Өрмек тоқу өнер

Бұрын өрмек тоқып отырған кеуаналарды отандық телеарналардың бірен-саран материалдарынан көруші едік. Ал алаша тоқитын балаларды қаладағы №15 балабақшада жолықтырдық. Ұлттық өнерді өскелең ұрпаққа үйретіп отырған ұжымның жұмысына дән риза болдық.

Мұндай игі бастама 2019 жылы қолға алынып, вариативтік компонент ретінде оқу-тәрбие жоспарына енгізілген. Қазақтың алаша тоқу технологиясын тыңғылықты зерттеп, көп ұзамай балаларға үйрете бастады. Ол үшін әр бүлдіршінге ата-аналары арнайы станоктар жасап берген. Балабақша меңгерушісі Жанна Күзембаеваның айтуынша, тоқу барысында бала түстерді жаттап, оларды оңай ажыратуға жаттығады екен.

– «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында осындай бастаманы қолға алдық. Басты мақсатымыз балалардың бойында ата дәстүрлеріне деген құрмет сезімін тудырып, еңбекке баулу, ұлттық рухта тәрбиелеу. Асық ойнап, алаша тоқып, қазақтың басқа да құндылықтарын бойына сіңіріп өскен
балдырғандардан болашақта елін сүйетін, ұлтжанды азамат шығатыны анық, – дейді ол.

Алаша тоқу үйірмесін енгізбес бұрын ата-аналардан сауалнама алынып, балалардың жіпке аллергия бар-жоқтығы анықталған. Қазіргі таңда 100 тәрбиеленуші осы тоқыма тоқудың қыр-сырымен танысып жатыр. Олардың қолданатын станоктары жеңіл, әрі ықшам, өздеріне сай қылып арнайы тапсырыспен жасалған.

– Алаша тоқу арқылы 3-6 жастағы балалардың саусақ-қол моторикасын дамытуға да болады. Ата-аналар да үйінде балаларымен бірге жаттығулар жасап, тоқыма өнеріне қызығушылық танытып жатыр. Біз ұлттық құндылықтарымызды жаңғырта отырып, қазіргі заманға сай ою-өрнектерді пайдалана отырып алаша тоқуды үйретеміз, – дейді балабақша тәрбиешісі Гүлшат Абжанова.

Алдағы уақытта шеберлікті арттырып,
облыстағы арнайы клубтар арқылы тәжірибемен бөлісуді жоспарлап отыр. Балалардың жасаған дүниелері расында көздің жауын алады. Мұның артында ұжымның, ата-аналар мен бүлдіршіндердің бірлескен үлкен еңбегі жатқаны анық.

Асылан ЕРМЕКБАЙ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *