21 қыркүйектен бастап еліміздің кинотеатрларында «Қазақстан» телерадиокорпорациясы түсірген «Міржақып. Оян, қазақ!» фильмі прокатқа шықты
Бұл тарихи туынды аз уақыт ішінде көрермен көзайымына айналды. Кинокартинада Алаш қайраткерлерінің революциядан кейінгі қоғамдық-саяси қызметі, сондай-ақ Қызылорда, Семей мен Мәскеудің әйгілі Бутырка абақтысындағы азапты күндері көрініс тапқан. Фильмде Міржақып бейнесі керемет көрсетіп, оның ақындық жолы мен қазақтың алғашқы романын жазған қаламгерден бұрын, қайраткер, халық жанашары екендігін айқындап берді.
Басқа қалаларда бұл туындының көрсетілім мерзімі аяқталып жатса, қаламыздың ұлтжанды азаматтарының қолдауымен «Міржақып. Оян, қазақ!» фильмі 12-15 қазан аралығында 4 күн қатарынан қаламыздың кинотеатрында көрсетілді. Үлкен-кіші бұл жаңалықты естіп, сеансқа билетті бір мезетте сатып алған. Тәрбиелік маңызы зор бұл фильмді, қала тұрғындары асыға күткенін айтады.
– «Қала әкімшілігі белсенді азаматтардың «Міржақып. Оян, қазақ!» фильмінің көрсетілу мәселесімен жүгінген өтінішін бірден орындады. Бұл киноны бәріміз көру керекпіз, бұл нағыз тарихымыз, халықтың қиын заманында, ата-бабаларымыз тәуелсіздік үшін күресі айқын көрсетілген. «Тарихы жоқ елдің, болашағы жоқ» демекші, қала тұрғындары және жас ұрпақтарымыз отанымыздың қалыптасу жолын білу қажет деп санаймын»,- дейді қаламыздығ белсенді азаматы Серік Салтенов.
Сондай-ақ, өздерінің патриоттық сезімдерін көрсетіп сынып болып жұмыла барған жас буын өкілдері көзді қуантты. Билет іздеген жандардың қарасы көп. Көрермендердің көздері жасқа толы шығып жатты, сонымен қатар билет алуға үлгермей, үйлеріне қайтуға мәжбүр болған жағдайларға куә болдық.
«Кино көрген жанға қуат береді, біздің ата-бабамыздың азапты күндері, болашақ үшін жанын салып күрескен қасіретті өмірі, өзінен халқының арын жоғары қойған көріністі көріп мұнайып қалдық. Біздер еліміз үшін өмірін арнаған ұлы тұлғаларымыздың еңбектерін бағалаймыз. Осындай туындылар арқылы шын сол кезеңде болғандай әсер алдық»,- деп Бейімбет Майлин атындағы № 7 мектеп-гимназиясының оқушылары өз ойларымен бөлісті.
Міржақып Дулатұлы есімі берілген жалпы білім беретін мектептің оқушылары да топ-топпен жүргені байқалады. Олардың айтуынша, ұлы тұлғаның есімі берілген мектепте оқу олар үшін мақтаныш. Кинотеатрларда шығуын көп күткен. Кино аяқталып өз эмоцияларын көрсетіп, талдау жасап, көздерінен ұшқын атқан жандарды байқадық. Ия, фильм ұлтыңды сүюге жетелейтін мықты идеология. Алдағы уақытта, осындай туындылардың қатары көбейеді деп сенеміз.
Сания Сактаган