ТЖБ жаз мезгіліндегі өрттен қалай сақтану керектігін айтты

Жаз келісімен қаланы көз тартар аққайың ұлпасының ақ бұлты жауып, көркем көрінгенімен, ол аса қауіпті өрт қаупін төндіреді. Бұл жеңіл әрі тез тұтанатын материал оттың тез таралуына себеп болуы мүмкін. Сәуір айында және қазіргі уақытта аулаларда ағаштарды кесу жұмыстары жүргізілгеніне қарамастан, ұлпа әлі де көп және қауіп сейілген жоқ.

Аққайың ұлпасы өте тұтанғыш. Ол сөндірілмеген сіріңке, темекі тұқылы немесе тоқ сымдарының қысқаша тұйықталуынан оңай тұтанады. Сонымен қатар, ұлпаны жел оңай көтеріп, қол жетпейтін жерлерге таратады, бұл қауіп аумағын ұлғайтады.

Өзіңізді және айналаңыздағы адамдарды қорғау үшін өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау қажет. Ең бастысы – ешқашан аққайың ұлпасын әдейі жақпаңыз! Отпен абай болыңыз: сөндірілмеген темекі тұқылын немесе сіріңкені, әсіресе ұлпа жиналған жерлерге тастамаңыз. Электр сымдарының жағдайына мұқият болыңыз, қысқа тұйықталуға жол бермеңіз. Үйлер мен құрылыстарға жақын жерде от жақпаңыз. Аулалардан, тротуарлар мен жолдардан ұлпаны үнемі тазалап отырыңыз. Пәтерлерге ұлпа кірмес үшін терезе мен есіктерді жабыңыз. Ұлпа жиналған жерлерге су немесе құм салынған өртке қарсы ыдыстар орнатыңыз. Балаларға оттың қауіптілігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіңіз.

– Жаздың келуімен, аққайыңның гүлдеу кезеңі сәйкес келіп, көшелер мен аулалар аққайың ұлпасымен жабылады, – дейді Рудный қаласының ТЖБ инженері Алихан Анафин. – Ұлпа ашық терезелерден, шатырлардан, жертөлелерден, сарайлардан бөлмелер мен пәтерлерге кіріп кетеді. Балалар үшін бұл ұлпа ойын құралына айналады. Бірақ оған жанған сіріңке тастасаңыз, ол әп-сәтте лап етеді. Ұлпа бойымен от өте жылдам тарайды. Кей жағдайларда жалын ондаған метрге дейін жетіп, құрғақ жанғыш материалға тиіп, өрттің шығуына себеп болған. Жақында Гагарин көшесі, 8 мекенжайы бойынша жертөледен түтін шыққаны туралы хабар түсті. Тексеру барысында өрттің себебі – балалардың ойыны екені анықталды. Ата-аналар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, балалармен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. 28 наурыздан бері Рудный қаласы аумағында 87 құрғақ шөп пен қоқыс өртену оқиғасы тіркеліп, жалпы сомасы 265 410 теңгеге 32 әкімшілік хаттама толтырылды. Төтенше жағдайлар басқармасы қызметкерлері бау-бақша серіктестіктері мен тұрғын үйлер секторында күнделікті рейд жүргізуде. Биыл аумақтарды тексеру және заңбұзушылықтарды анықтау үшін дрондар қолданылуда. Құрғақ шөп пен қоқыс жағу фактісі анықталған жағдайда, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 336-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылады, – деді азаматтық қорғау аға лейтенанты, ТЖБ инженері Алихан Анафин.

Биыл аққайың ұлпасынан шыққан өрт фактілері тіркелген жоқ, алайда 2023 және 2024 жылдары беске жуық оқиға орын алған. Естеріңізде болсын: шөп пен қоқысты жағуға тек ғимараттар мен құрылыстардан 50 метр қашықтықта ғана рұқсат етіледі.

Сақ әрі мұқият болыңыз – сол кезде жаз маусымы тек қуаныш пен қауіпсіздік сыйлайды! Өртті байқаған жағдайда дереу 101 немесе 112 нөміріне хабарласыңыз.

Гүлім МҰРАТ,

суретті түсірген Даулет КУЛАТАЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *