Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына құжаттарды қабылдау жалғасуда
2025 жылғы 1 сәуірден бастап ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына онлайн-өтінімдерді қабылдау басталды. Құжаттарды 2025 жылдың 25 маусымына дейін Admission ақпараттық жүйесі арқылы тапсыруға болады. Академияның Қостанай облысы бойынша филиалының директоры Ақерке Бекахметованың Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңындағы брифингте хабарлауынша, биыл 9 магистрлік және 3 докторлық бағдарлама бойынша қабылдау жүргізіледі. Оның ішінде жаңа бағдарлама – «Цифрлық мемлекеттік басқару» (MDPA) магистратурасы да бар.
Магистратураға 120, ал докторантураға 12 мемлекеттік білім гранты бөлінді.
Жаңалықтардың бірі — кейбір бағдарламалар үшін мемлекеттік қызмет өтіліне қойылатын талаптың 3 жылдан 5 жылға дейін ұлғаюы. Ақылы негізде оқуға түсетіндерге де нақты талаптар белгіленіп, әр бағдарламаға қосымша шарттар енгізілді. Сонымен қатар икемді онлайн-өтініш беру және тестілеу жүйесі, оның ішінде QAZAQ RESMI TEST енгізілді.
Іріктеу кезеңдері:
- 28 маусым – 1 шілде: аналитикалық эссе (онлайн);
- 8 – 23 шілде: офлайн сұхбат;
- 25 шілде: нәтижелерді жариялау;
- 1 қыркүйек: оқу жылының басталуы.
Жаңа MDPA магистратура бағдарламасы цифрлық трансформацияны басқару, мемлекеттік секторда цифрлық шешімдер әзірлеу мен енгізу және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы мамандарды даярлауға бағытталған. Бір жылдық бағдарламаға цифрлық даму саласында жұмыс істейтін және бейінді жоғары білімі бар, кемінде 3 жыл мемлекеттік қызмет өтілі бар үміткерлер қатыса алады.
Барлық магистратура бағдарламаларына қабылдану үшін мемлекеттік қызмет өтілі 2 жылдан 3 жылға дейін ұзартылды.
«MPA – Мемлекеттік басқару» бағдарламасына – кемінде 5 жыл,
«MPP – Мемлекеттік саясат» бағдарламасына – кемінде 4 жыл еңбек өтілі талап етіледі.
Енді ақылы бөлімде тек мемлекеттік қызметшілер ғана емес, сондай-ақ мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын мемлекеттік органдардың ведомстволық бағынысты ұйымдарының және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің өкілдері де оқи алады.
Үміткерлер келесі құжаттарды тапсыруы қажет:
- Мемлекеттік органның жолдамасы (тек мемлекеттік қызметшілер үшін). Мемлекеттік грантқа үміткерлер жолдаманы мемлекеттік органның басшысы немесе аппарат басшысының қолымен ұсынуы тиіс.
- Жеке куәліктің электрондық көшірмесі.
- Жоғары білім туралы диплом мен қосымшасының скан нұсқасы (магистратураға) немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім туралы диплом мен қосымшасының көшірмесі (докторантураға).
- Мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін растайтын В1 деңгейінен төмен емес QAZAQ RESMI TEST немесе ҚАЗТЕСТ сертификаты (шетел азаматтарынан басқа). QAZAQ RESMI TEST – Академия базасында әзірленген және кез келген өңірде онлайн форматта тапсыруға болады.
- MPA, MIR магистратура бағдарламаларына және докторантураға бір халықаралық сертификат (IELTS, TOEFL IBT, TOEFL ITP немесе TOEIC).
- Мемлекеттік қызметшілер үшін – қызметтік тізім; басқа үміткерлер үшін – еңбек қызметін растайтын құжат.
- Докторантураға түсетіндер үшін – ғылыми-зерттеу жоспары (Research proposal), ол жеке бағаланады.
- Электрондық цифрлық қолтаңбамен расталған өтініш.
Қабылдау ережелері туралы толық ақпарат apa.kz Академияның ресми сайтында, сондай-ақ әлеуметтік желідегі ресми парақшаларында жарияланған.
Гүлім МҰРАТ,
сурет ғаламтор
желісінен