Экологиялық мәдениетті қалыптастыруға үлес

Қаратомар жағалауы қоқыстан тазартылды

Рудный қаласында Қаратомар су қоймасының жағалауын тазалау бойынша кең көлемді экологиялық шара өтті. Бұл игі істі облыстық «Жанашыр бол» қоғамдық қоры ұйымдастырды. Акция «Қостанай облысында отбасылық туризмді дамыту» жобасының аясында қолға алынып, табиғатты қорғауға бағытталды.

Шара республикалық «Таза Қазақстан» сенбілігімен орайластырылып, 50-ден астам қала тұрғындарын бір арнаға тоғыстырды. Олардың қатарында «Рудненский добряк» қалалық волонтерлік штабының өкілдері, Жастар ресурстық орталығының мамандары, Бейімбет Майлин ауданының мәдениет қызметкерлері мен Рудный технология және сервис колледжінің студенттері бар. Олар бір күннің ішінде 120-дан астам қап қоқыс жинап, шығарып, су қоймасының тазалығына елеулі үлес қосты. Бұл бастама халық арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға да жол ашты.

«Жағдай шынымен қынжылтады. Кейбір адамдар қоқысты бұтақтың арасына тастасаң, ештеңе емес деп ойлайтын сияқты. Бірақ, біз сол бұталардың арасынан үйілген қалдықтарды тауып, тазаладық. Жағалау мен су көз салыстырмалы түрде ғана таза болғанымен, адамдар демалатын тұстарда мүлде басқа көрініске тап боласың. Шашылған гриль қалдықтары, бос бөтелкелер, сынған әйнектер, тамақтың артынан қалған қиқымдар, тұрмыстық қоқыс… Мұндай көріністі көргенде жүрегің сыздайды. Сонда адамдар неге сол қоқысты өздерімен бірге қалаға алып кетіп, арнайы жәшікке тастап кетпейді екен? Бұл жерде контейнер қойылған күннің өзінде, ол бәрібір толып кетер еді. Мәселе контейнерде емес, мәселе – әр азаматтың санасында. Табиғатты таза ұстау – әркімнің өз жауапкершілігі», – деді «Рудненский добряк» штабының жетекшісі Вероника Мин.

Ол табиғатқа бейқам қарайтындардың әрекетіне наразы екенін жеткізіп, тұрғындарды саналы болуға шақырды. Сондай-ақ таза табиғат – адамның денсаулығы мен туған жердің бірегейлігін сақтау кепілі екенін атап өтті.

Соған қарамастан, белсенділер алған бағытынан таймай, алдағы уақытта да туған өлкені абаттандыру жұмыстарын жалғастыруға ниетті.

«Біз өз ауданымызда да жиі тазалық акцияларын өткіземіз, Аят өзенінің жағасын тазартып тұрамыз. Біздің өңірде Жабагы Батыр бастауы бар. Өте ерекше жер, суы дәмді де шипалы. Сол жерге барып, су алып қайтқың келеді, бірақ айналасы қоқысқа толып жатса, жаның түршігеді. Бұл – табиғатты ғана емес, біздің мәдениетімізді де көрсетеді», – деді Бейімбет Майлин ауданының Елубай Өмірзақов атындағы аудандық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Айман Зыбалева. Ұйымдастырушылар мұндай шараларды әрі қарай да жалғастырмақ. Олардың ойынша, бұл бастамалар қоғам назарын қоршаған ортаны қорғау мәселесіне аударады әрі тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттырады. Тек бірлікте әрекет еткенде ғана біз туған өлкенің сұлулығы мен саулығын келер ұрпаққа аман жеткізе аламыз.

 

Арай АХМЕТ,

суретті түсірген

Сұлтан СЕРТАЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *