«Әнім саған, Атажұрт»

Осындай атаумен Республика күніне орай Балалар мен жастарды дамыту және шығармашылық сарайында «ҚР мәдениет және өнер саласының үздігі», жезтаңдай әнші Бағила Мұратованың «Әнім саған, Атажұрт» атты жеке концерті және ақын, жорналшы Руза Алдашеваның «Беу, Бағила» атты кітабының тұсаукесері өтті.

«Республика күні – ұлттық мереке. Енді, бұл мейрамды күллі ел болып жаңа мазмұнда атап өтетін боламыз. Қайта жаңғырған Республика күні – бұл халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайта түсетін аса маңызды тарихи қадам», — деген болатын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Ұлтқа аянбай қызмет етіп, ата-бабамызға арман болған Тәуелсіздік атты қасиетті құндылығымызды тұтас қалпында келер ұрпаққа табыстау жолында Бағила Мұратованың да қосқан үлесі мол. Өнер иесімен бірге Қазақстан Журналистер одағының және Жазушылар одағының мүшесі Руза Алдашева жүргізуші болып, «Беу, Бағила» атты кітабының тұсауын кесті және әнші Ардабек Октябрь өнер көрсетті.

«Елге ел қосылса – құт» дейді дана халқымыз, Өзбекстандағы Тауелібай топырағынан атажұртқа қоныс аударып, кең-байтақ Қазақстанның барлық аймақтарға қоныстанған қандастарымыздың арасында өнерді өрге жүздірген Бағила Мұратованың орны да, жөні де бөлек. Бүгінгі күні барша халықты өзіннің өнерімен тамсандырып, ел аралауда. Біздің де қаламызға келіп халық, композитор әндерін орындады. Бағила Мұратованың айтуынша соңғы рет 2011 жылдары концеттік бағдарламамен қонаққа келген.

«Мен 53 жылдан бері сахнаға шығып жүрген әншімін. Келіп отырған мақсатым- барша қазағымды Республика күнімен құттықтап, ән шырқау. Барлық Қазақстанды аралап шығу қиын, сонда да елді-мекендерге барып қайтуға шешім қабылдадық. 7 қазан Теміртау қаласында, Алматы облысы Ұзынағаш ауданында болдық. Бүгін Рудный қаласына келсем, алдағы уақытта Көкшетау аудандары мен Балғашқа гастролдік сапармен барамыз»,- дейді әнші.

Концерт «Елге сәлем», «Ассалаума-алейкум», «Елім» әндерімен бастау алды. Ортасында көрермен көңіл-күйін көтерген қарақалпақ әні «Қал, жігіт», өзбек әні «Бари гал» орындалды. Қаламыздың бишілер мың бұралып сахна сәнін келтірді.

«Бағила Мұратова әндерді халқына сағыныш ретінде, өзінің сәлемін беріп келді. Сондай-ақ, халықпен мемлекеттік мерекенің маңыздылығын атап өтіп, тойлауға мүмкіндік берді, қуанышпен бөлісті. Бүгінгі концерттің ұйымдастырушысы ретінде концерт жоғары деңгейде өтуін қадағаладық. Мәдениет басқармасының басшысы Жанат Мырзабаева қол ұшын беріп, концерттік бағдарламаны одан әрі жарқырату үшін қала бишілері мен әншілерін де қатысты. Атап өтсек, «Зеркало» және «Аққу» би ұжымы, қаламыздың беделді әншілері Қарлығаш Өтемісова мен Алтынкен Кушекбаев»,- деді «Алые паруса» демалыс орталығының басшысы Мұхан Ноғаев.

Мерекелік кешке келген қонақтардың басым көпшілігі қаламыздың қарт кісілері, сондай-ақ қаңдастарымыз. Олар Бағила Мұратованың өлеңін жастық шағында сүйіп тыңдаған халық. Ән – адам жанымен егіз. Мағынасы мазмұнды, сөздері маржандай, әуені қиялыңды алысқа апарып тастайтын әндерді тыңдап отырып, көрермен еріксіз түрлі ойларға берілді. Жиын соңында Бағила Мұратова қала тұрғындарын мерекемен құттықтау отырып, кешке келіп, қолдау білдіргендер барша қонақтарға алғысын білдірді.

Гүлім Мұрат

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *