Ұлттық аспапты ұлықтаған

Ағымдағы жылдың 12 маусым күні Рудный қаласында «Аружан» ұлттық аспаптар үйірмесі өз есігін бүлдіршіндерге ашқан болатын. Бұл күн домбыра күнімен тұспа-тұс. Үйірмеде тек домбыра емес, сондай-ақ прима қобыз, жетіген, пианино мен вокал сабақтары жүргізіледі. Рухымызды көтеріп, мерейімізді өсіретін ұлттық аспаптар асыл мұрамызға, ұлттың символына айналды.

Олар ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан мәдени мұра. Қазақтың музыкалық аспаптары өзіне тән үні, орындаушылық дәстүрі халқымыздың бітім-болмысы, тыныс-тіршілігі мен шежіре-тарихын айқындайды. Ал домбыра үйренуші шәкірттің бойында ең бірінші ынта, талпыныс, сабырлық және төзімділік қасиеттері шыңдалады.

«Аружан» үйірмесінің жетекшісі Аружан Мұратова өзі небәрі 21 жаста болса да, бала кезінен музыкаға жақын болып, үйірме ашу арманын орындады. Ұлттық дәстүрдің, ұлттық аспаптың абыройын биікке көтеру және балаларға кәсіби музыкалық бағдар беріп, ұлттық сананы ояту мақсатындағы үйірме қазіргі таңда мектеп оқушыларының шығармашылығын дамытуға үлкен мүмкіндіктер беруде.

— Өзім негізі бала кезімнен музыка мектебінде, одан Рудный қаласында музыкалық колледжінде білім алдым. Қазіргі уақытта, Қостанай облыстық филармониясының ансамбілінде жұмыс істеймін. Білімім жетекшілік етуге сай. Рудный қаласында музыкалық үйірме аздық етіп жатқанын байқап, әкемнің қолдауымен өз мақсатым орындалды. Негізі Рудный қаласында көтерілу өте қиын. Студияны заманға сай қылып, балаларға қолайлы болуын ойладым. Барлық жиһаз және музыкалық аспаптарды сатып алып, орналаса бастадық,- дейді үйірме жетекшісі.

Қазіргі уақытта, студияда балаларға тәлім-тәрбие беретін ұстаздар да жұмыс жасайды. Ол домбыра аспабынан 2 жетекші, пианино мен вокалдан әрқайсысынан 1 жетекші. Аружан өзі прима қобыз және жетіген аспаптарынан балаларды дайындайды.

— Сабақ процессін айтсақ, алғашқы кезде мен балаларды жас айырмашылығы бойынша бөлдім. Одан кейін, 6 жастағы бала 13 жастағы баланың деңгейімен ойнап тұрғаннан, қазір группалар деңгей бойынша бөлінеді. Алғашқы сабақтарды ноталарға арнаймыз. Бұл бала ойнап жатқан шығармасын түсіну үшін, қағаз бетіне ноталарды түсіруге бағытталған. Кәсіби музыкант ноталарды жазу мен оқуды білу керек, сол себепті біз диктант жүргіземіз. Аспапты өзіне келтіруге үйретеміз, ол бала ойнап жатқан аспабын сезу үшін. Содан кейін ғана балалармен күй, шығармаларды талдаймыз,-деп сабақ барысына тоқталды.

«Аружан» ұлттық аспаптар студиясы, музыкалық мектеп секілді 7 жылдық білім береді. Түлекке сольфеджио мен үйренген аспабын жетік меңгергені үшін диплом табысталады. 

– Үйірме қатысушыларының бірі аспапта ойнау қабілеті бар болса, кейбірі бірінші рет музыка әлеміне келіп жатыр. Бәріне бірдей білім нәрімен сусындырып, қағысынан, орандауынан бастап өзім үйреттім. 4 айдың ішінде балалар 4-5 толық күйлерді орындай алады. Алғаш рет Абай күні қарсағындағы мерекелік жиында өнер көрсеттік. Содан кейін, Рудный, Қостанай қала күндеріне концертке қатысуға шақырды. Ол кездері уақытқа қарамай дайындыққа көп уақыт бөлдік. Жақында үйірме тәрбиеленушілері 7 қазанда Астана қаласында халықаралық деңгейдегі «Аlash star» сайысына қатысты. Басты себеп орын алу емес, тәжірбие жинауға, балаларға көңіл-күй сыйлау болатын. Ата-аналар сайыс жайлы естігенде қатты қуанды. Бұл іс-шараға республикамыздың барлық облыстарынан жас өнерпаздар қатысты. 5 күндік сапарамызда жүлделі орындарды иелендік. «Балбырауын», «Тепең көк» мен «Сал күрең» атты халық күйлерін орындап, 8 оқушыдан құралған ансамбль 3 орын, 6 жасар Сламханов Диас 1 орын, 10 жастағы Қуандықов Алим 2 орын және 13 жастағы Оразғали Бекзат 3 орын алды. 1 орынға ие болған Сламханов Диас Қазақстан елінің атынан 2024 жылғы 26 наурыз күні өтетін Стамбул қаласындағы халықаралық байқауға қатысады. Алдағы уақытта әлі де жетістерге жету үшін жұмыс жасайтын боламыз,- деп жаңалықтарымен бөлісті Аружан Мұратова.

Болашақта «Аружан» ұлттық аспаптар студиясы бұдан да биік белестерді бағындырып, жұлдыз болып жанған балалардың өнері өрге жүзсін деп тілейміз. Ұлттық тәрбиеге итермелейтін үйірмелер қатары көбейіп, қала абыройы мен мақтанышына айнала берсін!

Сания Сактаган

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *