Балағат сөз үшін айыппұл – 69 мың теңге

Елімізде 6 наурыздан бастап қоғамдық орында балағат сөз айтқандар айыппұл арқалайды. Аузына абай болмағандар 30 тәулікке дейін қамалуы мүмкін. Яғни, тиісті заң күшіне енді. Бұл құжат қалай жүзеге асады? Әлеуметтік желіде бейәдеп сөз қолданғандар жауапқа тартыла ма? Қостанай облыстық адвокаттар алқасының адвокаты Әсел Бекенова айтып берді.

Қазақстан заңнамасында балағат сөздер үшін жауапкершілік бұрыннан көзделген. Бұл жолы тек айыппұл мөлшері 17 250 теңгеден 69 мыңға көбейді. Яғни, 4 есеге өскен. Сондай-ақ аузыңа абай болмағандар 5-тен 30 тәулікке дейін қамауға алынады. Әдетте, ұсақ бұзақылық үшін әкімшілік жауапкершілік қоғамдық орындарда, айналасындағыларға сыйламаушылық білдіру, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзып, балағат сөздер айтылған жағдайда ғана туындайды.

«Жалпы балағат сөз айтқандар жазаланады деген заң бұрыннан бар. Бөтен адамның ар-намысы мен қадiр-қасиетiн таптау қылмыстық құқық бұзушылық болып табылады, ол үшiн 120 сағатқа дейiнгi мөлшерде айыппұл салу көзделген. Егер отбасында дөрекі сөздер болса, мұндай бұзушылық әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-бабына жатады және ескерту немесе 5 тәулікке дейін қамауға алуды қарастырылған. 6 наурыздан бастап Қазақстанда әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске түзетулер енгізілді. Оған сәйкес, балағат сөздер үшін жаза қатаңдатылуда. Бұған дейін ұсақ бұзақылық үшін 5 АЕК (17 250 теңге) мөлшерінде айыппұл салынған немесе 15 тәулікке дейін қамауға алынды. Жаңа заңда айыппұл мөлшері 20 АЕК (69 000 теңге) немесе 30 тәулікке қамауға алынады», — деді Қостанай облыстық адвокаттар алқасының адвокаты Әсел Бекенова.

Адамдар бір-біріне жалған айып тақпауы үшін шағымданушы полиция қызметкерлеріне нақты дәлелдемелер ұсынуы қажет. Бұл — азаматтардың өтініші, куәгерлердің айғақтары, сондай-ақ құқық бұзушылықтың аудио немесе бейнетүсірілімі, қажет болған жағдайда сарапшының қорытындысы.

«Егер сіз куәгер болсаңыз, 102 пультіне немесе учаскелік инспекторға хабарласуыңыз керек. Құқық қорғау органдары хаттама жасайды, дәлелдемелік база жиналады, куәгерлердің түсіндірмелері, аудио-видео тіркелу болған жағдайда материал сотқа жіберіледі. Егер әкімшілік құқық бұзушылық құрамы болса, сот дәлелденген және кінәнің бар-жоғына құқықтық баға береді, содан кейін сот адамды әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы қаулы шығарады және оған әкімшілік жаза тағайындайды , егер құрамы болмаса, онда іс құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылады», — деді адвокат.

Әлеуметтік желілерде балағат сөздер айтқаны үшін де ұсақ бұзақылық бабымен қарастырылады. Енді тікелей эфирге шығып, көрінгенмен сөз таластыратындарға да оңай болмайды. Боғауыздың қай тілде айтылуы маңызды емес. Жаза бәріне бірдей.

«Ғаламтордағы, әлеуметтік желілердегі әдепсіз сөздер де осы баптың аясына жазаланады. Кейбір блогерлер парақшасын балағат сөздерді қолданумен жүргізеді, әрі қарай парақшасын бақылау немесе бейнені қарауды шектеу өздеріңіздің еркінізде. Немесе сіз қызықты рецепттер үшін парақшасын бақылайтын фудблогердің блогында күтпеген мораль мен әдептілік нормаларынан тыс көріністерге мүмкіндік беруі мүмкін. Бірақ бұл екеуі екі түрлі мысал.Бұл жағдай даулы мәселелерге жатады, оларды шешу үшін мамандарды тарту дұрысырақ болар еді», — деді Әсел Бекенова.

Өз отбасында аузына абай бола алмағандар үшін де арнайы бап бар. Бала-шағаның көзінше бейәдеп қылық танытқандар ескерту алып, 17 мың теңге көлемінде айыппұл төлейді. Айта кету керек, әзірге Рудный қаласы бойынша бірде-бір арыз түспеді.

 Арай Марат

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *