап емес. Бірақ заңдағы олқылықтардан емес, жергілікті жердегі сайлау барысында болуы мүмкін. Меніңше, мұндай кемшіліктер рушылдық пен жершілдіктен туындауы ықтимал. Бірақ оның да өзіндік пайдасы бар, тәжірибе жиналады. Оның үстіне, бұл – бірінші рет өткізіліп отырған сайлау. Бүгін кеткен кемшілік келесіде түзетіледі. Әкімді сайлай білген жұрттың кетіруге де құқығы бар дегендей. Сөйтіп халық бұл кезеңнен де өтеді. Ең бастысы, ауыл әкімдері ұйқысынан оянып, жоғары жақтан гөрі төменге көбірек қарайтын, тіпті елге жалтақтайтын болады. Ал халықтың талабы мен әкімнің жауапкершілігі күшейгеннен тек қана ұтамыз, – дейді Рудный қаласының тұрғыны Қыдыр Өтебайұлы.

– Ауыл әкімі лауазымы – кәдімгі мемлекеттік қызмет. Мемлекеттік қызметтерге қандай талап бар – ауыл әкімдеріне де сондай талап қойылып отыр. Басқа ештеңе жоқ. Ауылда жай жүріп, «мен де әкім болып көрейінші» дейтін неше түрлі адам болады. Ертең сол кісіміз дұрыс жұмыс істей алмаса, қағаздарға қол қоймай, істі болып сотталып жатса – бәріне қиянат жасаймыз. Әкімдіктің жұмысы оңай емес. Қаражатқа байланысты қаншама қағаз-құжат бар. Ол өзі компьютерімен конкурс ұйымдастыруы керек. Бәрі үшін ауыл әкімі жеке жауап береді. Оған қоса ол елмен сөйлесе білуге тиіс, – дейді Рудныйға іргелес жатқан Юбилейное ауылының тұрғыны, кәсіпкер азамат Алмат Нұрмаханов.

Кәсіпкер ауыл әкімінің мемлекеттік тілді жетік меңгеруі керек деп те санайды. Өйткені Тәуелсіздігіміздің 30 жылдан астам уақытында өзі тұратын елдің тілін үйренбеген адам, басқа құндылықтарымызға да немқұрайлы, жауапкершіліксіз қарайды.

Соныман қатар оның айтуынша, ауыл әкімдігіне үміткерге қойылып отырған талаптар орынды. Себебі мемлекеттік қызметте еңбек ету үшін әкімнің біліктілігі болуы керек.

– Арнайы тексеруден өткен адамның соттылығы бар ма, бұрын түрлі жемқорлық немесе басқа да қылмыстарға тартылған ба, жоқ па – бәрі анықталады. Ауыл әкімі деген халықпен жұмыс істейтін мемлекеттік қызметкер болғаннан кейін, оған қойылатын нақты талаптар да болуы керек. Ол жаңадан шығарылған нәрсе емес. Дәл сол әкімдіктің өзінен әкімнің сайлануы керек деген сөз жоқ. Сол ауылдан шыққан, туған, алайда басқа ауылда немесе ауданда жұмыс істеп жүрген азаматтар көп. Облыс деңгейінде жүрген немесе басқа шаруашылық қызметтерге ауысып кеткен кандидаттар да болады. Қазір мысалы мемлекеттік қызметте ешқандай тәжірибесі жоқ ауыл әкімін сайлап алдық делік. Мемлекеттік қызметтің не екенін білмеген, халық пен оның кәсібін ұқпаған адамыңыз қалай әкім болады? Сондықтан мемлекеттік қызметте тәжіриесі бар адам әкім болуы керек деген талап дұрыс, – деді ол.

Әкімдерді тікелей сайлаудың артықшылықтары қандай?

Біріншіден, сайланатын әкім­дердің халық алдындағы жауапкершілігі артатын болады. Халық сенім білдіріп сайлағандықтан, әкім жоғарыда тұрған билік органдарына емес, енді жергілікті тұрғындарға тәуелді болады.

Екіншіден, тұрғындардың сайлау мәдениеті одан әрі көтеріле түседі. Халық өзі тікелей дауыс беретіндіктен, жергілікті басқару үдерісіне қатысу белсенділігі артатын болады.

Қазір Президент тапсырмасымен әзірленген «2030 жылға дейінгі Жергілікті өзін өзін басқаруды дамыту тұжырымдамасына» сәйкес 2024 жылға қарай аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлау жоспарланып отыр. Сол кезде ауыл әкімдерін сайлау тәжірибесі өте қажет болады.

Айзат ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ

газета «Рудненский рабочий»

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *