Сонау 50-жылдардың басында Торғайдың Бас жыланшығында туып, Науырзымда жалынды жастық шағы өткен Жаңбыршы Тұқатұлы бүгінде ел ағасына айналып, кемел жас жетпіс жасқа толып отыр. Қостанай ауылшаруашылығы техникумын «мал дәрігері» мамандығын меңгерген Жаңбыршы ағамыз, барлық саналы ғұмырын ветеринария және ауылшаруашылығы саласына арнады.
Еңбек жолын сонау 1970 жылдары Науырзым ауданынан бастап, Рудный қаласы әкімдігінің ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы қызметіне дейін көтеріліп, оны абыроймен атқарып, қазіргі таңда бейнетінің зейнетін көруде. Зейнетке шыққан кейін де Жаңбыршы Тұқатұлы қаламыздың әлеуметтік-мәдени, саяси-қоғамдық жұмыстарына белсене араласып келеді.
Атап айтатын болсақ, 2019 жылдан бері Рудный қаласы бойынша қоғамдық келісім ұйымының төрағасы, Қарттар қоғамдық қорының жетекшісі, ақын, прозашы, әнші, Республикалық бата жарысының жүлдегері, қазақ тілінің жанашыры Жаңбыршы ағамыз қаламызда өтетін мәдени ісшараларға да белсене қатысып, өзінің ұлағатты әңгімелерін өскелең ұрпаққа айтып, батасын беріп отырады.
Тіл жанашыры ретінде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге қатысты семинар, конференцияларға да белсене қатысып, мәнді, мағыналы ой-пікірлерін ортаға салып, қоғамның тілге деген оң көзқарасын қалыптастырып келеді. Осы орайда Рудный қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің атынан Жаңбыршы ағамызға зор алғысымызды білдіре отырып, мерейлі 70-жасымен құттықтаймыз! Қазақ тілінің құлаш жайып өркендеуіне, қоғамдық сананың қалыптасуына, қаламыздың гүлденуіне өз үлесіңізді қоса беріңіз!
Рудный қалалық мәдениет және тілдерді дамыту
бөлімінің басшысы Ж.Қ.Мырзабаева