Садақа – берекенің кілті

Рамазан – жақсылықтың сауабы еселеніп жазылатын ай. Оразада әрбір игі амалдың сауабы еселеніп жазылады. Құдси хадисте Алла тағала: «Ораза – тек Мен үшін. Оның сыйын (сауабын) Өзім ғана беремін…» – деп оразаның қадірі мен қасиетін, мәні мен маңызын баяндаған. Осы орайда Рудный қалалық «Нұр» мешітінің имамы Бектұрсын қажы Торғайбайұлымен жүздесіп, садақа беруге қатысты жұрт көкейіндегі сұрақтарға жауап алған болатынбыз.

Алдымен садақа сөзінің мән-мағынасын, маңызын айқындап берсеңіз.

Алла разылығы үшін жасалған әрбір іс пен берілген затқа – садақа дейміз. Берілетін садақаның үлкен-кішісі болмайды. «Садақа» сөзі адалдық, шынайылық деген мағыналарға саяды. Садақа арқылы пенде өзінің Құдай алдындағы адалдығын, сенімінің шынайылығын дәлелдейді.

Жасалатын жақсылық істің садақа болуы үшін діни тұрғыдан үш ерекшелікке ие болуы керек: мұқтаж жанға беру, Алла разылығы үшін берілуі және берілген садақа өз мүлкінен, адал табысынан болуы.

Асыл дініміз Ислам өзгеге жәрдем беруді бұйыратын дін. Адамзат тарихына үңілгенімізде, Исламға дейін бірде-бір елде бай мен кедейдің, әлсіз бен күштінің арасындағы құқық болмаған. Ал ислам бай мен кедейді жақындатып, бір-біріне көмек қолын созуды, қарайласуды мұсылманға міндет әрі сауапты амал екенін сүйіншілеп үйретті.

Садақаның пайдасы қандай?

Садақа берген сәтте өзгелер үшін пайдасы болған амал ретінде көрінгенімен негізінде берген адам үшін пайдасы мен сауабы мол. Садақа адамға мейірімділікті, нәпсіні тәрбиелеуді үйретеді.

Садақа берудің осы дүниедегі пайдалары:

Мал-дүниені тазартады, күнәларды өшіреді, тәкәппарлықты жояды. Ауру мен апаттан сақтайды, ардақты пайғамбарымыз: «Науқастарыңды садақамен емдеңдер. Садақа әрбір ауруды және бәлекетті қайтарады», «Садақа беруде асығыңыздар, өйткені апат садақадан оза алмайды» – дейді.

Мұқтаж жандарды қуантады, ризықты арттырып, табысқа берекесін береді, хадисте: «Садақа бергеннің ризығы артып, дұғасы қабыл болады»,

«Азда болса садақа беріңдер. Ақшасын сараңдықпен бермегенге, Алла да нығметін азайтып қояды» – делінген.

Енді садақаның ахиреттегі пайдалары:

Қияметтің қоқыныш-үрейінен сақтап, пана болады. Пайғамбарымыз өсиет сөзінде: «Садақа қабір азабынан сақтайды, қияметте иесін өз қамқорына алады». Сырат көпірінен өтуі оңай болып, дүниесінің есебін беруде жеңіл болмақ.

Тағы бір есте ұстарымыз – Садақа тек қаржымен шектелмейді. Жақсы ниетпен жасаған әрбір ісіміз садақа болатынына мына хадистер дәлел:

 «Жақсы сөз айту – садақа», «Күлімсіреген жүзбен сәлем беру – садақа»,

 «Жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыйу – садақа»-делінген.

Садақа беруде қандай жәйттерге мән беруіміз қажет?

Сұрағыңыз өте орынды. Мына жәйттерге мән беру керек:

Біріншіден, іске жарамсыз өзіңе де, елге де қажеті шамалы бұйымды (затты) садақа ретінде беру дұрыс емес. Бұл жайында құранда: «Әй, мүминдер! Өздерің амалсыз алатын құнсыз, сапасыз дүниені Алла жолына беруді ойламаңдар».

Екіншіден, берген көмек пен садақаны міндетсінбеу қажет. Аятта былай ескертеді: «Ей, иман келтіргендер, мал-мүлкін көрер көз үшін жұмсайтындар, Аллаға және ахирет күніне сенбейтіндер секілді бергендеріңді міндет қылып, ренжітіп, садақаларыңның сауабын жойып алмаңдар».

Енді «зекет, пітір, пидия» сияқты парыз және уәжіп садақаларға  тоқталып өтсеңіз?

«Зекет» дегеніміз не?: Зекет – Исламның бес парызының бірі, дүние-мүлік арқылы іске асатын құлшылық. Зекет ол – тазалық, өсіп-өну. Мал-дүниесін нисаб мөлшеріне жеткен адамның, кедей-міскінге табыстауы. Нисаб дегеніміз – байлық мөлшері. Яғни қолындағы күнделікті қажеттіліктен артық жиналған дүние-қаражаты ең кемі бір жыл тұруы. Бай, ауқатты болып саналатын мұсылмандардың әр жылы дүние-мүлкі мен ақшасының екі жарым пайызын кедейлерге беруі.

