Берешек мөлшеріне қарай қолданылатын шаралар және 2025 жылдан бергі заңнамалық өзгерістер
Қаламызда кәсіпкерлік нысандарының мемлекет алдындағы салық берешегі 400 миллион теңгеден асып отыр. Оның ішінде зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қатысты төленбеген қаражат көлемі 20 миллион теңгеге жуық. Осыған байланысты мемлекеттік кірістер органдары кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларға салық міндеттемелерін уақытында орындаудың маңызын ескертеді.
Рудный қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы Құқықтық жұмыс және өндіріп алу бөлімінің басшысы Қанат Шайкемеловтің айтуынша, салық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары қарыздың көлеміне қарай белгіленеді. Бұл тәртіп жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларға қолданылады. Мәселен, берешек 20 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) аспаса, яғни 73 мың теңгеге дейін болса, салық төлеушінің жеке кабинетіне қарызы бар екені туралы хабарлама жіберіледі. Бұл – берешекті өтеу қажеттігін еске салатын ескерту. Мұндай жағдайда банк шоттарына шектеу қойылмайды. Ал қарыз 20 АЕК-тен асып, 40 АЕК-ке дейін жетсе, салық органдары банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұрады.
«Егер берешек 40 АЕК-тен асып, 173 мың теңгеден жоғары болса, салық төлеушіге мәжбүрлеп өндіріп алудың барлық шарасы қолданылады. Атап айтқанда, банк шоттары мен кассадағы қаражатқа, сондай-ақ мүлікке тыйым салынады. Қарыз өтелмеген жағдайда, мүлік саудаға шығарылып, одан түскен қаражат берешекті жабуға жұмсалады. Сондықтан кәсіпкерлерге қарыздың жиналуына жол бермей, төлемдерін уақытында орындауға кеңес береміз», – дейді Қанат Шайкемелов.
Салық берешегін өтеудің тағы бір жолы – дебиторлық берешекті өндіріп алу. Яғни кәсіпкердің басқа адамдардан немесе ұйымдардан алуға тиіс ақшасы да назарға алынады. Мұндай жағдайда салық төлеушінің өзіне қатысты өндіріп алу шаралары тоқтатылмайды. Сонымен бірге оның алдындағы берешегін өтеуге тиіс әріптестеріне де хабарлама жолданады. Мысалы, кәсіпкердің салық төлеуден бас тартпайтынын, алайда тапсырыс берушілері немесе жұмыс берушілері оған тиесілі ақшаны уақытында төлемегендіктен, қарызын өтей алмай жүр делік. Осындай жағдайда мемлекеттік кірістер органы кәсіпкердің ақшасын төлеуге тиіс тарапқа хабарлама жібереді. Хабарламаны алған ұйым немесе жеке тұлға 20 жұмыс күні ішінде жауап беруге міндетті. Осы мерзімде кәсіпкер алдындағы қарызын өтеуі немесе өзара есеп айырысу кезінде берешектің жоқ екенін растайтын салыстыру актісін ұсынуы қажет.
«Бұл жердегі мақсат – кәсіпкердің өзіне тиесілі қаражатын алуға және салық берешегін өтеуіне көмектесу», – деп түсіндірді бөлім басшысы.
Бұрын, яғни 2025 жылға дейін, салық органдары мұндай шараны қолданбас бұрын берешегі бар салық төлеушінің жауабын күтетін.
«Салық берешегін өтеу туралы хабарламаға жауап ретінде өзіне қарыз адамдар мен ұйымдардың тізімін, сондай-ақ берешек пайда болған күнгі есеп айырысу жайын жазатын. Ал 2025 жылдан бастап бұл тәртіп өзгерді. Енді оның жауабын күтпей-ақ, бұрын есеп айырысқан әріптестеріне хабарлама жібере аламыз. Бірақ бұл әлгі ұйымның міндетті түрде қарызы бар деген сөз емес. Біз тек екі тараптың есеп айырысу жағдайын анықтаймыз», – дейді Қанат Сабитұлы.
Басқарма мәліметінше, Рудный қаласында кәсіпкерлік нысандарының салық берешегі 400 миллион теңгеден сәл асады. Ал зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қатысты төленбеген қаражат шамамен 20 миллион теңгені құрайды.
Дегенмен соңғы уақытта берешек көлемінің азаюы байқалады. Бұған салық төлеушілердің өз міндеттемелеріне мұқият қарай бастауы да ықпал етіп отыр. Қазір банктердің телефонға арналған қолданбалары мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйелерімен өзара дерек алмасады. Соның арқасында салық берешегінің бар-жоғы жөніндегі мәліметтер банк қолданбаларында көрініп, тиісті ескертулер телефонға және салық төлеушінің жеке кабинетіне жедел түседі.
Сонымен қатар 2025 жылдан бастап Салық кодексіне тағы бір өзгеріс енгізілген. Оған сәйкес, берешек сомасының мөлшеріне қарамастан, салық төлеушінің қарызы болса, бұл оның банк қызметтерін пайдалануына кедергі келтіруі мүмкін. Аталған талап жеке тұлғаларға да, кәсіпкерлік нысандарына да ортақ. Мәселен, салық төлеушінің 5 немесе 10 теңге, тіпті одан да көп берешегі болған жағдайда, ол екінші деңгейдегі банкке депозит ашу немесе несие алу жөнінде өтініш білдірсе, банк оның өтінішін қанағаттандырудан бас тартады.
Жыл соңында есеп—қисапты қайта қараңыз
«Жыл соңында салық төлеушілердің барлығына айтарымыз: салықтан қалған қарыздарыңыз болса, жыл соңына жеткізбей өтеп тастаңыздар. Жеке кәсіпкерлер есеп-қисабын жүргізетін мамандарымен ақылдасып, төленуге тиіс ақшаның түгел аударылғанын бір тексеріп алсын. Болмашы ғана ақша төленбей қалып, соның кесірінен банкке қатысты қиындықтар туындауы мүмкін. Түсінбеген тұстарыңыз болса, құқықтық жұмыс және өндіріп алу бөлімінің 205-кабинетіне жүгініңіздер», – деп ескертті бөлім басшысы.
Жанарай НҰРМАХАНБЕТ,
суретті түсірген Даниил САЕНКО