«Ислам ізгілік қоғамы» атты семинар өтті

Рудный қалалық «Нұр» мешітінің бас имамы Сабыржан Есмурзинның ұйымдастыруымен «Ислам ізгілік қоғамы» тақырыбында семинар өтті, аталған семинарға Қостанай облысының бірнеше аудан және қала имамдары, қала ақсақалдары және мешіт жамағаты қатысты. 

Мешіттердің халық алдындағы басты міндеті — жұртымызды жақсылыққа үндеп, жамандықтан тосу, ізі қоғам құруға қадам жасау. Сондықтан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2023 жылды «Ислам және ізгі қоғам» жылы деп жариялады. Осы жыл аясында қоғам игілігіне арналған бірқатар іс-шаралар атқарылуда. ҚМДБ бекіткен жылдық жоспар аясындағы семинарды модератор, қала бас имамы Есмурзин Сабыржан ашып, «Дін қызметінің маңыздылығы» тақырыбында баяндама жасады. Имамдардың, ұстаздардың, жалпы мешіт қызметкерлерінің діни қызмет этикасы мен негізгі міндеттеріне жауапкершілікпен қарауын атап өтті.

 «Ізгі қоғам мәселесі бүгінгі күні өте маңызды. Өйткені, қоғам болып өмір сүріп жатқаннан кейін, оның ішінде ізгіліктің болуы, бір-бірін құрметтеуі керек. Ізгілік деген сөздің астарында көршімен жақсы қарым-қатынас ұстау, қоғамдағы адамдармен жақсы мәмледе өмір кешуі, үлкеннің кішіге ізеті және  қоғамдағы тәртіп пен ауызбіршілікті сақтау тұр. Сондай-ақ, бұл сөз адамдарға пайда әкелу деген мағына береді. Халыққа көмек көрсетуде ең көп сыңға ұшырайтын салалардың бірі — дін қызметі. Себебі, дін — құран, хадис пен қазақтың әдет-ғұрыпымен ұштасқан. Бірақ, қазір басқа ұлттан немесе діни ағымдардан үйреніп алған нәрселерді насихаттау пайда болып жатыр»,-дейді Рудный қалалық «Нұр» мешітінің бас имамы Сабыржан Есмурзин өз сөзінде.

Қостанай қалалық «Марал ишан» мешітінің бас имамы Бектұрсын Уалиев «Дін мен дәстүр сабақтастығы» тақырыбында баяндама жасаса, Қостанай облыстық «Аймағамбет Спанұлы» мешітінің ұстазы Нұрлан Сейдағалиев «Елге қызмет — өзіңе қызмет» тақырыбында сөз сөйледі. Ал, Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешітінің наиб имамы Бақберсин Избасаров «Тәңіршілдік дін емес, адасушылық» турасында баяндап, жат діни ағымдармен күресудегі әдіс- тәсілдермен бөлісті.

«Қазақ халқында дін мен дәстүр егіз ұғым десек те болады. Дәстүр — ұлтты жандандыратын, оның ішкі және сыртқы келбетін көрсетіп, өрнектеп тұратын сипат. Алла Тағала  Ағраф» сүресінің 199-аятында: «Кешірімді бол, ғұрыпқа бұйыр және надандардан жырақ бол», – деп әмір етті. Ескіден келе жатқан, санаға сіңіп қалған әдет – ғұрыптар мен салт – дәстүрдің барлығы адам тәрбиесінде өте маңызды рөл атқарады. Қайырымдылық, бауырмалдық, достық тұрғысында біздің ұлттық салт – дәстүрімізді ең жоғарғы деңгейге қоюға әбден болады. Халқымыздың «Дәстүріңді баққаның – үмітіңді жаққаның» деген ұлағатты сөзінде терең мән-мағына жатыр. Ал енді өз жұртымыздың әдет-ғұрыпы мен салт-дәстүріне келер болсақ дінмен ұштасқан, ақылға сәйкескен жерлері өте көп»,- деді Қостанай қалалық «Марал ишан» мешітінің бас имамы Бектұрсын Уалиев көпшілік алдында.

Жиын соңында жиналған жамағат имам ұстаздарға сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды. Діни басқарма қызметкерлері биыл бес бағыт бойынша жұмыс жасалғанын атап өтті. Осындай өзекті тақырыптар талқыланған семинар-кездесулер ізгі қоғам құрылымына негіз болады деп сенеміз.

Сания САКТАГАН

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *