Бүгінде дамыған мемлекеттерде адам жасайтын жұмысты құлтемірлердің атқарып жатқанына куә боп жүрміз
Қазақ баласының да жасанды инттеллект жасауға деген құлшынысы ерекше. Қаламыздағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектепте 2020 жылдан бері робототехника үйірмесі жұмыс істейді. Балалардың қолынан шыққан роботтары мен жетістіктерін білу мақсатында білім ордасына барып қайттық.
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектеп базасында «Робототехника» үйірмесі 2020 жылы ашылған. Онда қазіргі уақытта 7 оқушы бар. Сабақтар аптасына 2 мәрте өткізіледі. Үйірме жетекшісі Ерсұлтан Бұхарбаев робот құрастыруымен мектеп кезінен айналысыпты. Ол 11-сынып оқып жүргенде республикалық жарыста жасанды инттеллект құрастырып, бірінші орынды жеңіп алған.
«Үйірмеде сабақтар бастапқы кезеңде ойын түрінде өткізілді. Яғни, барлығымызға белгілі «Сумо» ойыны. Соңғы уақытта балалар ашық проекттер жасап, ғылыми жобаларға қатысып, бақтарын сынап жүр», — деді Ерсұлтан Бұхарбаев.
7-сынып оқушылары Мағжан Жұмабай мен Дамир Адилханов командасымен егіс алқаптарына автоматты түрде тыңайтқыштарды енгізетін роботты ойлап тапты. Мағжан осы құлтемірді облыстық жарыстарда қорғап, 1-ші орын иеленген, ал Дамир онлайн байқауларға қатысып жүр.
«Қазіргі таңда топырақтар құнарсыз болып барады. Соның салдарынан жалпы өнім саны 2,4 пайызға кеміп, 7,4 триллион теңгені құрады. Сол себепті біз осы роботты құрауға шешім қабылдадық», — деді Мағжан Жұмабай.
Олардың сыныптасы Айдос Бухаралиев пен Нұрлыбек Дангилов болса, «Шаян» атты ауыр жүкті бір жерден екінші жерге көшіретін роботты жасап шығарды. Айтуларынша, жасанды инттеллект адамның жұмысын біршама жеңілдетеді.
«Алдағы уақытта да осы тектес жасанды интеллектерді ойлап табу жоспарымызда бар. Себебі, роботтардың адам өмірінде пайдасы орасан зор. Бұл біздің барлық командамыздың арқасында жүзеге асырылған жоба. Авторы – Нұрлыбек Дангилов. Роботты ойлап табуға бар болғаны 2 сағатқа жуық уақыт кетті», — деді Айдос Бухаралиев.
Оқушылар қалалық және облыстық байқаулардан ғылыми жобаны қорғап, 3-ші орынды иеленген. Жуырда Қарағанды қаласында өткен «ROBOLAND» республикалық фестиваліне қатысты. Жарысқа Қазақстан облыстарынан бөлек, Грекия, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстаннан қатысушылар келіп, 300 команда өздері жасаған құрылымдарды таныстырады.
«Қарағанды қаласында «ROBOLAND» жарысы өтті. Сайыста біз үйлерді автоматты түрде салуға арналған роботты таныстырдық. Өкінішке қарай, орын бұйырмады. Десек те, көптеген тәжірибе жинадық»,-деді үйірме жетекшісі.
Қазіргі таңда үйірмеде үш негізгі, екі ресурстық жабдықтар бар. Сондай-ақ 3 «Arduino uno» жинағы балаларды бағдарламауға үйретеді. Ерсұлтан Бұхарбаевтың айтуынша, алдағы уақытта робототехника жабдықтарын алу жоспарда бар.
Арай Марат