Жақсылық жасап жарысайық…

Қасиетті Рамазан айында Рудный қалалық «Нұр» мешіті қайырымдылық акциясын ұйымдастырды. Оның аясында тұрмысы төмен отбасыларға 20 қап азық-түлік тегін таратылды. Ораза қоржындары халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан отбасыларға, оның ішінде ерекше бала тәрбиелеп отырған және толық емес отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандар мен көп балалы аналарға беріледі.

Қаламыздағы «Нұр» мешітінде «Рамазан Қоржыны» атты қайырымдылық акциясы өтуде. Азық-түлік қоржындары демеушілермен бірлесіп дайындалған, мешіт қызметкерлері қаладағы супермаркеттерден ең қажетті тауарларды сатып алды. Қоржынға шай, ұн, жарма, макарон, күнбағыс майы, қант, тұз өнімдерді салынды. Іс-шарада бас имам қонақтарды өзі қарсы алып, оларға қоржындарды табыстады. Мешітте мұнан тыс өзге де акциялар мүмкіндігінше өткізіледі. Рудный мешітінің  ұстазы Аяулым Смагулова барлық ниет білдірушілерді осы берекелі іске атсалысуға шақырды.

«Қадірлі жамағат, баршаларыңызға Рамазан айы мүбәрак болсын. Осы сауаптар еселенетін айда жыл сайын мүфтияттың бұйрығымен барлық мешіттер «Рамазан қоржыны» акциясын өткізеді. Қазіргі таңда Рудный қалалық «Нұр» мешітінде 20 отбасыға қайырымдылық көмек беріп жатырмыз. Шараның басты мақсаты – жағдайы төмен отбасыларға қол ұшын созу. Мұқтаж жандардың тізімін жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен алдық», — деді «Нұр» мешітінің  ұстазы Аяулым Смагулова.

Көмек алғандардың бірі барша қала тұрғындарын қасиетті Рамазан айымен шын жүректен құттықтайды және  ұйымдастырушыларға көрсеткен көмегі үшін алғысын білдірді.

«Сіздерге алғысымды білдіремін. Рамазан айы құтты болсын. Ұстаған оразаларыңыз, дұға-тілектеріңіз, құлшылық-ғибадаттарыңыз қабыл болғай. Баршаңызға бақыт тілеймін, бізді ұмытпағандарыңызға рақмет. Тәуелсіздігіміз баянды, еліміз аман, жұртымыз тыныш болcын», — деді қала тұрғыны.

Рамазан — қайырымдылық пен мейірімділіктің айы. Бұл айда сауаптар еселеніп жазылады. Егер аз қамтылған отбасыларға және мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көмектескіңіз келсе, «Нұр» мешітінің қызметкерлеріне жүгінуіңізге болады. Барлық ұйымдастырушылық сұрақтар бойынша инстаграмдағы @rudnyi.meshiti аккаунты арқылы байланыса аласыздар. Еске сала кетейік, акция Рамазан айының соңына дейін жалғасады

Арай Марат

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *