Бөлшек салық — бұл ҚР салық кодексінде көзделген шарттарға сәйкес бизнес субъектілері үшін салық салудың неғұрлым жеңіл шарттарын көздейтін арнаулы салық режимі. Мемлекет басшысының жолдауындағы тапсырмасына сәйкес пандемиядан зардап шеккен секторларда жұмыс істейтін кәсіпкерлер үшін жаңа салық режимі 2021-2022 жылдарға уақытша енгізілді. Ол сәтті өтіп, бөлшек салықты тұрақты негізге ауыстыру туралы шешім қабылданды. Алғашында ол жаңа салық кодексімен бірге 2024 жылы ғана пайда болады деп болжанған.
Бірақ, кәсіпкерлер мен бизнес қауымдастықтар 2023 жылдан бастап бөлшек салықты қолдануды белсенді түрде қолдады. Осылайша, 2023 жылдың 20 наурызында Қазақстан Республикасының Президенті Заңға қол қойып, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бөлшек салықтың арнаулы салық режиміне өзгерістер енгізді. Осы жайлы толығырақ Жанылсын Өтепова Рудный қаласы мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары тоқталды.
Қалалық кірістер басқармасының мәлімдеуінше, бөлшек салықтың арнаулы салық режимін мына шарттарға сәйкес келген салық төлеушілер қолдануға құқылы:
— салық кезеңінде қызметкерлердің орташа тізімдік саны 200 адамнан аспайды;
— күнтізбелік жылдағы табыс 600 000 айлық есептік көрсеткіштен аспайды;
-осы режимді қолдану үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған қызмет түрлерінің біреуін немесе бірнешеуін ғана жүзеге асырады.
Бөлшек салықтың арнайы салық режиміне жататын тізбеге негізінен жеке тұлғалар үшін тауарларды сатуға және қызметтер көрсетуге 190 қызмет түрі кіреді. (бөлшек сауда, киім-кешек, тамақтану, жолаушы тасымалы т.б)
Бөлшек салықтың мөлшерлемесі:
— 4% — Қазақстан Республикасында және одан тыс жерлерде салық кезеңі үшін алынған барлық кірістер бойынша. Бұл ретте жергілікті өкілді органдардың бөлшек салық ставкасының мөлшерін 50% — ға, яғни 4% — дан 2%-ға дейін төмендетуге құқығы бар;
— 8% — кәсіпкерлік субъектілеріне тауарларды өткізуден, жұмыстарды орындаудан, қызметтер көрсетуден алынған кірістер бойынша, мұндай шығыстарға шегерімдер сомасын құжаттамалық растау қажет болған жағдайда (сатыпалушының ЖСН / БСН көрсете отырып, электрондық шот-фактура жазып немесе чек бере отырып). Бұл ставканың мөлшері төмендетілмейді.
Сондай-ақ, қалалар мен ауылдарда бизнестің жағдайы әр түрлі болғандықтан, мәслихат бөлшек салықтың мөлшерлемесін 50 пайызға төмендете алады. Ондай рұқсатты тек жеке тұлғалармен жұмыс істейтін кәсіпкерлер ғана өздерінің орналасқан мекенжайлары мен қызмет түрлеріне байланысты сұрай алады. Мөлшерлемені төмендету туралы ресми шешім 2023 жылғы 1 шілдеге дейін қабылданады да, төмендетілген мөлшерлеме 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап, яғни өтіп кеткен кезең үшін де қолданылатын болады.
Бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолдану үшін салықтық кезең күнтізбелік тоқсан болып табылады. Бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілер үшін декларациялар салық төлеушінің орналасқан жеріндегі салық органына есепті салықтық кезеңнен кейінгі екінші айдың 15-інен кешіктірілмей тапсырылады. Бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілер үшін декларацияда көрсетілген салықтарды бюджетке төлеу есепті салықтық кезеңнен кейінгі екінші айдың 25-інен кешіктірілмей жүргізіледі.
Жадыра ЕРТАЕВА