Қостанайлық жас таланттар «Мың бала» республикалық жобасының жеңімпазы атанды

Бүгін елордада Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Мың бала» республикалық мәдени-ағарту жобасының соңғы кезеңі өз мәресіне жетіп, қорытындысы шығарылды.

«Мың бала» жобасы өскелен ұрпақты, оның ішінде этнос өкілдерінің жас жеткіншектері арасында қазақстандық бірегейлікті мемлекеттік тілді меңгеруге ынталандыру арқылы дамытуға бағытталған.

Салтанатты іс-шараға ҚХА Төрағасының орынбасары – ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі М.Әзілханов, ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қ.Ысқақов, ҚР Парламентінің депутаттары, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, жастар ұйымдарының мүшелері мен «Мың бала» жобасының өңірлердегі жеңімпаздары қатысты. Аталған шарада Қостанай облысынан да өнерпаздар бақ сынап, өз өнерлерін көрсетті. Жас таланттарды Қостанай облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-і бас сарапшы Айбек Таңатбаев бастап апарды.

Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қ.Ысқақов өз сөзінде мемлекеттік тілді этносаралық қарым-қатынас тілі ретінде ілгерілетудің маңыздылығына баса назар аударып, Министрліктің әлеуметтік желілерде этносаралық тақырыпқа қатысты сапалы қазақ тілді контентті дамытуға, түрлі әлеуметтік-мәдени топтардың жастары үшін бірыңғай мәдени кеңістікті қалыптастыруға бағытталып, іске асырылып жатқан жобалар туралы айтты.

«Мың бала» жобасы аясында барлық аймақтарда жыл бойы түрлі бағыттар бойынша қазақ тілін меңгеруге арналған 6 мыңнан астам іс-шара мен байқаулар өткізілді. Биыл жобаға 320 мыңнан аса бала қатысты.

«Мың бала» жобасының қорытынды кезеңінде вокал, домбыра мен қобыздағы орындаушылар «Өнерлі өрге жүзер», ал мәнерлеп оқитындар мен жас ақындар «Жарқыра, жас дарын!» номинациялары бойынша барлығы 35 өңірлік жеңімпаздар марапатталды. Бұл орайда, Науырзымдық Никита Тимошкенко және Рудныйлық Анастасия Мухитовалар «Өнерлі өрге жүзер» байқауында жеңімпаз атанып, топ жарды.

Іс-шара соңында жеңімпаздар қазақ ақындарының шығармаларын оқып, мәдениет қайраткерлерінің музыкалық шығармаларын орындаумен қатар, өздері шығарған өлеңдерін де айтып беріп, бірқатар концерттік нөмірлерімен өнерлерін көрсетті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *