Шуағын шашқан көктемде қаламызда мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне арнап тарихтан сыр шертетін танымдық кештер ұйымдастырылды. Соның бірі «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық қорының бастамасымен өткен «Дәстүрімнің балқаймағы-әжелер» атты қалалық байқауы. Атап өтейік, ақ кимешек киген әжелер арасындағы байқау қаламызда алғаш рет ұйымдастырылды.
Ұмыт болған немесе жоғалып бара жатқан дәстүрлерімізді қайта жаңғыртып, өскелең ұрпаққа үлгі етуді мақсат тұтқан сайысқа 60-70 жас аралығындағы 7 әже қатысты. Олар өзін таныстыру, ұлттық тағам дайындау, салт-дәстүрден көрініс қою бойынша сынға түсті. Көрермендер әрбір қойылымға ерекше ықылыс білдіріп, қошемет көрсетіп отырды.
Байқауға қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жанат Мурзабаева қатысып: «Ежелден келе жатқан салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды бүгінгі ұрпаққа жеткізуде біздің қарттарымыздың орны ерекше екендігін жақсы білеміз. Соның ішінде асыл әжелеріміз қазақы дәстүрлерді берік ұстанып, ұлттық құндылықтарымызды ұрпақтан ұрпаққа жеткізуде. Бүгінгі жарыста өз өнерлерін ортаға салып, түрлі кезеңдер бойынша сайысқа түсетін ақ жаулықты әжелерімізге сәттілік тілеймін!»,-деп ізгі лебізін білдірді.
Бүгінде немере мен шөбере сүйіп отырған ақ әжелеріміз сайысқа барынша дайындықпен келген. Алғашында бірге дәстүрлі әндер шырқалды, содан соң әрқайсысы өзін таныстыруға кірісті. Сайыс ережесіне сәйкес 4 кезең бойынша бақ сынасқан әжелер ұршық иіріп және ұлттық тағамдарды әзірлеу жолдарын көрсетті. Сонымен бірге қазақы салт-дәстүрлерден қойылған көрініс көрермендер назарына ұсынылды. Олар тұсау кесер, бесікке салу, сырға салу, келін түсіру жөн-жоралғыларын жасап, қала ақсақалдары ақ батасын берді. Бұл байқауларда енесі мен келіні арасындағы қарым-қатынас пен бір-біріне деген қолдауы ерекше байқалды.
«Мемлекет басшысы барлық салт-дәстүрімізді күнделікті қолданысқа енгізуді кеңейтіп, жақсы жолға қойып отыр. Барлық жерде Наурызнама онкүндігі жаппай қолға алынып, осындай іс-шаралар өтіп жатыр. Біз осы бастаманы ұйымдастыру кезіңінде қала әкімінің қабылдауында болдық, ол кісі үлкен қолдау білдірді. Ақ кимшек таққан аяулы әжелеріміз көбейе берсін! Жас ұрпаққа тәлім-тәрбие, дұрыс жолды насихаттау, ұлтымыздың болмысын көрсету басты міндетіміз», — деді байқау ұйымдастырушысы Нинагүл Пушаева.
Республикалық қоғамдық қор мұрындық болған іс-шараға Рудный қаласының әкімдігі, жергілікті кәсіпкер Жанат Байдоллаева, республикалық «Отандастар» қорының облыстық филиалы, қалалық ардагерлер ұйымы қолдау көрсетті.
Қатысушылар түрлі номинациялар бойынша марапатталды. Мейірімді ана номинациясы Маржан Өтебаеваға берілді. Ханзада әже – «Асыл әже», Завира әже – «Бұлбұл әже», ал Дәрігүл әже – «Өнегелі әже» атанды. Күләш әже – «Білімпаз әже», Нәбира Айтмұратова – «Шебер әже» номинацияларын иеленді. Қоғамдық қоры тарапынан Нинагүл Қосжанқызына алғыс хат табыс етілді.
Ешкім ескерусіз қалмады. Ең бастысы, байқауды тамашалауға келгендерге мерекелік көңіл-күй сыйлап, көпшіліктің құрмет-қошеметіне бөленді. Бұл ұлттық өнерге деген сұраныс пен құрметтің көрінісі. Ал жас ұрпақтың ақ жаулықты әжеден үйренері көп, құрметі де ерекше. Ұйымдастырушылардың айтуы бойынша, қалалық әжелер байқауы жыл сайын өткізілмек.
Сания САКТАГАН