«Қой малы» қырыққа толмайынша зекеті берілмейді. 40-тан 120-ға дейін бір қой беріледі;

«Сиыр малының» саны отызға жетпейінше зекет парыз емес. 30 сиырдан екі жасар торпақ, 40 сиырдан үш жасар сиыр зекетке беріледі.

«Жылқы малы»: жарты жылдан көп уақыт жайылымда жүретін жылқы құнының 2,5%-ы ғана зекетке беріледі.

«Түйе» зекеті: 5-түйеден 9 түйеге дейін бір қой зекетке беріледі.

«Егістік-жер» өнімдерінің зекеті: жер өнімдерінен алынатын зекет түрін «үшір» дейміз. (жерден өсіп шыққан өнімнің онда бірі зекет ретінде берілетіндіктен аталмыш зекет түрі солай аталған). Егер өнімді өзен суы немесе жаңбыр суы суарған болса, жалпы өнімнің онда бірін (10 пайыз) зекет ретінде береді. Ал, егістіктегі өнім арнайы су таситын ыдыстармен су тасып, еңбек жұмсалып суарылған болса, жиырмада бірі (5 пайыз) беріледі.

Зекет бұл – жүректі сараңдықтан, дүние-мүлікті рухани кірден тазартатын, бай-ауқатты адамдардың мейірім сезімдерін оятатын ғибадат. Зекеттің аясында кедейлердің көкейлеріндегі көре алмаушылық және
қызғаныш сезімі жойылады. Өздеріне жәрдем ететін ауқатты адамдарға деген құрмет сезімдері пайда бола отырып, халық арасында бірлік, бауырмалдық сезімдер үстемдік етеді.

«Пітір» садақасы: пітір сөзі жаратылыс деген ұғымды береді, оны жан садақасы деп те атайды. Пітір – оразаның қате-кемшіліктерін толтыратын, Құдайға шүкіршілік ету үшін, рамазан айынан бастап, айт күніне дейін берілетін садақа. Пітір садақа екі келі бидай немесе оның өнімдерімен немесе төрт келі мейіз, құрмамен есептеледі. Биылғы пітір садақа мөлшері нарықтағы екі келі ұнның орташа бағасымен есептеліп, 500 (бес жүз) теңгені құрап отыр.

«Пидия» садақасы: Ислам дінінде бұйырылған белгілі бір құлшылықтың орнына төлем жасау «пидия» деп аталады. Құранда: «Парыз ораза санаулы әрі белгілі күндерде ғана өтеледі. Ораза ұстауға шамасы әзер жететіндер (яғни, қарттар және созылмалы дертке шалдыққан науқастар қаза болған әр күнге) пидия ретінде бір жарлының (бір күндік екі мезгіл) тамағын (немесе соның құнын ақшалай) беруі керек» делінген. Қатерлі ісік, туберкулез, қант диабеті, асқазан жарасы (язва), тыныс және жүрек демікпесі (астма) секілді созылмалы ауруға шалдыққан науқастар және жасы үлкен егде адамдар ауыз бекітуге шамасы келмесе, пидия береді. Пидия садақасы – ол орта есеппен бір адамның күнделікті (таңғы және кешкі) тойып ішетін асы. Оның мөлшері қазіргі таңда 1500 (бір мың бес жүз) теңге. Бірнеше күннің пидиясын бір адамға немесе бірнеше адамға бөліп бере алады. Бұл садақа халықтың кедей топтарына, тұрмыстық жағдайы төмен көп балалы отбасына үлестіріледі. Егер пидия беруге жағдайы болмаса, төлемнен азат етіледі, Алла Тағаладан кешірім тілейді…

Жалпы, алып қарайтын болсақ, түсінген жан үшін пенде қандай бір мұқтаж-кембағалға садақа берумен сауапқа кенеледі әрі мүлкінен ештеңе кеміп қалмайды. Керісінше Алла оның мүлкіне береке береді. Ардақты Пайғамбарымыз: «Садақа мал-дүниені ешқашан кемітпейді. Пенде қолын садақа беру үшін созғанда ол садақа сұраушының қолына жетпестен бұрын Аллаға берілгендей болады».

Садақаны сауыңда бер» деген бабалырымыз бес күндік тіршілікте ажал
келместен, басқа бәле келместен бұрын садақа беруді үрдіске айналдырған. «Алланың Елшісі (с.ғ.с.) былай дейді: «Садақа Раббының ашуын басады және жаман өлімді қайтарады».

Алла тағала қасиетті Рамазан айында беріп жатқан садақаларыңызды, әрқандай қайырымды істеріңізді сауаптан жазып, қабыл етсін!

Мәнді де мағыналы сұхбатыңызға рахмет!

Айзат ИБРАГИМ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *