Ардагерлер есімі ұмытылмайды

Интернационалист жауынгерлер Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 35 жыл толуына орай медальдармен марапатталды

Күні кешегі кеңес дәуірінің кереғар саясатының салдарынан тарих бетінде қалдырған  Ауған соғысының аяқталғанына 35 жыл толды. 23 мың қазақстандық 10 жылға жуық уақытқа созылған Ауғанстандағы соғысқа қатысты. Оның 260-ы біздің жерлестеріміз.

Бүгінгі таңда қаламызда ауғандықтардың саны — 128 адам. 2017 жылдан 2022 жылға дейінгі кезеңде 23 ауғандық өз қызметіне байланысты тұрғын үй алды. Қатерге бел буып, батырлық пен ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, қаһармандық танытқан, парызға адал болған ауғандық ардагерлерді қадірлеп құрметтеу — біздің, келер ұрпақтың борышы болып қала бермек. Осыған байланысты барлығы кеңес әскерлерінің ауғанстаннан шығарылғанына 35 жыл толуына орай арнайы тағайындалған медальмен марапатталды. Салтанатты іс-шара «Горняк» мәдени-ойын-сауық кешенінде өтті. Әкім орынбасары Сәкен Қоқышев ардагерлерді құттықтап, қандай мемлекеттік қолдау көрсетілетінін атап өтті.

«Мемлекет тарапынан ардагерлерді әлеуметтік қолдауға ерекше көңіл бөлінеді. 2020 жылы Қазақстанда алғаш рет «Ардагерлер туралы» заң қабылданды, онда басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагері мәртебесі ресми бекітілді. Ауғанстандағы соғыс ардагерлеріне және қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына жеңілдіктер мен әлеуметтік көмек заңнамалық деңгейде көзделген. Бүгінде Рудный қаласында Ауған соғысының 128 қатысушысы тұрады. Ағымдағы жылы әлеуметтік көмек көрсетуге облыстық және қалалық бюджеттен 40 миллионнан астам теңге қарастырылған. Жыл сайын тілек білдірушілерге тегін курорттық-санаториялық емделу ұсынылады. 2017-2022 жылдар аралығында мемлекеттік тұрғын үй қорынан 23 ардагер тұрғын үй алды. Бұл жұмыс жақын арада жалғасатын болады»,- деді Рудный әкім орынбасары Сәкен Қоқышев өз баяндамасында.

Одан кейін марапаттау рәсімі өтті. Олардың қатарында Петр Бурцев пен Тойлыбай Амантаев өскелең ұрпақты патриоттық тәрбиелеу ісіне және салауатты өмір салтын насихаттауға қосқан елеулі үлесі үшін облыс әкімінің Құрмет грамотасына ие болды.

«Мен Мендіқара ауданы Қаратау ауылында дүниеге келгем. 1979 жылы әскер қатарына аттанып, алғашқы жарты жыл Семей өңірінде болып, 19 жасымда Ауған еліне соғысқа жібереді. Ол кезде Әмударияда понтонды көпір болып, содан біздің 177 полк үстінен өтті. Ауған еліне соғысқа аттанып жатқаның соңына дейін білмедік, бізге тәжірбие жинақтауға барасындар деді. Содан кейін, жасы келген генерал көпшіліктің ортасында «аман қалам десендер, балалықты қойындар»,- деп сөз сөйледі. Келіп бірден байқағаным, халқының әдеп-ғұрпы, ұлттық тағамдары мен тұрмыстары біздің ата-бабамызға ұқсайды. Ол елге әлі де таң қаламын, өмірге деген құштарлығы өте зор. Сөйтіп, араларында жүріп өзімізге жеңіл болды.  Бірақ, денсаулығымыз ауа-райының кесірінен нашарлады, көбісін қайтып елге жіберді. Өзім 1981 жылы шілде айында дембельге шықтым. Келіп отбасылы болдым, қазір немерлеріммен уақыт өткіземін. Қазір жастардың бойынан жақсы қасиеттерді сіңіру үшін белсенділік танытамын», – Тойлыбай Амантаев өз сөзінде.

Іс-шара барысында Төленді Төлеубаевта өз естеліктерімен бөлісті.

«1978 жылдың мамыр айында аудандық әскери комиссариатына барып  әскер қатарына шақырылдым. Қырғызстанның Ош қаласына түстім, ол жерде 1,5 жыл болып, 1979 жылы Ауған жеріне соғысқа жіберді. Біздің полк «баханский двор» Қытайдан, Пәкістаннан келетін жолды қорғап тұрған, керекті гуманитарлық көмекті, қару жарақтарды тасымалдаған.  Тұрмысымыз далада өтіп, көбісі ауыр жарақаттармен нәшар хәлде болды. Асымыз тек «дайын тағамдар» болды, далада қонып жүрдік. Ауған-Пәкістан шекарасын  қорғау барысында  интернационалдық борышын адал орындап, 1987 жылдың мамыр айында аман-есен туған елге ораладым. Қазір барлық қаруластармен байланыстамыз»,- деді Төленді Төлеубаев сұқбат барысында.

Сания САКТАГАН

Фотосурет түсірген: Султан СЕРТАЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *