Үлкенге құрмет, кішіге ізет, өзгенің ақысын жемеу және мұқтажға көмектесу – ислам тәрбиесінің негізгі ұстанымдары
Ислам құндылықтары адамның отбасымен қарым-қатынасынан, үлкенге құрметі мен кішіге ізетінен, саудадағы адалдығынан, қоғам алдындағы жауапкершілігінен көрінеді. «Діннің мәнін терең түсіну үшін оның күнделікті өмірге қатысты қағидаларын да білу қажет», – дейді Рудный қалалық «НҰР» мешітінің наиб имамы Ақтан Төлтаев.
Исламда тәрбие мәселесіне айрықша көңіл бөлінеді. Ата-ананы құрметтеу, үлкеннің батасын алу, кішіге қамқорлық көрсету, отбасында жарасымды қарым-қатынас орнату – мұның бәрі адам бойында қалыптасуға тиіс ізгі қасиеттердің қатарында. Ақтан Төлтаевтың сөзінше, діни құндылықтар адамға отбасымен және айналасындағы адамдармен де дұрыс қарым-қатынас жасауды үйретеді. Адамның өзгеге қалай сөйлейтіні, өзгенің көңіліне қалай қарайтыны, қиын жағдайда қолдау көрсете алуы оның тәрбиесі мен ұстанымынан хабар береді.
Діннің тәрбиелік мәні адамның өзіне жақсы көрген нәрсені өзгеге де қалауынан байқалады. Наиб имамның түсіндіруінше, мұсылман адам өзіне тілейтін жақсылығын бауырына да тілеп, қолынан келсе, соған көмектесуге ұмтылуы керек. Бұл – өзімшілдіктен арылып, көпшілікпен бірге болуға, қоғам игілігін ойлауға шақыратын қағида.
Діни құндылықтардың адамның күнделікті тіршілігіне қалай әсер ететінін сауда-саттықтан да байқауға болады. Исламда сауда жасаудың өз тәртібі бар. Сатушы тауардың сапасы мен кемшілігін жасырмай, сатып алушыға шындықты айтуға тиіс. Мәселен, тауардың ақауы болса, оны алдын ала ескерту қажет. Кемшілігін жасырып сату арқылы пайда табу адалдық қағидасына қайшы келеді. Өйткені мұндай әрекет бір адамның табысын арттырғанымен, екінші адамның сеніміне нұқсан келтіреді.
Бұл қағида тек саудагерлерге ғана қатысты емес. Адалдық адамның сөзінен, уәдесіне беріктігінен, өз міндетіне жауапкершілікпен қарауынан да байқалады. Қандай ортада жүрсе де, шындықты айту мен өзгенің ақысын жемеу – адам қарым-қатынасының берік негізі. Сондықтан ислам құндылықтарын мешіттегі құлшылықпен байланыстыру жеткіліксіз. Олар адамның жұмысында, отбасында, қоғамдық ортада және өзге адамдармен араласуында да көрініс табуы керек.
Наиб имам діни қағидаларды түсіндіру барысында жол қозғалысының ережелерін мысалға келтіреді:
«Бағдаршамның қызыл түсі тоқтауды, жасылы жүруді, сарысы сақ болуды білдіреді. Сол сияқты діни құндылықтарымызда да қызыл нәрселер бар, яғни адам баласын қауіпсіздіктен сақтау. Кейін жол ашық, мүмкіндіктер бар деген сөз. Оқы, қара, дайындал. Мақсат бір – адамның өзін және өзгені зияннан сақтауына бағыт беру».
Қоғамда тәртіптің сақталуы әр адамның іс-әрекетіне байланысты. Сондықтан діни тәрбие адамның ішкі сенімімен шектелмей, оның күнделікті қылығынан да байқалғаны жөн.
«Діни білім беретін ұстаздар ақпарат жеткізуші әрі үлгі көрсететін тәрбиеші болуы керек», – деп толықтырды діни қызметкер.
Адам жақсы мінезді, адалдықты, сабырлылықты және өзгеге құрметпен қарауды көбіне айналасындағы адамдардан үйренеді. Ұстаздың сөзі мен ісі үйлесіп тұрса, оның өнегесі шәкіртке де әсер етеді. Осылайша, тәлім-тәрбие бір буыннан екінші буынға жалғасады.
Наиб имам ислам ілімінің бүгінге дейін жетуін де осы жауапкершілікпен байланыстырады. Құран аяттары мен хадистерді жаттап, сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізген адамдардың адалдығы мен ұқыптылығы діни мұраның сақталуына негіз болған. Осы ретте діни мәліметті кімнен үйреніп жүргеніне де мән беру қажет. Ұстаздың білімімен қатар, мінез-құлқы мен іс-әрекетіне назар аудару – дұрыс діни түсінік қалыптастырудың бір жолы.
Имам ислам ілімінде білімнің мақсатына да тоқталды. «Ең маңыздысы – қандай да бір ілім алатын болсақ, елдің, жердің, діннің, отбасының қамы үшін қызмет етуге шақырады. Білім алып, кетіп қалу емес. Қайдан ілім алсаң да, жұрт үшін қызмет ет делінген. Әлсіздерге көмектес, сонда жаның рахаттанады дейді. Қара басыңның қамын ойлау мазасыздыққа салындырады», – дейді ол.
Ислам құндылықтарының мәні адамның өзгеге қарым-қатынасынан, адалдығынан, жауапкершілігінен және айналасына жасайтын жақсылығынан танылады. Сондықтан дінді терең түсіну – оның қағидаларын білу және сол білімді өмірде ұстану.
Жанарай НҰРМАХАНБЕТ,
суретті түсірген Даниил САЕНКО