Жастар жалау еткен «Жайдарман»

Бүгінде жалынды жастардың басын қосқан «Жайдарман» әзілқойлар мен тапқырлар сайысы көпшіліктің сүйіп көретін және сүйсіне ойнайтын әзіл алаңына айналды

Осы ерекше жобаның Рудный қаласында жүзеге асып, кең таралуына біз 2013 жылдан бері көңіл бөліп келеміз. Негізгі мақсат – қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту, жастарды мәдениеттілікке тәрбиелеу, мемлекеттік тілді КТК қозғалысын өркендету. Сондай-ақ «Жайдарман» ойындары замандастарымыздың өрісін көркейте түсуге және де беделін арттыруға үлес қосу, интеллектуалды деңгейін көтеру және өмірлік дұрыс бағыт-бағдар беру, қоғам дамуына үлес қосу, өмірде өз орнын дұрыс таба білуге баулиды.

Қазіргі таңда кеншілер шаһарында 10-нан астам жайдарман топтары бар. Сол топтарды қала, облыс,
республика деңгейіндегі ойындарға дайындап, қатыстырамыз. Жетістіктеріміз де аз емес. Мысалға Республикалық Жоғары лигада өнер көрсетіп жүрген «Рудный құрамасының» еншісінде Қостанай супер лигасының 2 дүркін чемпионы атағы (2019-2020ж.), Орал қаласы әкімінің кубогінде 2-жыл қатарынан 2-нші орын иеленді, Республикалық Премьер-лиганың 2019 жылғы вице-чемпиондық атағы, Республикалық Жоғары лиганың 2020 жылғы қола жүлдесі 2021 жылғы күміс жүлдесі бар.

Биылғы Жайдарман маусымы «Рудный құрамасымен» қатар басқа да топтарға жемісті болады деп сенеміз. Наурыз айының 15-22 аралығында Нұр-Сұлтан қаласында Республикалық «Маусымашар-2022» фестивалі ұйымдастырылған болатын. Сол ойында біздің 4 командамыз өнер көрсетті. Олар: «Ақ пен қара», «Техас», «Сарыбай құрамасы» және «Рудный құрамасы».

Бұл фестивальге Қазақстанның түпкір түпкірінен 170 тен астам команда келіп, өз бақтарын сынады. Біздің командалар жақсы өнер көрсетіп, көзге түсіп «Ақ пен қара» және «Рудный құрамасы» «Астана» телеарнасынан көрсетілген гала-концертке қатысты. Ескерте кетейік, бұл шарада жүзден суырылып шыққан 30 команда ғана өнер көрсетті.

Фестиваль қорытындысы бойынша «Рудный құрамасы» Республикалық Жоғары лигаға, «Техас» командасы Премьер-лигаға, «Ақ пен қара» Нұр-Сұлтан ашық лигасына, «Сарыбай құрамасы» Бірінші лигаға жолдама алды.

Енді біздің алдымызда үлкен міндет пен жауапкершілік тұр. Ол – Жайдарман ойындарында үздік ойын үлгісін көрсетіп, қаламыздың абыройын асқақтату. Іске сәт!

Қазыбек НҰРҒОЖИН,

Жастар ресурстық орталығының жастармен жұмыс жөніндегі әдіскері

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *