Баскетбол: Үздіктер республикаға жолдама алды

Қаламыздағы № 7 және № 10 орта мектептерде Кеңес Одағының батыры Сұлтан Баймағамбетовтің 80 жылдығына арналған баскетболдан «Алтын доп» жарысы өтті. Спорттық сайысқа 4-8 сыныптардың 150-ден астам ұл-қыздары қатысты.

 Жарыста Қостанай облысының аудандары мен қалаларынан 13 ұлдар командасы және 13 қыздар командасы бақтарын сынады. Қуаныш Бимурзиннің айтуынша, командалардың деңгейі әртүрлі. Олар үшін басты ынталандыру – республикаға жолдама, яғни осы кезеңнің жеңімпаздары сайыстың республикалық кезеңінде Қостанай облысының атынан қатысып, намысын қорғайды.

«19-23 сәуір аралығында 7-8 сыныптар арасында ұлттық мектеп баскетбол лигасының облыстық кезеңі өтіп жатыр. Рудный қаласының ұйымдастыруымен № 10 орта мектепте, № 7 орта мектепте екі учаскеде жарыс өткізіледі. Қыздар № 7 мектеп базасында, ұлдар № 10 мектепте ойнайды. Бүгін жарыстың екінші күні. Командалардың деңгейі жыл сайын артып келеді. Біз 7-8 сыныптар арасында бірінші рет жарыс өткізудеміз, бірақ спортшылардың деңгейі қазірдің өзінде байқалуда. Менің ойымша, бұл балалар оқуларын аяқтаған соң жасөспірімдер спорт мектебіне түсіп, алдағы уақытта жақсы нәтиже көрсетеді», — деді «Өңірлік дене шынықтыру және балалар-жасөспірімдер туризм орталығы» директоры Қуаныш Бимурзин.

Облыс бойынша баскетболдан бөлек шағын футбол, волейбол, дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ және үстел теннисінен жарыстар өткізіліп, үздіктердің үздіктері анықталады. Командалар арасындағы ойын кездесулері тартысты, әрі қызықты өтті. Допты жақсы меңгеріп, нәтижелі соққыларымен көзге түскендер де болды. Рудныйлықтар өз кезегінде сайыс барысында ептілік пен жылдамдықты, төзімділік пен командалық рухты көрсете білді. Келген қонақтардың қатарында Арқалық қаласынан 2 құрама бар.

«Біз бүгін Рудный қаласына облыс оқушыларының мектеп лигасы жарысына келдік. Мен Арқалық қаласынан Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп гимназиясынан ерлер командасы мен Мұхтар Әуезов атындағы № 5 мектептен қыздар командасын әкелдім. Рудный қаласы — өте жақсы, керемет, қонақжай қала. Командамызды жақсы қарсы алуда. Жарыс өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Бұл жарыста тек мықтылар жеңіске жетеді деп сенеміз. Ең бастысы, біз оқушыларға салауатты өмір салтын насихаттап, спортты одан әрі дамытамыз», — деді Арқалық қаласынан келген жаттықтырушы Ораз Даркенов.

Командалар арасында жеңімпаздар мен жүлдегерлер қатарында Рудныйлық командалар да бар. Айта кету керек, 14 мен 16 сәуір аралығында өткен бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша, қыздар арасында № 2 гимназия 1-орынға ие болды. Ал, ұлдар арасында 2-орын Міржақып Дулатұлы атындағы мектеп командасына бұйырды.

Зерде Жеңіс

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *