Қаңырап тұрған үй қайта жанданды

Қашарда бос қалған көпқабатты тұрғын үйді қалпына келтіру қарқын алды

Қашар кентінде ұзақ жылдар бойы бос тұрған көпқабатты үйлерді қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Алғашқы нысан – 1-шағынауданда орналасқан, 1998 жылдан бері қараусыз қалған бес қабатты жатақхана ғимараты. Аталған нысанды конкурс арқылы Қостанай қаласындағы «Строй Хоум КВ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сатып алып, қазан айында қалпына келтіру жұмыстарына кіріскен.

Құрылыс барысы жоспарға сай жүріп жатыр. Қазіргі таңда сыртқы жөндеу жұмыстары толық аяқталып, мердігерлер ішкі әрлеуге ден қойған. Нысанда күн сайын 30-ға жуық адам еңбек етуде, оның ішінде жергілікті тұрғындар да бар. Жұмыс таңғы сағат 8-ден кешкі 9–10-ға дейін, демалыссыз жүргізілуде.

Серіктестік директорының орынбасары Руслан Маржабаевтың айтуынша, ғимараттың бастапқы жағдайы өте ауыр болған.

– Үйде терезе де, есік те жоқ еді, ішкі бөлігі түгелдей қираған. Біз қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, реконструкция емес. Жұмыстар аяқталған соң мұнда 83 пәтер болады. Барлығы таза әрлеумен тапсырылады: кіреберіс және ішкі есіктер, санитарлық торап, ас үй аймағы, линолеум, керме төбелер орнатылады. Негізінен бір және екі бөлмелі пәтерлер. Үш бөлмелі пәтерлердің саны аз, – дейді ол.

Қазіргі таңда үйге жылу берілген, пәтерлердегі радиатор саны арттырылған. Шатыр керамзитпен жылыланған, алдағы уақытта қосымша оқшаулау жоспарланып отыр. Абаттандыру жұмыстары серіктестіктің міндетіне кірмейді, бұл мәселе жергілікті әкімдік құзырында.

– Жалпы жұмыс көлемінің 60 пайызы орындалды. Қиындықтар болды, бірақ барлығы жедел шешіліп отырды. Құрылыс материалдары да, мамандар да жеткілікті. Ақпан айында толық аяқтап, пәтерлерді кезекте тұрған азаматтарды қоныстандыру үшін әкімдікке ұсынуды жоспарлап отырмыз, – деді Руслан Маржабаев.

ҮШ ҮЙТҰРҒЫН ҮЙ КЕЗЕГІН АЙТАРЛЫҚТАЙ ҚЫСҚАРТАДЫ

Кент әкімі Мадина Райымбекова да тұрғын үйлерді қалпына келтіру мәселесіне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, Қашарда тұрғын үй кезегінде шамамен 350 адам тұр.

– Қалпына келтіруге жататын үш үй бар, барлығы жатақхана типіндегі ғимараттар. Біріншісі бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Алдағы кезекте №12 және №13 жатақхана тұр. №12 үйдің құжаттарымен Рудный қаласының ТКШ бөлімі айналысып жатыр, ал №13 үйді өзіміз жүргізудеміз. Техникалық қорытындыға тапсырыс бердік, келесі жылдың басында конкурсқа шығамыз деп ойлаймын, – деді әкім. Үш үй де пайдалануға берілген жағдайда, тұрғын үй кезегі шамамен 70 пайызға қысқарады деп күтілуде.

ИНФРАҚҰРЫЛЫМ МЕН АБАТТАНДЫРУ ҚАТАР ЖҮРДІ

Биыл Қашар үшін маңызды жобалардың бірі – айналма жолдың орташа жөндеуі болды. Жалпы ұзындығы 4 422 метр болатын төрт учаске жаңартылып, оған 400 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалды. Қаржы облыстық, қалалық трансферттер мен жергілікті бюджет есебінен бөлінген.

Сонымен қатар кент ішіндегі жолдарға ағымдағы жөндеу жүргізіліп, 1-шағынауданда 42 жарықдиодты шам орнатылды. Жеті автотұрақ жабдықталды. Мамырдан қыркүйекке дейін жәндіктерге қарсы дезинсекция тұрақты түрде жүргізіліп, ағаштарды санитарлық кесу жұмыстары да аяқталды.

Бірнеше жыл бос тұрған Қашар әкімдігінің ғимаратына күрделі жөндеу жасалып, пайдалануға берілді. Балалар ойын алаңдары жаңадан салынбағанымен, қолданыстағылары шағын сәулеттік формалармен толықтырылды. Айта кетерлігі, Қашарда балалар алаңдарын күтіп-ұстауға бюджеттен арнайы қаражат қарастырылған.

«Юность» мәдениет үйінде де ішінара жөндеу жүргізілді. Ауа райының қолайсыздығынан зақымданған шатыр мен қасбет жедел қалпына келтірілді. Ал «Tugan qala» жобасы аясында балалар алаңы, автотұрақ, жүргізу автополигоны және спорт алаңы салынды.

АЛДАҒЫ ЖЫЛҒА ЖОСПАР АЙҚЫН

Жылыту маусымы тұрақты өтіп жатыр. Жылу 1 қазанда берілген. Қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару мәселесінде де түйткіл жоқ. Алдағы уақытта контейнер алаңдарын кеңейтіп, қоқыс жәшіктерін жаңарту жоспарланған.

2026 жылға арналған негізгі міндет – квартал ішіндегі жолдарды орташа жөндеу. Бұл бағыттағы жобалық-сметалық құжаттама сараптамадан өткен.

– Жыл нәтижелі болды деп есептеймін. Тұрғындар белсенділік танытып, бюджет игерілуін бақылауға атсалысты. Бұл – ортақ жұмыс, – деді Мадина Райымбекова.

Сонымен қатар мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнамалық өзгерістер ауылдық әкімдіктердің жұмысын едәуір жеңілдеткенін атап өтті.

 

Гүлім МҰРАТ,

суреттерді түсірген Андрей МУРЗИН

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *