Журналист болғым келеді

Болашақ тілмарларды дайындайтын «JASMEDIA» курсының қатысушылары «РУДНЫЙ ДАУЫСЫ» телестудиясының тынысымен танысты

Бейімбет Майлин атындағы №7 мектеп-гимназиясы оқушылардың алға қойған мақсаттарына қол жеткізуге көмектеседі. Оған дәлел — кәсіби бағдар беретін курсттар. Ол болашақ педагогтарға арналған «Темірқазық» және болашақ журналисттерді дайындайтын «JASMEDIA» курсы.

Олар элективті сабақ түрінде өтеді. Элективті курс-оқушылардың әртүрлі танымдық қызығушылығын қанағаттандыратын, профильдің мазмұнын толықтыратын, оқу жоспарының жаңа элементі. Алдағы уақытта медицина, инженерия секілді бағыттарда курстар ашылу жоспарланған. Мектеп ұжымының айтуынша, олар әрқашан білім деңгейін жоғары дәрежеге жеткізіп, қосымша сабақтарды ұйымдастыруға асық.

«JASMEDIA» курсы мектеп шәкірттерін журналистика мамандығына деген қызығушылықты оятады. Оларға бағыт-бағдар беріп, шығармалық дарынын дамытуға негіз болмақ. «JASMEDIA» жаңа оқу жылымен қосылып өз есігін ашып жатыр. Курс жетекшісі — филология маманы, мектеп педагогы Нұрсыйла Мейрімханова.

«Сабақ барысында біздің оқушылар: мобилография, SMM, сұқбат алу, мектеп газетін жасау, ракурс пен жарықты дұрыс қою секілді тақырыптар қарастырады. Алдағы айларда мектеп қабырғасында «Арт студия» кабинеті ашылып, іші толықтай жабдықталады. Оның ішінде видеокамера, микрофон, компьютер сыңды құралдар. Әзірше теориялық сабақтар өткізіп, смартфон арқылы мобилография дағдыларын дамытып жатыр. Қазіргі кезде, журналист ақпаратты тез, жылдам, әрі қысқа түрде жеткізуі тиіс. Заман талабына сай SMM сабақтарын өткізуді жөн көрдік»,-дейді курс жетекшісі Нұрсыйла Мейрімханова.

7-9 сынып аралықтағы үйірме оқушылары мен жетекшісі журналистика мамандығының қыр-сырларын біліп, телестудияның жұмысымен танысу үшін «Рудный дауысы» ұжымына қонаққа келді. Студия қызметкерлері балаларды жаңалықтарды түсіру үдерісімен таныстырды. Шығармашыл ұйым жас өрендердің болашақ мамандықтарына бір қадам жақын болуына ат салысты. Экскурсия барысында балалар редакцияның тарихымен танысып, жұмыс барысына көшті. Заманауи құрал-жабдықтарды көріп, жаңалықтар жасады. Бірі кадрдан тыс мәтінді микрофон арқылы дауыстап оқыса, қалған оқушылар суфлер арқылы оқып, диктор рөлінде жаңалықтарды жүргізді. Кейбірі түсіру және монтаждау жұмысымен айналысуды ұнатады екен. Олар үшін монтажер компьютерлік бағдарламаның лайфхактарымен бөлісті. Жас журналистер өздерін көгілдір экран алдында ұстау, сөйлеу әдебі, кадр сыртынан ілеспе сөйлеу мәнерімен, медиа саланың бір күндік тыныс-тіршілігін зерделеумен қатар өздерін нағыз журналистер ретінде сынап көрді.

Курс қатысушыларының бірі Дильназ Абдрахманова қазірден бастап өз өмірін журналистикамен байланыстырғысы келеді. Ал мектептегі үйірме өз бойында кәсіби қасиеттерді дамытып, ЖОО түсуге септігін тигізері анық.

«Мен журналистика мамандығына қатты қызығамын. Бұрын «Старт» студиясында тілші болып, құнды мәліметтерді өз бойыма сіңірдім. Сөйлеу әдебі, ораторлық қасиеттерді, экран алдында ұялмауды үйрендім. Ендігі жақта, мектептегі үйірмеге тегін негізде қатысатын боламын. «Рудный дауысы» телестудиясына келгеніме қуаныштымын. Білген нәрсемді жаңа мәліметтермен біріктеретін боламын»,- деп өз ойымен бөлісті Дильназ.

Журналистика — қызығы мен шыжығы қатар жүретін сала. Редакция қабырғасында өткен экскурсия оқушыларға пайдалы, әрі қызықты болды. Бұл күн тек практикалық дағдыны қалыптастыру емес, медиа салада серіктестікті нығайтуға ықпал етті.Шығармашылық жолды таңдаймын деген өреңдерге тек сәттілік тілейміз.

Сания Сақтаған

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *