Рудныйдағы Мансап орталығының жұмыс барысы жайында
Жұмыссыздық немесе мамандыққа көңілі толмай жүрген азамат үшін ең қиыны – алғашқы қадамды жасау. Рудный қаласындағы Мансап орталығы сол алғашқы қадамға серпін беріп, сенімді бағыт сілтейтін орынға айналған.
Мұнда жұмыс іздеуден бастап, жаңа кәсіп игеруге дейінгі барлық мүмкіндік қарастырылған. Орталық филиалының басшысы Ляззат Алдонгарова ұсынған нақты мәліметтер – соның дәлелі.
Рудныйдағы Мансап орталығы 2019 жылдан бері кәсіпкерлікке қолдау көрсетудің маңызды буыны ретінде жұмыс істеп келеді. Бұл жерде әсіресе жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға бағытталған мемлекеттік гранттар үлкен сұранысқа ие.
«Биылғы жылы мемлекеттік гранттың көлемі 400 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайды. Бұл 1 572 800 теңге. Грант тек бір рет беріледі және оны құрал-жабдық, инвентарь, ғимаратты жалға алу сынды нақты қажеттіліктерге ғана жұмсауға болады», – дейді Ляззат Алдонгарова.
Алайда, бұл мүмкіндік кез келген адамға емес, тек әлеуметтік осал топтарға арналған. Атап айтқанда: көпбалалы отбасылар, аз қамтылғандар, мүгедектігі бар тұлғалар, сондай-ақ бала кезінен мүгедек тәрбиелеп отырған ата-аналар, қандастар мен ішкі көшіп келушілер, асыраушысынан айырылған азаматтар осы тізімге кіреді.
Сонымен бірге, жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар мен жеке кәсіпкерлігі үш жылдан аспағандар да грантқа өтініш бере алады. Бұл үшін «Бастау Бизнес» курсын аяқтап, арнайы сертификат алу қажет. Биыл өтінімдер екі кезеңмен қабылданады: мамыр мен шілде айларында.
«Грант иегері үш ай ішінде кәсібін бастап, қаржыны мақсатты түрде игеруі керек. Мысалы, өткен жылы 17 адам осындай мүмкіндікке ие болып, әртүрлі бағытта жұмысын бастап кетті: косметолог кабинеті, тігін цехы, наубайхана және тағы басқа», – дейді орталық басшысы.
Мансап орталығы азаматтарға тек қаржылай емес, білім беру тұрғысынан да қолдау көрсетеді. Жұмыссыз ретінде тіркелген жандар үшін тегін оқу курстары ұйымдастырылады.
«Біздің оқыту жүйеміз екі бағытта жұмыс істейді: біріншісі жұмыс берушілердің сұранысына сай мамандарды колледж базасында оқыту, екіншісі жұмыс орнында, өндіріс алаңында тікелей үйрету», – деп түсіндіреді Ляззат Алдонгарова.
Оқу мерзімі үш ай. Алғашқы ай теория, кейінгі екі ай тәжірибеге арналған. Колледжде оқитындарға 40 000 теңге шамасында стипендия, ал жұмыс орнында білім алушыларға 76 000 теңге көлемінде еңбекақы төленеді.
Қатысушылар еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды меңгереді. Атап айтқанда: аспаз, кондитер, шаштараз, маникюр шебері, электросварщик, экскаватор машинисі, тас қалаушы, ағаш ұстасы сынды кәсіптер бар. Бұл тек дағды қалыптастыру ғана емес, әрі қарай жұмысқа орналасуға немесе жеке іс бастауға берілетін нақты негіз.
Биылғы жоспар бойынша 61 адам оқуға тартылады. Қазірдің өзінде алғашқы 5 азамат шаштараз ісін меңгеруге кірісіп кеткен.
Колледж не университет тәмамдаған жас мамандар үшін «Жастар практикасы» үлкен мүмкіндік. Жас түлек алғашқы еңбек тәжірибесін осы бағдарлама арқылы жинай алады. Оның ұзақтығы 12 ай, жалақысы 35 АЕК шамасында.
«Жастар практикасын аяқтаған соң көптеген түлектер жұмыс беруші тарапынан тұрақты жұмысқа қабылданып жатыр. Бұл – жақсы нәтиже», – дейді орталық басшысы.
Ал қоғамдық жұмыстар әлеуметтік белсенділік танытқысы келетіндерге арналған. Бұрынғыдай тек көше тазалау емес, қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстар мемлекеттік мекемелерде, мұрағаттарда және қоғамдық ұйымдарда жүргізіледі. Жалақыны мемлекет төлейді.
Жұмыс іздеушілерге арналған басты онлайн алаң – enbek.kz порталы. Қазірдің өзінде Рудный қаласы бойынша 443 бос жұмыс орны тіркелген. Бұл платформада резюме жасап, жұмыс берушіге тікелей өтініш жолдап, сұхбатқа шақырту алуға мүмкіндік бар. Апта сайын жаңартылып отыратын бос орындар тізімін Мансап орталығының 15-кабинетіне келіп те көруге болады.
Бүгінде Мансап орталығының қолдауымен өз кәсібін ашқан, табысын арттырған, тұрақты жұмысқа орналасқан азаматтар саны жыл сайын артып келеді. Тек бір ғана ниет керек «үйренемін, жұмыс істеймін, өмірімді өзгертемін»деген.
Жанарай
РҮСТЕМҚЫЗЫ,
суретті түсірген
Даулет КУЛАТАЕВ