Қыстың басталуымен және жылыту маусымының жақындауымен көміртегі тотығымен улану қаупі арта түседі. Осыған байланысты Рудный қаласының Төтенше жағдайлар басқармасы тұрғындарды жылу маусымы кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады.
«Улы газдың түсі, иісі жоқ, сондықтан оны адам сезе алмайды. Газдың ауаға аздаған мөлшерде таралуы да қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін. Бөлмеде улы газдың 0,1%-дан астамы жиналса, адам бірнеше минутта уланады. Егер газдың концентрациясы 0,5%-ға жетсе, бұл 20 минут ішінде өлімге әкелуі мүмкін. Жарылыс немесе өртке себеп болған газ жабдықтарын пайдаланудың қауіпсіздік ережелерін сақтамау іс барысындағы заң бойынша жауапкершілікке тартуға негіз болады»,- делінген қалалық Төтенше жағдайлар басқармасы хабарламасында.
Сонымен қатар «QazaqGaz Aimaq» АҚ ауа-райының өзгеруіне және жылыту маусымының басталуына байланысты улы газбен улану қаупі артқанын ескертеді. Өкінішке орай, статистика бойынша жыл сайын табиғи газды тұтынушылары бұл ескертулерге немқұрайлы қарайтынын көрсетеді.
Газ қызметкерлері үшін анықталған нәрсе – орын алған қайғылы жағдайлар, негізінен, газ тұтыну жабдықтарын пайдалану кезінде қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамағандықтан болады. Оған себеп — зардап шеккендердің жылыту құралдарын пайдалануға немқұрайлы қарауы, оларды өз бетінше қосуы, құрастыруы немесе орнын ауыстыруы, қолдан жасалған газ жабдықтарын пайдалануы, тамақ дайындауға арналған газ жабдығымен үй-жайларды жылытуы, техникалық қызмет көрсетуді орындамауы, мұржаның түтін тартуын тексермеуі.
ТЫЙЫМ САЛЫНАДЫ:
► Пешті пайдалануға балаларды және өз ісіне жауап бере алмайтын, пешті пайдалану ережелерін білмейтін өзге адамдарды жақындатуға.
► Пеш қондырғыларына өз еркімен өзгеріс енгізуге және жөндеуге.
► Бекіткіштің иінтірегін клапан батырмасын күшпен тартуға, себебі бұл қауіпсіздік автоматикасын істен шығарып, қайғылы оқиғаларға себеп болады.
► Газ плиталарын үйді жылыту үшін қолдануға.
► Желкес және желдеткіш каналдары жабық тұрған кезде, қаланған кірпіштердің тұтастығы бұзылғанда, сылақ жарылғанда және мұржадан түтін тартпағанда пештерді пайдалануға.
► Газ жабдықтарын орнатылған бөлмелерде ұйықтауға және демалуға.
► Жанарғыны өз еркімен бұзып, қайта орнатуға, пайдалануға.
► Қолдан жасалған пештерді өз күшіңізбен орнатуға, пайдалануға.
Өкінішке орай, Рудный қаласының құтқарушылары жыл сайын газбен улану жағдайларын тіркейді. Бұл оқиғалардың басым көпшілігі тұрғындардың салғырттығынан және қауіпсіздік шараларын сақтамауынан туындайды.
ПӘТЕРДЕ ГАЗ ИІСІ СЕЗІЛСЕ:
► Жедел түрде барлық газ крандарын жабу керек.
►Бөлмені желдету керек.
►Ашық отты, электр құралдарын пайдалануға тыйым салынады.
►104 телефоны бойынша апат қызметін шақыру керек.
Есіңізде болсын: Қарапайым сақтық шараларын сақтау өміріңізді құтқарады! Жылыту маусымы – тек жайлылық емес, сонымен бірге қауіпсіздікке жауапкершілік кезеңі.
Арман БЕЙСЕНҰЛЫ,
Суретті түсірген Султан СЕРТАЕВ